ЖАЛЫН ЖІГЕР – ЖАСАМПАЗДЫҚ ІСТЕРГЕ!

Руханият

 Енжарлық  етектен тартпасын!..

Кеңесте Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков осы бағытта қолға алған шаруаларды айтып жеткізуге ұмтылды. Жыл басынан бері 3421 жас жұмыссыздар есебіне алынған. Оның 902-і тұрақты, 500-і ақылы қоғамдық жұмысқа орналастырылыпты. 760-ы кәсіби қайта даярлау курсына жіберілген. Бұл орайда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің пайдасы ерекше екендігіне қала басшысы ерекшелеп тоқталды. Осындай шараға қатынасқан 283 жұмыссыздың біразы  жұмыс тапқан.

«Ең маңызды мәселенің бірі – жастарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау болып табылады» деді Серік Кенғанұлы. Жергілікті бюджеттен 19 млн. теңге бөлініп, 20 мыңға жуық студентке әлеуметтік жәрдемақы төленуі, қоғамдық көліктерде жеңілдетілген жолақымен жүруіне мүмкіндік жасалып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларындағы 33 балаға оқу гранты тағайындалған. Биыл қала әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің төрт отырысында 12 мәселе қаралған. Үкіметтік емес ұйым, өзге де құрылымдармен бірлесіп сексенге жуық шара өткен, оған жеті мыңнан астам адам қатынасыпты. С.Айдарбеков облыс орталығындағы алты спорт кешенінің халыққа қызмет істейтініне, спорттың 19 түрі бойынша жаттығудың тегін екендігіне айрықшалап тоқталды.

Осы тұста облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов шаһар басшысына нақты сұрақтар қойды. Ол қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру, оған көпшілікті кеңінен тарту мақсатынан туындаған еді. Яғни, Алмагүл, Нұрсая мөлтекаудандарында спорттық алаңдар салу туралы тапсырмасы қаншалықты орындалып жатыр? Оны жүзеге асыруға нендей жағдай кедергі? Бұған қала әкімі Серік Айдарбековтің жауабы сенімді шықпады. Оның айтуынша, Алмагүлден теннис кортын салуға жер жоқ. Ал, Нұрсаяда азды-көпті шаруа бар.

– Қалада жастарды еңбекке кеңінен тарту жайына маңыз берілгені жөн. Қазіргі күні егін егемін, жемісін көремін деген жанға мемлекет тарапынан көмек қаржы беріледі. Бұл жағдай облыс орталығында неліктен ескерусіз қалады? – деген облыс жетекшісінің кезекті сауалына да толымды жауап берілмеді.

Әңгіменің бағытында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мынадай мысал айтты: Оңтүстік өңірлерде біздегідей жайлы жағдай жоқ екендігі белгілі. Мүмкіндігі шектеулі, газы да тапшы. Солай болғанымен, еңбекке ұмтылған жастары жоқтан бар жасап отырған көрінеді. Жылыжай салып, оны көмірмен жылытады. Тірнектеген тірліктерінің арқасында одан мол өнім алады. «Осындай тәжірибені бізде неге қолға алмасқа?» деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Ұсыныс облыс әкімі тарапынан қолдау тапты. Былайғы күндері жоқшылықты айтып, зар жылайтындардың қолдап жұмыс жасайтын кезде саусағын бүгуге ерінетіндері шындық. Кейбір жастардың маңдай терлетіп нәпақасын теруге емес, жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылатындығы сондықтан. Қауіпті діни ағымдардың жетегіне ілесетіндер де осылар екендігі бүгінгі күннің ақиқатына айналып тұр.

– Жылыжай ашып, шаруасын жөндеймін деген жанға бізде барлық мүмкіндік бар. Көгілдір отын желісі келіп тұр. Суды да жеткізудеміз. Тек еңбекке ұмтылушылық қана болса жетеді. Жасыратыны жоқ, қазір кейбір шағын елді мекендерде монша, шаштараз, наубайхана секілді нысандар жоқ. Олар халыққа ең қажетті қызмет түрлері емес пе? Сондықтан, жастармен жұмыс туралы айтқанда өткен шараларды тізбелемей, осындай шаруаларды тілге тиек еткендеріңіз дұрыс болар, – деген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы қала, аудан әкімдеріне тапсырмалар жүктеп, оның орындалысы қатаң сұралатындығын ескертті.

Жастарға – пайызсыз  несие

Жастармен жұмыс тек жастар ісі жөніндегі облыстық басқарманың ғана міндеті емес. Оған, әсіресе, ірі кәсіпорындар айрықша үлес қосуы қажет. Бұл тұрғыдан келгенде кеңес отырысына қатынасушыларға «Қазақтелеком» АҚ-ның облыстық дирекциясының басшысы Ерсайын Дүйсемалиевтің әңгімесі жақсы әсер қалдырды. Бұл ұжымда 1024 адам бар екен. Соның 46 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар.

– Атырау облыстық дирекциясының бөлінген квотасы бойынша Алматы энергетика және байланыс университетінде қызметкерлеріміздің жеті баласы және сырттай оқу бөлімінде бір қызметкер білім алуда, – деді мекеме басшысы.

Соңғы үш жылда мұндағы 45 маманға 62,5 млн. теңге пайызсыз несие де берілген. Мәселен, қалада пәтер аламын немесе үй саламын деген жасқа 5-8 млн. теңге, ауылдық жерлерде 1-1,5 млн. теңге қаражат бөлінеді екен. Мұндай мырзалықты облыстағы алпауыт мұнай компанияларының өзі жасай бермейді. Сондықтан, облыс әкімі байланысшылардың оң тәжірибесін көпке үлгі етті.

Әскерге дайындық қандай?

Оқушылар мен студенттерді әскери қызметке даярлау, алғашқы әскери дайындықты ұйымдастыру және оқу-материалдық базасын қалыптастыру мәселесі де маңызды. Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Ардақ Кукатов бұл саладағы қордаланған проблемаларды санамалап берді. Бастысы, оқу орындарында маман жетіспейді. Бұрын әскери жетекшілер міндетін арнайы даярлықтан өткен, оқытушылық тәжірибесі бар офицерлер атқаратын еді. Әрі олар білім ошақтары басшыларының орынбасарлары болып та саналатын. Ал, қазір әлгі қызметтің мәртебесі тіптен төмендеп кеткен. Департамент басшысы осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында нақты ойларын ортаға салды. Олар негізінен қолдау тауып, тиісті тапсырмалар берілді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған