Илья ЖАҚАНОВ: «Биылғы сайлаудың мәні зор»

izobrazhenie 2020 12 17 154155 Жаңалықтар

Белгілі композитор,  Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақанов саяси науқанда өз таңдауын жасау үшін Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында орналасқан №8 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келді. Өнер шебері бізбен әңгімесінде кәмелет жасына толғаннан бері бірде бір сайлаудан қалып көрмегенін айтты.

– Осы жасыма дейін талай сайлауға қатыстым. Алайда, бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек. Басты ерекшелігі, кезектен тыс емес, өз кезегімен өтуде.

Сондай-ақ,  тұңғыш рет Қазақстанның Парламенттік сайлау тарихында әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастырылып отыр.

Бұдан басқа, Мәжіліс пен мәслихат сайлауының қатар өткізілуі алғаш рет ұйымдастырылуда. Саяси науқанға қатысып отырған партиялардың тыңғылықты дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне жеткілікті уақыттары болды. Алдын-ала үгіт-насихат жүргізіп, тұрғындарды кеңінен қамтыды. Бірнеше кандидат үйге келіп, партияның бағдарламаларымен таныстырды.

Бүгін міне, осы саяси додада олардың әрқайсысы өзіне лайықты дауыстарын жинайды деп сенемін. Бүгінгі сайлауда барша азамат ынтымақпен, бірлікпен өз таңдауын жасауы қажет. Өйткені, Ақ Жайық өңірі қашан да өзінің бірлігімен, мәдениетімен, тәртібімен ерекшеленеді емес пе? – деді И.Жақанов.


Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз