ҚҰЛПЫТАСТАР ТАРИХТАН ТІЛ ҚАТАДЫ

Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция қызметкерлері М.Жаңабай мен Р.Өтеуғалиевтер облыстың Индер ауданында болып, ондағы «Қабдыуәлі» қорымын зерттеп келді. Әрине, мұндай қорымдар облысымыздың қай жерінде де бар. Дегенмен, неғұрлым көне зираттар шоғырланған осы қорымға мамандардың ерекше назары ауып отыр.

 

«Қабдыуәлі» қорымы Индер кентінің оңтүстік-батысына қарай 7-8 шақырым жерде орналасқан. Мекеме мамандарының бұл қорымды зерттеудегі мақсаты көне құлпытастардағы араб әріпті жазуларын анықтау болатын. Бұдан бұрын да облыс тарихшылары талай рет әңгімелеп, баспасөз  беттерінде  жарық  көрген  Махамбет ауданының Есбол селолық округіндегі «Алтын» қорымы жайынан газет оқырмандары хабардар болуы керек. «Алтын» қорымындағы зираттардың көбісі кесене түрінде салынған. Құлпытастары төрт қырлы, ұзынша болып келеді. Зерттеушілеріміз «бұл жерге жақын маңда арнайы шеберхана болуы да мүмкін» дейтін ойлар білдірген. Ал, мекеме мамандары зерттеген «Қабдыуәлі» қорымы дөңгелек пішінді құлпытастарымен ерекшеленеді.

Биылғы жылы мекеме мамандары дәл осындай зерттеу жұмыстарын Махамбет ауданында орналасқан Беріш-Себек руының қауымы «Алтын» қорымына да жүргізді. Сонымен қатар, осы ауданда орын тепкен хан тұқымдары жерленген «Жаналы» қорымындағы құлпытастар да оқылды.

Қорымға алғаш рет 2004 жылы тарих ғылымдарының докторы С.Е.Әжіғалидың басшылығымен батысқазақстандық кешенді этно-археологиялық экспедициясы зерттеулер жүргізді. Қабдыуәлі аталған қорым үш бөлектен тұрады. Қорымның оңтүстігі мен солтүстігінде қазіргі зираттар, ортаңғы бөлігінде ескі бейіттер шоғырланған. Ортаңғы бөлікте орналасқан тік бағаналы құлпытастардан басқа тоғыз дөңгелек пішінді құлпытас аса назар аудартады:

1. «Ал мархум уал мағфур. Лә иллаһа иллаллаһ. Беріш руы Есенғұл тайпасы Отар бөлімі Шүңірек Мүсірұлы опат 83 жасында».

2. «Беріш руы Есенғұл тайпасы Отар бөлімі Алінғали ағасы Молдағали… Иба Төлеуіш келіні 17 жасында». Жазбалар осылай жалғаса береді.

Барлық құлпытастардағы жазулар мұқалған, уақыт сынына шыдамай өңін қашырып, тіпті кейбіреулерін оқу мүмкін болмады. Бірқатар төрт қырлы құлпытастар бөлшектелініп сынған. Мамандарымыз үшін оларды бір-біріне жақындастыру арқылы қайткен күнде де бір жазудың толық шығуын зерттеуге тура келді. Құлпытастардағы жазу эпиграфикасы, таңбалар, орнаменттік белгілер Атырау өңірінде тас қашау өнерінің кешегі кезеңдерде қаншалықты жетілгендігін аңғартады.

Қорым топографиялық карталарда «Шамыртөбе» аталынып келген. Ал, Қабдыуәлі атауы осы қорымға 1974 жылы жерленген Ұлы Отан соғысының ардагері Қабдыуәлі Әбуұлының есімімен байланысты (5-ші құлпытаста тас қойған Абдуәлі делінген).

Біз облыстық инспекция қызметкерлерінің бір ғана сапарынан зерттелген жайларға тоқталып өттік. Облыс көлемінде мұндай әлі де болса зерттейтін, зерделейтін қорымдар аз емес. Әңгімеміздің екінші бір қыры аталған қорымда бүгінгі ұрпақ кімдер жатқанын білсе екен деген ниет еді. Әйтпесе, қазіргі жұртшылық кешегі ескі қорымдардағы араб жазуларын жете түсіне бермейді. Ескі құлпытастардан бүгінгі тарих туындап жатады. Көнелерге тіл бітсе, тереңдегіміз аршылса, ұлтқа деген сүйіспеншілігіміз артады, рухымыз биіктей түседі.

Гүлжанат

ЖАНДАРБЕКҚЫЗЫ,

облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция қызметкері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз