ҚЫПШАҚТАР

Әсіресе, олар жаңа елдерді жаулап алғанда, жаңа жерлерді игергенде де осы дәстүрді берік ұстады. Осындай кезеңдерде олар өздерінің жүгенсіздігімен кентавр атанған замандастарына қатты ұқсайтын. Көшпелі халықтың осы кезеңін бейнелейтін ешқандай археологиялық ескерткіш қалмаған, тек айдаладағы қорған-обалар, зираттар ғана өткен дәуірден елес бергендей.
Шығыс Еуропада осындай «таборлық» үрдіспен көшуді ІV-VІІ ғасырларда ғұн тайпалары, ал VІІІ-Х ғасырларда аварлар, венгрлер, печенегтер, торкілер, ақырында ХІ ғасырда қыпшақтар да бірте-бірте бастан өткерді. Шығыс Еуропа далаларына енгеннен кейінгі алғашқы онжылдықтардың ішінде-ақ қыпшақтар орыс шекарасын талқандай бастады.

Орыс шежіресі қыпшақтардың бұл жорықтары жайлы көп жазған. Шежіре «қалалар құлап, халықтар жылап, жауларына бас иген» заман болғанын ашына жазады. Қыпшақтар Византияны да тонады. Император Алексей Комниннің шақыруымен печенегтермен соғысу үшін көмекке шақырылған қыпшақтар империя байлығын тонап, ұрлап, талап, сатып өздерімен бірге алып кетті. Қыпшақтар осы кезеңде орыс князьдарының өзара қырқысына, көршілерімен оның ішінде «ляхтармен» шайқасына да қатысты (1092 ж).
Көрші елдерді тонау арқылы баю, шет аймақтарды бағындыруға, жаулап алуға (тіпті, уақытша көші-қон кезінің өзінде де) үнемі бейім тұруы қыпшақтардың сол кезеңде әлі де (таборлық) отбасылық-руластық сатысында болғанын куәландырады. Қыпшақ ордаларының үнемі көші-қон қозғалысында болуы олардың іс жүзінде жау қолына түсуін қиындатып отырды. Бүкіл ХІ ғасыр бойында орыстар ұлан далаға бірде-бір рет бас сұға алмады. ХІ ғасыр шежірелері де бұл тұрғыда жұмған аузын ашпайды. Дегенмен, ХІ ғасырдың алдында дала өмірі саябыр тапты. Қыпшақ көшпенділерінің алғашқы тұрақтана бастауы туралы қызғылықты мәліметтерді тас тұлғалардың көне түрлерін картаға түсіру нәтижесінде байқадық. Бұл құлпытас-тас тұлғалар немесе балбал тастар – қыпшақтардың атақты қолбасыларына, сондай-ақ қайтыс болған ардагер адамдарына қойылған ерекше ескерткіш. Қыпшақтардың мұндай ескерткіштерді өздері көбірек мекендеген жерлерде немесе көші-қон кезіндегі белгілі жол бойларына қойғаны байқалады. Атақты батыр жауынгерлер мен олардың әйелдерінің бейітіне күмбез орнатып, құлпытас қою дәстүрі біздің далаларымызға қыпшақтар арқылы келген. Олардың сібірлік «туыстары» да-қимақтар мен қыпшақтар қайтыс болған адамдарының кескінін тасқа түсіріп, оны шымтаспен қоршаған. Олардың әртүрлі қоспалардан құйылған ерте заманғы сымбат тастары (скульптура) қимақтардың осы тектес ескерткіштеріне қатты ұқсас, киімдерді, бет-әлпетті әсем өрнектеп, оюлап салу қолтаңбалары көп өзгеріске түспей-ақ қимақтардан қыпшақ шеберлеріне көше салған сыңайлы.
Осы ертедегі тас тұлғаларға зер сала отырып, ХІ ғасырда төменгі және Орта Донец жағалауларын қыпшақтар мекендегенін байқаймыз. Көшпелі қоғамның мұндай тұрақтылығы –көшпенділіктің жаңа бір формаға ауысуының алғашқы көріністерінің бірі. Біз көшпенділіктің алғашқы отбасылық, руластық (таборный) түрі туралы айтып өттік. Оның екінші түрі ерте көктемнен қара күзге дейін көшіп-қонып, белгілі бір мезгілде қысқы тұрақты мекендеріне қайтып оралуы болып табылады. Көшпенділіктің үшінші түрі – жан-жақты, бар, бай адамдардың көші-қоны. Кедейлері жатақта қалып, диқаншылық пен қолөнер кәсібін меңгереді. Дегенмен, мұның бәрі құбылмалы көріністер еді. Кедейге кішкене мал бітсе болды, ол бәріне қолды бір сілтеп, кең дала бойымен көше жөнелуге қашанда әзір еді. бес адамнан тұратын отбасының көшіп-қонуы үшін кем дегенде 25 жылқысы бар табын керек болатын. Әйтсе де көшпелі үшін тек қана бір жылқы табыны аздық етеді. Ал бір семіз айғырдың алты-жеті қой мен ешкіге, екі тай мен бір құлынға ауыстырылатынын еске алсақ көш қорамының тым қомақты, көлікті болатынын, ал шын мәніндегі көші-қонның мал-мүліктің көптігімен өлшенетінін айтып өтсек те жеткілікті. Көшпенділер соғыс арқылы байыған тұста олардың арасында көшуге мүмкіндігі жоқ кедейлер мүлде болмайды. Ең қарапайым деген жауынгерлердің өзі мұндайда далада емін-еркін сайраңдап көшіп жүруіне жағдай жасап алады. Сондықтан да, көшпенділіктің үшінші түріне ауысу тек қоғамдағы ішкі құбылыстарға, соғыста жеңіліске ұшырауы, қоныстан мал-мүліктен айырылып қалған жағдайлардан бастау алады.
Қатардағы көшпенділер онша күй талғамайды. Олардың күнкөріс қажетіне тек жаугершілік жорықтары ғана емес, өздерінің хандары мен билік басындағылардың, ру ақсақалдарының қаумалап аң аулау салты да демеу болатын. Алайда, қыпшақтардың соғыспаған кездерінде не болса сонымен, тіпті өлексемен, атжалман, саршұнақтармен қоректенгенін, тіпті орыстың монах шежірешісі ғана емес, жай шаруаның өзі де жиіркенетін мақұлықтар жейтін кездері де болғанын жазады.
Бүкіл ХІ ғасыр бойында қыпшақтар көптеген жерлерді басып алды, ел тонады, тұтқынға алды. Сөйтіп, кең далада көше жүріп, жаңа мекендерін игере бастады. Қыпшақтарға өздері басып алған жерлердегі ыңғайлы қоныстарды, қысқы-жазғы жайылым жерлерін, аң аулау, балық өндірісін, сонымен бірге ұланғайыр даланы ерсілі-қарсылы кезіп жүрген болғарлар мен орыстардың сауда керуені жолдарын, су жолы қатынасын жақсы меңгере білуі, игеруі керек еді. Дала қожайындары алым-салықтан өздеріне орасан пайда түсетіндіктен бұл жолдармен жүрген керуендерді талауға рұқсат етпейтін. Шамасы, бұл жолдарды олардың өздері қорғаса керек. Егер бұл керуендерге қауіп төнген жағдайда оған орыс князьдары да белсене араласты. Керуендерінің алдынан шығып қарсы алды, жол бойы бекеттерін қорғады.

ҚАЛЫҢ ШАҢНАН
ХАН ҚЫЛЫШЫ
ЖАРҚЫЛДАП,
ҚАСИЕТТІ БАЙРАҚ ЖАЛТЫЛДАП…

ХІ ғасырдың соңына қарай қыпшақтар Солтүстік Донец кеңістігінде тұрақты қыстақ-қоныстарын орната бастады. Ол қыстақтар белгілі бір қыпшақ ордаларына бағынатын. «Өз жерім, Отаным» деген ұғымдар пайда бола бастады. Бұл жерлерде енді қыпшақтардың ата-бабаларына, аруақтарға арналған құлпытасты күмбездер бой көтерді: рулық-бейіттік қауымдары салына бастады. Көктемгі көші-қон мезгілі белгіленіп, ол осы кездегі балық аулау маусымының басталуымен сәйкестендіріп отырылды.
Біз Азов теңізі маңайында жүргізілген зерттеуіміздің қорытындысында ХІ-ХІІ ғасырдағы қыпшақ балбал тастарының сонша молдығын анықтап қана қойған жоқпыз, сонымен бірге олардың уақытша тұрағы болған жерлердің де «ізіне түстік». Ортағасырлық археологиялық ескерткіштер мен ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы қабірханалардан археологтер, әдетте әртүрлі теңіз балықтарында өте көп мөлшердегі қаңқа қалдықтарын тауып отырды.
Қатаң қыстан қысылып-қымтырылып әзер шыққан қыпшақ ордаларына орыстардың алғашқы жорығы тек далалықтар арасында ғана емес, Руське де кең танымал Урусоба, Алтынопа, Белдуз хандар басқарып отырған Азов теңізі жағалауына қарай бағыттады.
Қыпшақтар қарсылық көрсете алмады. Шайқас басталмас бұрын-ақ жағдайды жіті бағалаған Урусоба хан: «Орыстармен келісімге келейік, әйтпесе олар қырып салады» десе де, жастау хандар Русьтен өздерінің сескенбейтінін, оларды жеңетінін айтып көнбеді. Бұл жаужүректер тобын өзінің батырлығымен аты шыққан Алтынопа хан басқарды. Ержүрек хан алғашқы шайқаста-ақ шейіт болды. Қыпшақ полктерін тас-талқан еткен орыстар мал-мүлікке, тұтқынға қарық болды. Бұл соғыста Алтынопадан басқа 20 хан, оның ішінде Урусоба да қаза тапты. Қыпшақтардың быт-шытын шығарған орыстар бұдан соң да Солтүстік Донец (ол кезде оны орыстар Дон деп те атаған) маңына қыпшақтарға қарсы бірнеше қайтара жорыққа шықты.
1111 және 1116 жылдардағы жорықтар туралы әңгімелерде орыс әскері басып алған қыпшақ «қалалары» еске алынады. Біз қыпшақтар мен печенегтерге дейін бұл жерлерді Хазар қағанатының құрамындағы солтүстік Кавказдан шыққан аландар мен болғар тайпалары мекендегенін білеміз. Маңайында қорған-қоршаусыз бірнеше елді мекені бар Донның оң жақ биік жағалауының иініне болғарлар ақ тастан мықты бекініс салды. Олардың қираған қалдықтары Донец пен Дон бойынан, олардың құйылыстарының сағасынан біздің көп жыл бойғы экспедициямыздың нәтижесінде табылды. Печенегтер ХІ ғасырда көптеген елді мекендерді қиратты, өртеді. Олардың кейбіреулерінде Донецтің орта ағысы тұсында ғана тіршілік белгісі болғаны байқалады. Қыпшақтар өз қоныстарын осы бір ескі елді мекеннің маңайына орнықтырды, ал оларға қарсы князьдар одағын басқарған Владимир Мономах та өзінің негізгі соққысын осылай қарай бағыттады.
Жорықтар жеңіспен аяқталды. Аландықтар орыстарды балықпен, шараппен қарсы алды. Владимир Ярополктың ұлы алан князының суреттеуге сөз жетпейтін сұлу қызына үйленді. Тоналған, үйреншікті қоныстарынан айырылған қыпшақтар Еділ асып, Оралдың арғы жағына қарай жөңкілді. Қыпшақтардың құдіретті хандарының бірі Шарукан дүние салды, ал оның ұлы Отрок өзінің қырық мың қолымен Кавказдағы грузин патшасы Давид-Құрылысшының қол астына кірді. Отроктің осыншама орасан зор құрамасы Грузияда қалауынша көшіп-қонып жүре алмады, былайша айтқанда, оның осынша қайысқан табын-табын малымен ешқайда сыюы мүмкін де емес-ті. Олар Солтүстік Кавказ далаларында көшіп жүрді. (Краснодар мен Ставрополь далаларынан табылған қыпшақ тас тұлғалары, атап айтқанда, осы ХІІ ғасырға тән). Жорықтар мен шайқастарға әрдайым да әзір тұратын жаужүрек жауынгерлер арқылы Давид өзінің күшіне күш қосты.

Орысшадан еркін аударған Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз