«Ана сүтінің» ақысы…

14615629236429 Қоғам

Біздің қазақта той көп. Тұрмысымыз тасып, ақшамыз асып жатпаса да, той жасаймыз. Кейде той-томалақ иелерінің таныстары мен ағайындары: «Сонша шашылып неме керек, қарапайымдылау етіп өткізсе де жарайтын еді ғой…» – деп жанашырлық танытып жатады. Бірақ, той болғасын қарапайым өте ме? Әркімнің әртүрлі қызығы дегендей. Кім кім де шақырған қонақтарының көңілді отырғанын, қабақтарына кірбің түспей, риза күйде аттанғанын қалайды. Оның үстіне әр той-томалақтың өзіне тән жөн-жоралғысы болады.

14615629236429

Тағы да сол – дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Әсіресе, екі жастың үйлену тойында түрлі кәде-сый жасалады. Солардың бірі – «ана сүтінің» ақысы. Мұны кейбір отбасы сұратпайды. Ал, абысын-ажындары өзге өңірлерден болған шаңырақ иелері сұратады екен. Бірі «анасына алтын бұйым әкелсеңдер жарайды» десе, екіншілері нақты мөлшерін айтып, ақша сұрайды. Қарап отырсаңыз, ол ақша да аз емес, жүздеген мың теңге!

Ананың баланы өмірге әкелудегі, тәрбиелеп өсірудегі еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Талай шығармаға арқау болған, хадистерде келтірілетін «ана сүтінің» ақысын ешкім өтеген емес. Шындық осы. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз бір сахабаның үш рет қойған сауалына да: «Бұл дүниедегі жылы сөз бен жақсы лебізге лайық адам – ана!»– деп үш мәрте жауап қайтарады. Бұған қоса «Жәннат –ананың табанының астында» деген белгілі хадисі де ананың ұрпағына деген қадір-қасиеті мен өлшеусіз еңбегін еселей түскендей. Таңғалатын жағдай сол – ешкім ешқашан өтей алмайтын «ана сүтінің» ақысын қыз алуға келетін құдалар жақтың ақшалай, не заттай «өтеп» бере алатыны.

«Жақында бір танысымыздың ұлы үйленді. Барынша жөн-жоралғының бәрін жасап барғанның өзінде қыз жақтағы кексе әйелдер «құдағи қоржын» сұрапты. Барған қос құда оны білмейтіндерін айтады. Сонда көршілері: «Қалай білмейсіздер? Ол қоржынның ішіне құдағайға арналған ет, тәттілер, арақ-шарап салынады. Енді біз не ішеміз?!» – деп қоймайды. Осынау «қиын» сәтте кіші құда: «Ішетін адамға төрт кәрзеңкемен әкелген арақ-шарабымыз да жетеді. Алдымен соны тауысып алыңыздар.Сұрап отырған «құдағай қоржындарыңызды» кейіннен де жеткізуге болады ғой. Сіздер де, біздер де көшіп бара жатқан жоқпыз!» – деп әзілдеп, жол тауып кетеді.

Көпті көрген көнекөз аналарымыздың бірі, 88 жастағы исатайлық Мәукеш Шайхығалиева соғыстан кейінгі жылдары елдің жағдайы өте нашар болғанын айта келе:

«Ол кезде бойжеткен қыз бен жігіт бір-бірінің байлығына, ата-анасының тұрмыс дәрежесіне қарамайтын. Өйткені, бәрі бірдей еді. Тек көңілдері жарасса, үлкендердің батасын алатын. Ешкім ешкімге міндетті емес, ешкім ешкімнен ештеңе дәметпейді. Осылайша тұрмыс құрып, түтін түтетіп кеткен қаншама шаңырақ бар! Олардың алды өмірге он-он бес баладан, арты жеті-сегіз баладан әкелді. «Той малы», «Ана сүті» демей-ақ бақытты өмір сүрді. Меніңше, осындай дәстүрсымақтардың бәрі байлықтан, барлықтан, бәсекеден, ақырында, құр дарақылықтан шығады. Ал, дұрысында, жастардың бақытты өмір сүруі қолдан жасалып жатқан «дәстүрлерге» еш қатысы жоқ. Санасы бар ұл мен қыз алған-бергенсіз үйлесіп, жарасымды өмір сүреді» – дейді.

Жүре берсең, көре бересің. Құлсары қаласының тұрғыны, үш бірдей ұлдың анасы Нұрыш Сағынғалиеваның әңгімесі тіпті таңғалдырды: ол жақта «әке ақысы» бар екен! «Той малына» малы барлар ірі қара мал береді. Малы жоқтар ақшалай береді. Оның өзі 200 мың теңгеден кем болмайды. «Ана сүті» немесе «сүт ақысы» да қыз алатын әулетке кейде қаржылай, кейде заттай беріледі. Бір-бірінен асып түсуге құмар ағайындар жүздеген мыңды осыған шашады. Егер заттай болса, алтын сақина мен сырға, кілем, құндыз тонмен өтейді. Құдасы барлар «әке ақысын» табыстайды. Оның өзі ірі мал, болмаса жүздеген мың ақша…» – деп өз сөзін сабақтады Нұрыш.

Аталарымыз «Патшаң соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деп өте орынды айтқан.  ьБіз қанша жерден осындай шашпашылдыққа бармайық десек те, өзіміз қаламасақ та, ұлдарымызға жар алып берер кезде, бәрібір, осыған ден қоямыз. Өйткені, қай ата-ана да жаңа құдалар жаққа «шық бермес Шығайбай» атанғысы келмейді. Бастысы, балаларының арасына сызат түспесінші дейді.

Ал, бар саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ҚР  білім  беру ісінің үздігі Сәбила Жұмаева үйдегі ұл мен қыз өз ата-анасына еліктейтінін, барынша солардың айтқанын заң көретінін айтады. «Бұдан шығатын қорытынды қандай? Ол мынадай: қандай жағдайда да ата-ананың ойы мен пікірі, ұстанымы дұрыс болу керек. Сол кезде болашағымыз ойлағандай болады» дейді ардагер ұстаз.

Иә, шынымен де, қазақтың той өткізу тәртібі мен салт-дәстүрі жыл сайын, тіпті ай сайын құбылуда. Осынау жаңалықтарды қабылдайын десе – өздері күмәнданады, қабылдамайын десе – құдалар жақтан қысылады. Ақырында «Қойшы, бәрі сөйтіп жатыр ғой!» дейді. Ал, өзіміз тілдескен ақылгөй аналардың біразы «Біз де бірнеше қызды ұзатып едік. Бірақ, ешқайсысынан «ана сүтінің», не «әке еңбегінің» ақысын сұрамадық.   Сол себепті, мұндай ұятқа қалдыратын салт-дәстүрлердің тамырына балта шапсақ, дұрыс болар еді. Бір сөзбен, қазіргідей күнде мұндай салтты қолданудан ұялуымыз керек!» десе, «Күміс алқалы» ана Қалиса Ележанқызы: «Меніңше, бұл дәстүр қыз баланы бағып-қаққан ананың еңбегін бағалау үшін «өлмеуі» керек» – дейді. Ал, сіздің ойыңыз қандай, қадірлі оқырман, пікір қоса отырыңыз.

Лиза Сейтімова

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз