ТАРИХТЫ ТИЯНАҚТЫ ЗЕРТТЕМЕСЕК…

елімізде дұрыс идеология болмайды
Отансүйгіштік сана-сезімді тәрбиелеуде Қазақстан тарихының алатын орны ерекше. Тарих ғылымының тыңғылықты зерттелуі қоғамымыздың дамуына сүбелі үлес қосатыны анық. Сондықтан да мемлекет тарапынан өткеніміз бен бүгінімізді мұқият саралау үшін салмақты қадамдар жасалуда. Осы орайда біз тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Еуразия» гуманитарлық ғылыми-зерттеулер орталығының директоры Зиябек ҚАБЫЛДИНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырзаның көтерген мәселелері Қазақстанның тарихшыларына өте қатты әсер етті,-дейді ғалым. – Себебі, Егемендік жылдарында мұндай жиналыс болмапты, тарих ғылымы мен білімі осындай жоғары деңгейде талқыланбапты. Атап айтқанда, қазіргі қоғам мен биліктегі азаматтар осы бағытта қордаланған мәселелерді түсіне бастады. Егер де біз тарихты дамытпасақ, оны дұрыс зерттемесек, тарихи сананы қалыптастырмасақ, елімізде дұрыс идеология болмайды. Ал, идеология тұрғысында тыңғылықты жұмыстар атқарылмаса, ертең мемлекетке әр жақтан теріс әсерлер зиянын келтіруі мүмкін, теріс ағымдар белең ала бастайды.
– Маман ретінде кадр дайындау үдерісін қалай бағалар едіңіз?
– Бүгінде Қазақстанда тарихтан бакалавр, магистр және РhD докторанттары даярланады. Алайда, бұл тұста кейбір олқылықтар бар екенін айтқым келеді. Мәселен, төрт жылдық бакалавриаттағы студенттерге барша Қазақстан бойынша 60 қана мемлекеттік грант бөлінеді. Осы орайда еліміздің әр өңіріндегі оқу орындарына грантты иеленген студенттер тараған кезде, бір университетте тарихтан толық топтар жасақталмайды. Бұл тұрғыда топта үш-төрт адам отырса, аудиторияда ұстазға немесе шәкіртке ыңғайсыздау болады. Және осындай ыңғайсыз жағдайдан студентте комплекс пайда болады. Содан кейін тарихқа көңіл бөлмей, осы мамандыққа оқуға түскісі келмейді.
– Ақылы бөлімге түсуге ниеттілер аз ба?
– Бүгінде ата-аналар тарапынан балаларын тарихты ақылы негізде оқытуға құлшынысы көңіл көншітпейді. Мен бірнеше жылдан бері қабылдау комиссиясына қатысып келе жатырмын. Сонда аңғарғаным, тарихтан ақылы топқа ата-аналары балаларын жібергісі келмейді. Олардың пайымынша, бұл мамандық бойынша балалары ертең мектеп мұғалімі болып, шектеліп қалады. Сондықтан да ата-аналар көбінесе заңгерлік, экономика мамандықтарына талпынады. Осы орайда топтағы студент саны бойынша жағдайды өзгерту керек. Бұл тұрғыда грант көлемін көбейту қажет немесе Қазақстандағы алты-жеті жоғары оқу орнына ғана тарихшыларды дайындауға рұқсат беріп, топтастыру керек деп санаймын. Осылай жасамаса болмайды, өйткені кейбір оқу орнында тарихшыны даярлауға лицензиясы болғанымен, топқа бір ғана бала келеді. Ал ақылы бөлімнің жағдайын жаңа жоғарыда айтып өттім.
– Оқулық проблемасы жайында жиі айтылатыны белгілі. Бұл бағытта қандай қадамдарды жүзеге асыру керек деп ойлайсыз?
– Мен 8-сынып «Қазақстан тарихы» оқулығының авторымын. 2008 жылы бірінші басылымы, ал екінші басылымы 2012 жылы шықты. Мектептегі әріптестерімнің айтуынша, екінші басылым жақсылау секілді және болашақта бұдан ары қарай жақсара түседі деп пайымдаймын. Әрине, оқулықтар бойынша көп жұмыс жасау қажет. Себебі, әр сыныптардағы оқулықтарды жазу тілі күрделі деген сындар жиі айтылады. Сонымен қатар екінші мәселе – мектеп сыныптарында ол кітаптардағы тақырыптардың бір-бірін қайталауға байланысты. Сондықтан бір орталықтан бір-ыңғай стандарт жасау керек. Бұл тұрғыда тақырыптар мен мазмұны, мағынасы қайталанбауы тиіс.
Бұдан басқа, оқулық жазатын авторларға гонорар көлемі төмен. Менің білуімше, бізде 5-7 пайыздан асырмайды. Еуропа мен АҚШ-та оқулық үшін гонорар 15-20 пайыздан асады. Қаржының қомақты бөлігі тендерді ұтып алған баспаларға бағытталады.
– Тарихи тұлғалардың туған жылына байланысты немесе тарихи оқиғалардағы сандарға қатысты талас-тартыстар болып жатады. Ұлттық тарихта бұрмаланған тұстар көп пе?
– Мәселен, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, сондай-ақ басқа тарихи оқиғалар жайында әртүрлі сандар келтіріліп жатады. Осы бағытта әлі де нақты зерттеулер жүргізу керек. Бұл тұрғыда мен украиндықтардың тәжірибесіне тоқталғым келеді. Оларда бес-алты жыл бұрын ашаршылық нәубетін зерттеу аясында мемлекеттің әр облысы мен ауылдарында санақ жүргізу үшін арнайы комиссия жұмыс істеді. Сонда қанша адамның өмірі қиылғанын, әр азаматтың аты-жөні, жасы, қаза болған күні туралы толық ақпарат жинап алды. Осы орайда бізге де елді мекендерді аралап, өлкелік мұрағаттардың деректерін пайдаланып, қариялардың есінде қалған мәліметтерді алып, хрестоматиялар шығару керек.
Тарихқа құрметпен қарауға итермелейтін тетіктері көп. Бұл жерде мен АҚШ-тың тәжірибесіне тоқталғым келеді. Олар жауапты мемлекеттік қызметке қабылдауға дейінгі сынақтағы сұрақтардың 25 пайызын АҚШ-тың тарихымен байланыстырады. Егер азамат өзінің тарихын білсе, мемлекеттік қызметке тартылады. Өкінішке қарай, бізде соңғы жылдары ғана осы мәселе көтерілуде. Әрине, заңдарды, бағдарламаларды білу керек, алайда егер азамат тарихын білмесе, онда қызметке дұрыс бағдар мен болжам жасай алмайтын мамандар келеді.

Руслан ҒАББАСОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз