ХАЛЫҚ МҰҒАЛІМІ

Мұхамеджан Шоңбасов хақында не білеміз?

Атырау аймағында халыққа зайырлы білім беру ісіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мұғалімдер аз болмаған. Солардың ішінде Қызылқоға өңіріндегі мектептерде еңбек еткен Мұхамеджан Шоңбасовтың есімі ерекше атап өтуге тұрарлық.

 

Қасиетті Қызылқоға жері Қарабау елді мекенінде 1887 жылы дүниеге келген ол ауылға ұстаз болып Орынбор қаласындағы екі жылдық мұғалімдер дайындайтын орыс-қырғыз училищесін бітірген соң келеді. Еңбек жолын ауыл балаларына білім беруден бастап, кейін Сағыз уездік жер басқармасына сайланғанымен ол өзінің негізгі саласынан ешқашан алшақтаған емес. Кеңестік мектептерде мұғалім, Қызылқоға ауылдық кеңесінің төрағасы, аудандық білім беру инспекторы бола жүріп, Доссор аудандық білім бөлімінің инспекторы, Гурьев қалалық ағарту бөлімі бастығының орынбасары қызметтеріне дейін көтеріледі. Білім беру ісінде білгір маман ретінде көзге түскен М.Шоңбасов Ганюшкино орталау мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, Кеңөзек орта мектебінде мұғалім, Ракуша орталау мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметтерінде де болады. Елді сауаттандыру мақсатында тынбай еңбек етіп жүрген Мұхамеджан мұғалім 1937-1939 жылдардағы кеңестік басқару жүйесі тарапынан болған жазықсыз саяси қуғын-сүргіндер зобалаңына ұшырайды. Дегенмен, оның ұстаздық еңбегі еленбей қалмады. «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айбынды еңбегі үшін» медалімен және «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталады. Бұл мәліметтерден тыс біздің білетініміз Мұхамеджан Шоңбасұлы Орынбор мұғалімдер училищесіне түсіп оқығанға дейін, сол кезге сай үлкен білім дайындығынан өтеді. Алғашқы бастауыш білім негіздерін 1897 жылы ашылған Қарабау «Қызыл үйінен» алады. Қарабау «Қызыл үйі» сол кездегі патша әкімшілігінің пәрменімен Қызылқоғада ашылған орыс тілінде білім беретін үш «Қызыл үйдің» бірі болатын. Патша өкіметінің Х1Х ғасырдың 60-жылдарында жүргізген әкімшілік реформаларының бір саласы оқу-ағарту ісі болғаны белгілі. Бұл салада патша өкіметінің көздеген мақсаты қалың бұқараны басқару үшін бұрынғы сұлтан, би, болыс тұқымдарынан гөрі жергілікті халық өкілдерінен орысша сауатты ұсақ шенеуніктерді, аудармашыларды, тілмаштарды дайындауды көздеді. Шоңбасов Мұхамеджан бұл мектепте кейін қалың елге танымал болған азаматтар Ғабдолла Махамбетов, Әбіл Ұйықбаев, Аманғали Өстеміров, Мұхамбет Рабаев, Өмірзақ Есмұрзиндермен бірге оқиды.
Айтып өткеніміздей, Мұхамеджан Шоңбасов Орынбор мұғалімдер училищесіне дейін Гурьев қаласында 1877 жылы ашылған екі жылдық орыс-қазақ училищесінде оқып, терең білім алады. Бұл училищені ойдағыдай тәмәмдаған бесаспап мамандарға «Халық мұғалімі» деген лауазым берілетін болған. «Бесаспап маман» дейтін себебіміз – бұл училищені бітіргендер орыс тілін тамаша игерулерімен қатар, орыс тілі, арифметика, геометрия, Ресей тарихы, география, жаратылыстану, көркем жазу, сызу секілді пәндерден де сабақ беруге мүмкіндік беретін терең білім алып шығып отырған.
Мұхамеджан Шоңбасұлы аталған училищеде оқыған тұста қазақ балаларына тамаша ұстаздар шоғыры білім берген. Училище директоры Беликовтың басшылығымен оқу орнында А.Владимирский (Ұлы Отан соғысының батыры, адмирал Владимирскийдің әкесі), С.Меңдібаев, П.Кедров сынды көрнекті педагогтер еңбек еткен. Әрине, ол бұл училищеге оқуға түскенге дейін де өзінің туып-өскен Қызылқоға өңірінде сол кезде өмір сүрген талай-талай өнер мен әдебиет дүлдүлдерімен жүздесіп, солардың тәлім-тәрбиесін алды. Шын мәнісінде Қызылқоға өңірі білім мен өнердің дамуы жағынан тек Батыс Қазақстанда ғана емес, бүкіл исі қазақ жеріндегі айтулы орталықтардың бірі болатын. Болашақ ұстаздық дүниетанымының қалыптасуына өзінің даңқты жерлестері Халел Досмұхамедовтың, Мұрат Мөңкеұлының, Ығылман Шөрековтің, Бала Ораздың, қазақтың Баяны, сазгер Мұхит Мералиевтің, атышулы күйшілер Соқыр Есжанның, Сейтектің, Жантөренің және басқа да әдебиет пен өнер тарландарының ықпалының аз болмағаны анық.
«Халық мұғалімі» Қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейін Кеңес үкіметі үстемдік еткен кездегі педагогтық қызметінде жалпыға бірдей бастауыш білім беру, сауатсыздықты жою, жеті жылдық білім беру жөнінде ұйымдастырылған мемлекеттік шаралардың барлығын да мүлтіксіз орындаған ұстаздар қауымының алдыңғы шебінде болды. Оны біз көрнекті ұстаздың әр жылдары еңбек еткен Жылыой, Ракуша, Кермеқас, Сағыз, Доссор, Ганюшкино, Кеңөзек мектептері тарихынан білеміз. 1921-1929 жылдары Қазақстандағы бастауыш мектеп оқушыларының қатары 172 мыңнан 277 мыңға жетіп, оның ішінде оқуға тартылған қазақ балаларының саны 37,9 мыңнан 99,7 мыңға көбейді. Батыс Қазақстанда мектеп оқушыларының саны екі есе көбейіп, 40 мыңға артқаны белгілі.
ХХ ғасырдың 30-жылдары Мұхамеджан Шоңбасов өзге де мұғалімдермен бірге төмендегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етті. Әрбір ауданда жалпыға бірдей оқудың жұмыс жоспары жасалды, әрбір колхозда, совхозда, басқа да елді мекендерде сегіз – он бір жас аралығындағы балалар мен 12-15 жастағы жасөспірімдердің саны анықталды, ұлты көрсетілді, қазақ халқы отырықшы болып қоныстанған аудандарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл аудандардағы халықтың келешекте қаншалықты өсіп, көбейетіні есепке алынды. Ол үшін аудандық инспекцияның деректері, 1926 жылғы халық санағының мәліметтері пайдаланылды. Мектеп жасындағы балаларды есепке алу материалдары негізінде барлық аудандық атқару комитеттері 1930-1931 оқу жылына қарай бір басқыш мектептері санын бекіткенде, сегіз жастан балалардың бәрін барлық жерде тегіс оқуға тартатындай етті. Кейбір көшпелі және жартылай көшпелі ауылдардың жағдайына сәйкес, бір мектептің қамтитын жерінің аумағын үш шақырымға дейін кеңейтуге рұқсат етілді. Бірақ мұнда да балаларды көлікпен жеткізу, жалшылар мен кедейлердің балаларын тамақтандыруды ұйымдастыру міндет етілді. Соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңдерде де білім саласындағы қиыншылықтар шаш-етектен болса да, қыруар шаруа атқарылды. Қысқасы, сол ауыр кезеңдерде халық ағарту саласында жүргізілген қат-қабат жұмыстардың барлығына да Мұхамеджан Шоңбасұлы мұрындық бола білді. Ол халықтың сауатын ашып, арыз-шағымдары мен хаттарын жазуға көмектесіп, ел арасында үлкен беделге ие болған азаматтардың бірі саналды.
Ұстаздың қызмет еткен жылдарының бәрі бірдей жайма-шуақ уақыт болмай, 1937 жылы оған «алашордашыл» деген айып тағылып, екі-үш жыл мұғалімдік қызметтен қол үзуіне тура келді. Сол кездердің сарғайған мұрағаттық құжаттарынан біз төмендегі деректерді кездестірдік: облыстық мұрағатының «Ерекше құпия» грифімен, 1937 жылдың 13 сәуірінде Гурьев округтік атқару комитетінің төрағасы Орымбаевтың Гурьев округтік халық ағарту ісінің меңгерушісі Цаллаговқа жазған хатында округте жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің арасында антисоветтік элементтердің бар екені айтылып, тізімі жалғанған. Барлығы 40 мұғалімнің ішінде Ганюшкино орта мектебінің мұғалімі Шоңбасов Мұхамеджан туралы былай деп жазылыпты: «По Денгизскому району. Шоңбасов Мұхамеджан, бывший уездный управитель Алашорды, ныне работает в качестве заведующего учебной частью Ганюшкинской средней школы». Бұдан біз көрнекті ұстаз өз халқының жалынды патриоты бола отырып, саясаттан тыс қалмағандығын, керісінше, өзінің даңқты жерлесі Х.Досмұхамедовпен бірге Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесі тапсырмаларын орындағанын да көреміз.

Гүлшат ШҰҒАЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті педагогика кафедрасының аға оқытушысы, педагогика
ғылымдарының
кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз