
90 жастағы Сұңғат ақсақал сайлауға келді
Құрманғазы ауданындағы Сафон ауылдық округінде ауыл әкімін сайлау науқаны қарқынды өтіп жатыр. Ауыл тұрғындары бұл саяси науқанда өз таңдауларын жасауда.
Дауыс берушілердің арасында ауылдың ең қарт тұрғыны – 90 жастағы Сұңғат Тұржановтың да болуы ерекше назар аударарлық жайт. Қария сайлау учаскесіне өзі келіп, таңдаған кандидатына дауыс берді.
– Ауылымның болашағына бейжай қарауға болмайды. Әкім елмен етене жақын болып, халықтың қамын ойлайтын адам болуы тиіс. Сондықтан да сайлауға келіп, өз таңдауымды жасадым. Бұл – әрбір азаматтың борышы деп есептеймін, — деді ардагер ақсақал.
Сайлау учаскесінде дауыс беру тәртіпке сай өтуде. Учаскелік сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар белсенділігі жоғары, ауыл жұртшылығы бұл саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен қарап отыр.
Еркеназ ҚАЛИЖАН