ТАРЛАН

Атыраудың күй өнері, маңдайалды домбырашылары туралы сөз болса, алдымен ауызға ілінетіндердің бірі Рысбай Ғабдиев екені белгілі. Мүмкін, бұл оның өмір бойы осы өнерді жан серік етіп, мұрат тұтқаны, соған сай Үкімет тарапынан алған лайықты бағасына да байланысты емес, оның бәрі әу бастан табиғат берген дарын, жан-дүниесіндегі өнерге деген құштарлықтан болса керек. 

 Ол өнерлі ортада тәрбиеленді. Марқұм әкесі Астраханның діни гимназиясын бітірген. Меккеге сапар шегіп, қажы да атанған жан еді.   Бірақ, кеңес үкіметі тұсында  сол өзі тұрған Қызылжар бойында «дін өкілі» деп артына шырақ алып түскенде Қисекең туған жеріне қарай қоныс аударып, Жайық бойына келді. Өзі сүйіп қалаған дін жолын өмір бойы серік етпесе де адамдарды ізгілік пен адалдық, имандылыққа баулыр бұл идеологияны да ол естен шығарып көрген жоқ. Өзінен тараған үбірлі-шүбірлі бала-шаға, немере, келіндері, көрші-көлемдерін осы бағытта тәрбиелеумен болды. 

Қисметолла ағаның өнерге деген көзқарасы да бөлек-ті. Балаларының қай-қайсысына да бесіктен белі шықпай жатып домбыра үйретіп, ел ішіндегі ірілі-ұсақты күйші атаулының алдына апармағаны жоқ. Бәрі де батасын берді, ақыл-кеңесін айтып, алдарынан ақ күн тіледі. Бұл құрметті алғаш иеленгендердің бірі – тұңғышы Ғалымжан. 

Ғалымжан шын мәнінде ғажайып домбырашы болатын. Осындай ағасы бар Рысбайдың да қолына домбыра алмауы мүмкін емес еді. Әуелгіде әлжуаз Рекең Ғалымжанның оң тізесіне отырып алып ылғи да күй тыңдайтын. Келе-келе өзі де сол аспапты тыңқылдата бастады. Бірақ, ағасы сол бір қара еменнен ойған (қазір ол Махамбет аудандық тарихи-өлкетану мұражайында экспонат ретінде сақтаулы тұр) қара домбыраны өзі жолаушылар кезде баланың қолы жетпейтін биікке іліп кететін. Ал, Рысбай болса, оған өлердей ғашық, қолға алып тартсам дейді, аймалап сипағысы келеді. Бірақ, алайын десе қолы жетпейді. Амалсыздан анасына қолқа салады. Мұндайда ана жүрегі әлсіз, қарсы тұрып, қағып тастар күші жоқ, нәзік, соған сай кенже ұлының тілегін үнемі орындап отырады. 

Бірде құлақ күйі келмей  тұрған домбыраны қолға алған ағасы әдейі бұған естірте «Осы күні мен жоқта домбырамды біреулер шұқитын бопты-ау, ол кім екен, сірә?» деп дауыстады. Мұнда үн жоқ. Есесіне асүй жақта жүрген анасы «Ой, құдай-ай, қайдағыны айтады, сенің аспандатып іліп кеткен дүниеңе кімнің қолы жетуші еді, баланы босқа қаралама» деп зілсіз зекіп тастады. Шындығында, бұл зеку емес, амалсыздан ара түсу нышаны болатын.

Уақыт өте Рысбай тек тыңқылдату емес, әлім-берім күй шерту, тіпті домбыраның құлақ күйін келтіретін де дәрежеге жетті. Сайып келгенде, бұл қасиет әкесі Қисметолла мен ағасы Ғалымжанды да қатты қуантты. Ертесіне отағасы үйдегі бір мандолинді ауылдағы Есқайыр шеберге апарып, одан қазақы домбыра шаптырды. Сөйтіп, Қисметолла қария әулетіне осы күннен бастап, тағы бір домбырашы қосылды. Ол бүгінгі біз әңгіме жасап отырған әйгілі күйші Рысбай Ғабдиев еді. 

Бірақ, Рысбайды үлкен өнерге баулыған Ғалымжан ағаның ғұмыры ұзаққа бармады. Педучилище бітірген ол біраз уақыт қазіргі Балықшы, Махамбет аудандарының халық ағарту орындарында жемісті еңбек етіп, 1945 жылдың көктемінде бар-жоғы 26 жасында дүниеден озды. Рысбайдың күй әлеміндегі бұдан арғы ұстаздары сол кезде есімдері елге танылған күйшілер Ғибатолла Мәсәлімов, Шәмшиден Шәріпов, Зәмзәм Есжанова, Қаһада Дәулетовтер болды. Олардың бірі үйге келіп, қона жатып, күй шертсе, екіншілері мектептегі көркемөнерпаздар үйірмелерін басқарды, үшіншілері қолын байқап, ақыл-кеңес берді. Сөйтіп, жасы жетіге жетпей жатып, дүйім жұрттың алдында өнер көрсете бастаған Рысбайдың шеберлігі  жыл  өткен  сайын  толысты. Соғыс жылдарында бұл да ағасы сынды Ұлы Отан соғысының отты ортасынан жер ауып келген неміс профессорынан (аты-жөні есінде қалмапты) скрипка тартудың алғашқы сабақтарын алды. Әрине, скрипка қобдишасын оқ тескен сол сазгердің үйретері көп, үлкен маман еді. Әйтсе де  ол  да Жаманқалада жылға жуық тұрды да, артынша басқа қалаға кетіп қалды. Бірақ, шын шебердің үлгілі ісін Рысбай ешқашан ұмытқан жоқ. 

Рысбайдың есінен кетпейтін тағы бір оқиға, ол 1953 жылғы көркемөнерпаздардың республикалық слеті болатын. Сегізінші сынып оқып жүргенде Алматыда ауыл-село көркемөнерпаздарының слеті болып, оған облысымыздағы Зәмзәм Есжанова, Ғабдол Сапин, Ишанғали Жанханов сынды домбырашылармен бірге Рысбайдың да қатысуына тура келді. Бұл жолы ол өзінің күйтабақтан үйренген Құрманғазының Дина нұсқасындағы «Төремұраты» мен Құрманғазының «Байжұмасын» орындады. Әрине, екеуі де керемет, ғажап шығарма. Тыңдарман қауым жылы қабылдады. Құрманбек Жандарбеков, Нұрғиса Тілендиев бастаған сарапшылар алқасының бағасы да өте жоғары болды. 

Олардың айтуынша, бұл орындаған шығармалардың қай-қайсысы да шын мәніндегі Дина күйшінің қолтаңбасы көрінеді. Соған сай Рысбайға тым жастығына қарамастан жеке аспапта ойнаушылар арасындағы бірінші орын беріліп,  қошамет  ретінде  арнаулы диплом мен сол кезде екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін «Звезда» қолсағаты сыйға тартылды. Рысбай осы бір сыйды «өнердегі тұсау кесер таралғым» деп ылғи да мақтанышпен еске алатын. Расында да, сол бір «Звезда» әкелген қуанышы көп, оны естен шығару мүмкін де емес еді. 

Бір қуанышы, аталған жүлдеден соң Рысбай Ғабдиев сол жылы Чайковский атындағы республикалық саз училищесінің домбыра-прима мамандығына емтихансыз қабылданды. Онда домбырадан салмақты сазгер, белгілі композитор Дүнгенбай Ботбаев дәріс берсе, примадан Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестрінің бас концертмейстері Петр Петрович Каннан сабақ алды. Ал, дирижерліктен кейін есімі күллі әлемге әйгілі болған дирижер Фуат Мансуров тәлімгер-ді. Сайып келгенде, бұлардың үшеуі де  ешкімге ұқсамайтын өзіндік тұлғалар. Ал, ондай адамдардан өнеге алу – кім-кімге де ғанибет. 

Р.Ғабдиев училищеде оқи жүріп, сол кезде Ф.Мансуров жетекшілік еткен Құрманғазы атындағы консерватория жанындағы студенттердің қазақ ұлт аспаптары оркестрі құрамында ойнады. 1957 жылы осы оркестрмен Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың Бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Училище бітірген соң екі жыл Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрі құрамында примада ойнаушы және жеке күйші болып еңбек етті. Одан бері де Атырау музыка училищесінде, Доссор балалар музыка мектебінде, Атырау педагогика институтының музыка факультетінде жұмыс істеп, жас ұрпақты халқымыздың күй, жалпы саз өнеріне баулуға үлкен үлес қосты, басшылық жасады. Көбін өз қолымен құрып, аяғынан қаз бастырды, қабырғасы қатайған ұжым қатарына қосты. Өзі де өндірістен қол үзбей Әл-Фараби атындағы өнер институтының оркестр дирижері бөлімін тәмамдады. Алдымен Р.Ғабдиев – күй әлемінде қайталанбас ғажайып күйші. Төкпе күй, соның ішінде Дина күйлерін ондай етіп шегіне жеткізе орындаушы жоқ. Құрманғазы, Есбай күйлерін де шебер орындаушы.

Рысбай Қисметоллаұлының өнер өлкесіндегі тағы бір жарқырай көрінген қыры – ұйымдастырушылық және жай ұйымдастырушы емес, дирижер-ұйымдастырушылығы. Ол әр жылдары Балықшы ауданындағы Еркінқала, Доссордағы Мақат халық аспаптары оркестрлерін ұйымдастырды. Оркестр талай рет республика астанасында, Шымкент, Ташкент қалаларында, Мәскеудің съездер сарайы мен бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің концерт залында өнер көрсетті.

Мақат аудандық халық  аспаптары оркестрі Болгарияда өткен халықаралық оркестрлер сайысына қатысып, алтын медальға ие болды. Сөйтіп, аталған елдің түрлі қалалары аспанында қазақтың ғажайып әндері мен күйлерінің сырлы әуендері қалықтады. Әрине, осындай қадір-құрметке ие болған оркестрлердің негізін қалаған және сондай дәрежеге жеткізген ұйымдастырушы – Рысбай Ғабдиев. Соған сай ол аталған оркестрлердегі әр орындаушы-ойнаушыны ауылдағы түрлі кәсіпорын, мекемелерден іздеп, бір-бірлеп жетелеп әкелді. Олардың ішінде мектеп мұғалімі, автокөлік жүргізушісі, балықшы, малшы, мұнайшы, болат жол бойының бапкерлері, кекіл шашы желбіреген оқушы, бір сөзбен айтқанда, бәрі бар еді. Рысбай оларға әуелі нота үйретті, қала берді қай аспапта ойнайтынын белгіледі. Өйткені,  тек домбырашы атаулымен көп дауысты оркестр құрау мүмкін емес-ті.

Сайып келгенде, оркестр деген аты жеңіл болғанмен оны ұйымдастыру, жұрт тыңдап, дүрілдете қол соғар деңгейге көтеру оңай шаруа емес. Керек десеңіз, қажетті музыка аспаптары мен киім үлгілерін табудың өзі – қай уақытта да  қиынның қиыны. Ол үшін әу бастан ауылдан бастап, аудан, облыс, республика көлеміндегі талай емен есіктердің алдын күтіп, уәдесін алу, қолын қойдырып, қаражат бөлдіру керек. Содан кейін ғана іс оңға басады. Бірақ, еңбек жеміссіз емес.

Рекең өмірінің соңғы жылдарында Қазақстандағы өзіндік өрнек, қолтаңбасы бар кәсіби өнер отауы – Дина Нұрпейісова атындағы тың оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. Сөйтіп, ол жаңа жас ұжымның аяғынан тәй тұрып, қаз басып кетуіне көп еңбек сіңірді. Керек десеңіз, әр өнерпаздың киімі, аспаптары, тіпті орындаушы мамандардың өзін республиканың әр түкпірі, шеберхана, оқу орындарынан іздеп жүріп тапты. Бәріне де тұрмыстық жағдай туғызуға мүмкіндік жасады.

Жаңа кәсіби ұлт аспаптар оркестрі әр уақыт өнерде екі бағыт ұстады. Оның бірі – осы кезге дейін республикамыздағы барлық  өнер  ұжымына  темірқазық болған еуропалық үлгідегі музыкалық аспаптарды кеңінен пайдалану да, екіншісі, туған  халқымыздың көне саздық аспаптарын оркестр құрамына көбірек енгізу, сөйтіп, өнер табиғатын  халықтық  үлгіге  барған сайын жақындата түсу. Сайып келгенде, бұл тәжірибені бүгінгі оқыған-тоқығаны мол, өнерді тани білетін талғампаз тыңдаушы жылы қабылдауда. Соңғы жылдары Д.Нұрпейісова атындағы оркестр өнерде айтарлықтай табыстарға ие болды. Өткен жылы Атырауда өткен күй фестивалінде мың адамдық құрамның негізін осы ұжым  мүшелері   құраса,  аталған шараны өткізу мүмкіндігі де осы оркестр басшылығына жүктелді. Оркестр бір жылда екі рет үкіметтік концертке қатысты. Енді таяудағы уақытта Еуропа елдерінде өнер көрсету үшін қызу дайындық үстінде. Әрине, мұның бәрі Қазақстанның халық әртісі, талай республикалық, бүкілодақтық және халықаралық  байқау, фестивальдардың бас жүлдегері, дүлдүл домбырашы, дәулескер дирижер, профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы Рысбай  Ғабдиев салған үлкен жолдың жалғасы және өнегесі екені белгілі.

Әрине, ғаламдағы қай адамның да мақсаты – алдымен алға қойған мұратына жету, қала берді титімдей болса да істеген ісінің жұртқа көрініп, бағасын алуы. Бұл ретте Рысбайдың өкініші жоқ болатын. Өнердегі әке арманы орындалды. Өзінің де ойлағанының жүзеге аспай қалған кезі жоқ. Осы өнермен есейіп, егде тартты. Қазір ол ортамызда жоқ. Бірақ, туған халқы оны алдымен Дина, қала берді құдіретті Құрманғазының қайталанбас шәкірті деп біледі және сол биікте қалатыны да даусыз. Расында да, Рысбай Қисметоллаұлы  Ғабдиев күй әлемінің жарық жұлдыздарының бірі еді.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз