ЕЛ ЕСІНДЕГІ ЕСБОЛАЙ

Жылыойда «Есболай-Ақкөл» қорымында дулығалы батыр тұлғасындағы сымбатты ақшаңқан кесене тұр. Бұл – өткен жылдың күз айында тұрғызылған Есболай Айтболатұлының кесенесі. Құлсары-Атырау тас жолымен 50 км жүріп, шығысқа бұрылғанда 12 шақырым шамасында, биік төбенің басындағы бұл кесене әдейі бес бағанадан тұрғызылып, оларға Есболайдың бес баласының аттары ойып жазылған. 

 

Олар – Итемген, Көтен, Күшік, Мәймен, Қоныс. Есболай ұрпақтары әулетінің ізгі дәстүрлерін қатаң ұстанған, оның кемінде жеті атасына дейін батырлық, шешендік, билік, байлық үлгісі үзілмей жалғасып келгені анық. Әсіресе, Есболайдың тұңғышы Итемгеннің орны ерекше. Оның балалары ел арасында «Итемгеннің бес бөрісі» атанған.
Итемгеннің Қарасы – Сырым заманында патшаның отарлау саясатына белсенді қарсылық көрсеткен тарихи тұлға. Қараның Есеті – белгілі би, ақын, жырау, алшынның танымал үш Есетінің бірі, Мұрат ақынның ұстазы. Есболай ұрпақтары – жоңғарлармен, Маңғыстау түбегі үшін түрікпендермен болған қанды шайқастарда ажалға қас қақпай тура барған ерлер. Есболайдың шөбересі Құлбарақ – Маңғыстауда түрікпен шапқыншылығына тойтарыс беруде өмірін сарп еткен тұлға, оның бассыз денесі Тигенде жерленген, Маңғыстаудың 362 әулиесінің бірі, ал кескілескен соғыста түрікпендер алып кеткен басы өзге елде, Хиуаның Ишан-қала аталатын бөлігінде, Пахлаван-Махмуд кесенесінің қасына жерленіп, «Бас әулие» атанған екен. Бұл екі жер – үлкен қасиетті орындар. Оларға халық зиярат қылып, құрбандық шалады.
Ауданның 80 жылдығына арналған «Жылыой жылнамасында» Есболай жөнінде мынадай дерек беріліпті: «XVIII ғасыр, ту ұстап, қол бастаған батыр, әділ би, «Ақтабан шұбырынды» жылдарында халықты тығырықтан алып шыққан айтулы тұлға. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Қаратау мен Сыр бойларына ығысқан Кіші жүз тайпаларын Үш қиянға қайтарып, әр ру, ұлыстарға қоныс бөліп бергендердің бірі. Есболай есімін бұл күндері Әбіш Кекілбайұлы, Берік Қорқытов, Құрал Тоқмырзаұлы, Өмірзақ Озғанбаевтардың шығармаларынан кездестіреміз. Сүйегі біздің ауданымызда, Бекбикенің шығыс бетінде, «Есболай-Ақкөл» атанған жерде». Қысқа да, нұсқа, нақты мәлімет. Енді осы айтылғандарды толығырақ тарқатып, Есболайдың ерлік жолына сәуле түсіруді жөн санадық.
Есболай есімі негізінен Байұлы қауымдастығына жер бөліп беріп, Үш қиянға қайта қоныстандыруға байланысты екенін айттық. «Есболай, кете Әжібай қарай келген, Артынан батыр жары Шотан ерген, Әжібай Сарыарқада қыстап қалып, керелді Есболай бай белгілеген» деген сөз – соның дәлелі. Он сегізінші ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап жоңғарлармен болған шешуші ұрыстарда басымдық алған қазақтар ескі қоныстарына орала бастағаны белгілі. Мұндай ішкі миграцияны тарихымыздың ақтаңдақ беттері десе боларлық, ол туралы жазбаша деректер табу өте қиын. Бұл жекелеген ауылдардың жапатармағай, бытыраңқы көші емес, жоғары деңгейде ұйымдасқан ұзақ та күрделі шара секілді. Оның үстіне бұл жерлерді торғауыт қалмақтары, ал Маңғыстауды түрікпендер иемденіп отыр еді. Сондықтан бұл көш кескілескен ұрыс жағдайында өтті. Ол кезде әрбір ру, тайпалардың өздерін қорғайтын күштері, жасақтары болғаны ақиқат.
Осыншама ірі қауымдастықтарды шашау шығармай, ру жіктерін ажыратпай құс қанаты талатын алыс мекенге қайта қоныстандыру тек Әжібай, Арал, Сәңкібай, Назар, Есболай, Шотан сынды сандаған саңлақтардың ғана қолынан келді. Сөйтіп, ел алдындағы ерен еңбектері еленіп, тарихта мәңгі аттары қалды. Олардың құдандалы-жекжаттығын айтпағанның өзінде, жолдастық қатнастары мықты болған. Халық үшін қалтқысыз қызмет ету барысында топтасып, достасқан сыңайлы. Бір-бірінен ұзақ ажырамай, үзеңгілес, жорықтас, қоныстас өмір сүріпті. Олардың мәңгілік тыныс тапқан жерлері де соны дәлелдеп тұр. Бәрі де осы Жем атырабында жатыр.
Есболай қисапсыз бай болған, Арал бойындағы Борсық құмын, Маңғыстауды, Жем, Сағыз, Ойыл бойын Дендерге дейін еркін жайлапты. Жазушы Құрал Тоқмырзаұлының мәліметі бойынша, Әжібай, Есболай ауылдары 1749-50 жылдары қос өзен аралығын, яғни Нарынды бірнеше рет қыстап шығыпты. Патшаға арыз жазыпты. Бірақ, оң жауап болмаған соң, баса-көктеп кірген сыңайлы. Орыс отарлаушыларымен қақтығыс Есболайдың жер қайысқан малын Жайықтан әрлі-берлі өткізгенде орын алыпты. Ол туралы Әжібай, Есболай аттары орыс құжаттарында жеткілікті сақталған. Қысқасы, 1801 жылы патша Бөкей ханға қос өзен аралығын мекендеуге рұқсат етуін, оның жомарттығы емес, бұл өңірден қазақтардың қандай жағдайда да айырылмайтындығына көзі жеткендіктен деп түсінген жөн.
Сөз жоқ, Әжібай, Есболай, Назар, Шотандар Маңғыстауды мекендеушілердің де басында тұрды. Маңғыстау үшін болған қақтығыстарға Есболай ұрпақтары белсене араласты. Оның немере-шөберелері Құлбарақ, Батырбек, Жапарберді, Жұматай, Көбек, Байтөбет, Кебіс, Құлшарап – сол қанды шайқастардың кейіпкерлері. Есболай мен оның ұрпақтарының ерлік дәстүрі Әбіш Кекілбайұлының «Дуадақ қонған боз төбе» еңбегінде жан-жақты қамтылған. Бұл шығармадан Есболайдан бастап, біз жоғарыда тоқталып өткен Итемген, Қара, Есет есімдерін кездестіре аласыздар. Ал, Есболайдың жеке басының еңбегі де оның қандыкөйлек жолдастарының қатарында жоғары бағаланыпты. Оны жазушының мына сөздерінен байқай аласыздар:«Ал Есболай, Әжібай, Есек, Атақозы, Шотан, Бердібектердің асқан ерлікпен және табандылықпен Маңғыстауды қазақ қауымына қайта қайтаруы талайлардың талайдан бергі арманы еді». (18 томдық толық жинағы, «Жазушы» баспасы 2010 ж. 10 том, 112 бет).
Бiз – тарихын жоғалтып алған елмiз. Әсiресе, арғы тарихымыз, қазақ ұлтын, мемлекетiн қалыптастыру кезеңiндегi ерен еңбек сiңiрген тұлғалар, санамызға жазылмас жара салған Ақтабан шұбырынды жылдарының ерлерi әлi жалпылама, ертегi сынды. Егемендiктiң туын көтерген заманда оларды насихаттап, халықтың санасына сiңiру, жастарды олардың ерлiк дәстүрi үлгiсiнде тәрбиелеу жағы бiзде жеткiлiксiз. Мысалы, Есболай есімі Атырау облсының энциклопедиясында жоқ. Ал, Ақтөбе қаласында Сәңкібай батырға көше аты берілген, бұл күндері ұрпақтары оның кеуде мүсінін сол көшеге орнатып жатыр. Қызылқоға ауданында қарапайым халықтың Бөкен биге ескерткіш орнату жөніндегі бастамасы әкімдік тарапынан қолдау тауып, үлкен аудандық шараға ұласты.
Ескерткіштер – ел тарихы, халық мұрасы. Соның ішінде халық үшін қасық қанын аямаған ата-бабаларымыз бен аға ұрпаққа орнатылған ескерткіштердің орны бөлек. Бекет атаның кіндік қаны тамған киелі топырақта Жұбан тамы, Ақмешіт, Әжібай-Арал, Құлшан ата, Назар ата, Өтен, Нарынбай, Мәтжан би күмбездерінің қатарын толықтырған Есболай кесенесі ауданымыздың рухани өміріне қосылған баға жетпес байлық, құнды мұра деп есептейміз. Ретін тауып пайдалана білгенге жас ұрпақты отансүйгіштік, ерлік пен бірлікке тәрбиелеу барысында алтын арқау екені қапысыз.

Сабыр ҒАБДОЛКӘРІМҰЛЫ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі.
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз