«ШӨМЕЛЕНІ ШӨБІМ БАР ДЕМЕ…»

Руханият

КӨРШІЛЕРГЕ ҮМІТ
АРТАДЫ

Мәселен, Исатай ауданында қолдағы малды қыстан шығару үшін 67821 тонна пішен және 1943 тонна құрама жем дайындалуы керек екен.
Маусымдық жұмыстарға түрлі маркадағы 70 трактор, 32 шалғы, 27 тіркеме, 15 тиегіш, 12 тайлағыш, т.б. ауыл шаруашылығы техникалары тартылған. Бұлардың барлығы 16 бригадаға топтастырылған. Тарқатып айтсақ, кезекті «Жасыл орақ» науқанына Қамысқала селолық округінен 9, Тұщықұдықтан 8, Аққыстау, Жанбай, Нарын, Исатайдан бір-бірден шаруа қожалықтары және жекелеген тұрғындар қатыстырылуда.
Дегенмен, ауданда шабындық жерлердің тапшылық етуінің салдарынан, басқалай да объективті себептерге байланысты қажетті азық қорын толықтай жасақтап алудың мүмкіндігі жоқтығын да мамандар жасырмады. Яғни, 67821 тонна мал азығының 40 пайызы ғана өңірдің өзінде дайындалса, қалған 39710 тоннасы немесе 60 пайызын көршілес аудандар мен облыстардың аумағынан әзірлеп алуға тура келетіндігін, өткен қыстан қалған 1638 тонна пішенді есепке алғанның өзінде де қолдағы қордың аздық ететінін алға тартты.
Ауылдағы ағайынның бірқатары Жайық бойындағы «Жамбыл» өндірістік кооперативіне сұраныс беріп, мұндағылармен Кеңөзек селолық округінің жерінен әзірлеген қыстық шөбінің бір орамасын төрт мың теңгеден сатып алуға уағдаласып та қойған.

МАХАМБЕТТЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

Бүгінгі таңда Махамбет ауданында 32000 бас қой-ешкі, 14300 бас мүйізді ірі қара, 3200 жылқы және 3000 бас түйе түлігі бағылады. Барлық санаттағы шаруашылық құрылымдары мен жекелеген шаруа қожалықтарының иелігіндегі осынша малға қажетті қыстық азық қоры 47400 тоннаны құрайды. Өңірдің өз аумағынан мал азығын дайындау мақсатында ауданда жеті бірдей шаруашылық ұжымы көпжылдық беде шөбін (жалпы ауданы 460 гектар) өсіруді қолға алған. Олардың қатарында «Бірінші Мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін, «Мекен», «Салтанат», «Биғалиев», «Ибрагим», «Қуатов» және «Мүтиев» шаруа қожалықтарын атауға болар еді. Сонымен қатар, 183 гектарға құнарлылығы жоғары көп жылдық жоңышқаның тұқымы егілсе, оның да дені «Бірінші Мамыр» ЖШС-нің еншісінде екен.
Мұның сыртында былтырғы жылы 560-570 гектар көлтабанды алқапқа су шығарылса, бұл көлем биыл одан да көбейген. Сөйтіп, Шодыркөлдегі 844 және Көздіқарадағы 400 гектар табиғи шабындық сумен толтырылған. Егер, ойлағандай болып жатса, тек осы көлтабанды жерлердің өзінен 5600 тоннадай сапалы мал азығы дайындалады деп күтілуде.
Әйтсе де, мұның өзі ауданда мал азығына деген қажеттілікті толықтай қанағаттандыруға мүмкіндік бермейтіні де белгілі. Осы орайда шаруа қожалықтары Қызылқоға, «АКС Мұнайгрупп» ЖШС (олардың әрқайсысы 3000-4000 тонна аралығында мал азығын дайындауды жоспарлаған) Құрманғазы, Батыс Қазақстан облысының Жаңақала аудандарының аумағынан шөп шабуда. Құрама жем (4700 тонна) мәселесі де сол көршілес облыстың көмегімен шешілмек.

ИНДЕРДЕ ШӨП
ДАЙЫНДАУ – БЕС ПАЙЫЗ

Индер ауданындағы барлық меншік нысандарында есепке алынған мал саны: қой-ешкіден 119413, мүйізді ірі қарадан 21952, жылқыдан 7347 және түйеден 3330 басқа жеткен. Оларды қыстан шығаруға қажетті азық көлемі 52,5 мың тоннаны құрайды.
Білгеніміздей, ауданның өз мүмкіндігі осының 26840 тоннасын немесе 51 пайызын қанағаттандыруға ғана жетеді, 24 пайызы іргелес орналасқан Батыс Қазақстан облысының Жаңақала және Ақжайық аудандарының жерінен әзірленеді, 20 пайызға жуығы дайын күйінде сатып алынады және қалған 7 пайызы (3353 тоннасы) өткен жылғы қалдық пішеннің есебінен құралады деген болжам жасалынған. Нәтижесінде, кезекті «Жасыл орақ» науқанында мұнда барлығы 49147 тонна жемшөп даярлануы тиіс екендігін түсіндік.
Жалпы, аудан бойынша «Жасыл орақ» науқанына тартылған пішеншілер бригадасының саны 10-ның шамасынан аспапты. Сол барының да өнікті іс қылудан гөрі икемсіздік танытып отырғандықтары қынжылтады. Олай деуімізге себеп, күні бүгінге мұнда қажетті деп мөлшерленген мал азығының 5 пайызы ғана дайындалған. Оны азсынсаңыз, биылғы жылы барлығы 110 гектар жерге құнарлы мал азығы болып табылатын көп жылдық екпелі дақыл өсіруді жоспарлаған «Нұрет», «Бірлік» және «Төлес» шаруа қожалықтары, өкінішке орай, оның бірде-бір гектарына шөп тұқымын екпеген болып шықты.
Бір айдан соң күз келіп, қыстың да қыр астынан көрінер шағы таяп қаларын ескерсек, ендігі жерде уақыттың ешқандай найқалу мен жайбарақаттықты көтермейтінін, сылбырлықты кешірмейтінін тағы бір мәрте қаперлегенді жөн санадық. Осындайда, атам қазақтың «Шөмелені шөбім бар деме» дейтін нақылын еске салып қойғанның да артығы болмас, сірә!

Дәулетқали АРУЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған