5 МЫҢ-ДАЙ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ШЕТЕЛДЕ ДАУЫС БЕРДІ
ОСК деректері бойынша 5 мыңға жуық қазақстандық шетелдегі сайлау учаскелерінде дауыс берді. Бұл шетелдегі сайлаушылардың жалпы санының 42% құрайды. Республикадан тыс сайлаушылардың жалпы саны — 12 016 адам. Сондай-ақ, шетелде 11 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады. 66 учаске жұмысын жалғастыруда. Шетелде дауыс беру барысы туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтып берді. «12 халықаралық ұйым мен 41 мемлекеттен 793 бақылаушы аккредиттелген. Олармен қатар сайлауды бақылауға 236 шетелдік журналист қатысады. Астана мен Алматыда барлық қажетті техникалық құралдармен жарақтандырылған халықаралық байқаушылар мен шетелдік журналистерге көмек көрсету орталықтары ашылды. Бүгін таңертең бақылаушылар өз спикерлерін брифингтер мен конференциялар режимінде ұсынады» деді Роман Василенко. Шетелде дауыс беру Сан-Францискода (АҚШ) 20 наурызда Астана уақыты бойынша сағат 9:00-де аяқталады. Шетелде 62 мемлекетте 77 сайлау учаскесі орналасқан.