АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ

Руханият

– Сағынбай Бейбітұлы, Мемлекет рәміздері – ел тәуелсіздігіның басты нышандарының бірі. Осы ретте ол қалай ұлықталып жүр?
Рәміз – ол біздің тарихымыз, жүріп өткен жолымыз. Ол – ұлттық намысы­мыз­ды айқындайтын басты құндылық. Сондықтан да, әрбір қазақстандық азамат елінің Туын, Әнұраны мен Елтаңбасын құрметтеуі тиіс. Егемен елді рәмізсіз елестету мүмкін емес. Мәселен, жер бетінде қанша мемлекет болса, оның әрқайсысының өз рәміздері бар. Рәміз әр халықтың ерекшелігін айқындайды. Халықтың мәдениетіне қарап, ұлттық рәміздерін қаншалықты сыйлау деңгейін анықтауға болады. Сондықтан, мемлекеттік рәміздерімізді қадірлей білсек, біздің де мәртебеміз асқақ болады.
Еліміздің айбыны бүгінде біршама асқақтауда. Халықаралық іс-шаралар мен әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарда Қазақ елі өркениетті, алпауытты елдермен бірге иық тіресіп, талай рет Әнұранымыз шарықтап, көк Туымыз желбіреді. Алайда, бұл – рәмізге деген құрмет осымен шектелді деген сөз емес. Жастар арасында патриотизмді қалыптастыру қашанда күн тәртібінен түспеуі тиіс. Мектептер мен жоғары оқу орындарында Мемлекеттік рәміздерді кең көлемде насихаттап, олардың артында қандай тарих, қандай наным-сенім, қандай мән барын қамтуға арналған арнайы сабақтар дайындалса деймін. Ал, азаматтардың бойында мемлекеттік нышандарға деген құрмет сезімін қалыптастыру жағынан Қазақстанға әлемдегі өркениетті елдердің тәжірибесін біртіндеп енгізген жөн. Мәселен, Швеция көшелерінде кейбір үйлердің терезесінде Ту ілініп тұрады екен. Демек, сол үйде мейрам болып жатқанын, сол арқылы қуаныштарын халқымен бөлісіп жатқанын білуге болады. Осы секілді әр азамат рәміздерге аса құрметпен қарағаны жөн.
– Рәміздер күнінің маңызы мен мәнін қалай арттырған жөн?
– Рәміздеріміз 1992 жылы бекітілгенмен, «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Заң 2007 жылы қабылданған болатын. Сол Заңға сай 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде белгіленді. Осыдан бастап рәміз­дерге ерекше назар аударылып келеді. Алайда, рәмізді ұлықтап, құрметтеу тек бір күнмен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Яғни, жастардың бойынан Отанға деген сүйіспеншілікті оятатын іс-шаралар орындалып, патриоттық әндер, әдеби көркем фильмдер жарық көріп, ұлтымызды дәріптейтін туындылар жыл бойы көрсетілсе деймін. Әйтпесе, белгіленген бір күн ғана жұмыс жасалып, қалған күндері патриоттық тәрбиеде жұмыс істелмесе, тағы бекершілік екені түсінікті.
Департамент Рәміздер күнін қалай атап өтеді және насихаттау бағытында қандай іс-шаралар жүзеге асуда?
 – Бұл күні ең алдымен мемлекеттік қызметке жаңадан орналасқан жас қызметкерлердің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мемлекеттік әкімшілік қызметші антының мәтінін және Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің ант беру тәртібін бекіту туралы» Жарлығына сәйкес ант қабылдау рәсімін өткіземіз. Сол жиында көк Туымыз бен Әнұранымыздың, Елтаңбамыздың әрқайсысының терең мағынасын, қадір-қасиетін түсіндіретін баяндамалар оқылып, слайдтар көрсетіледі. Бұл – біздің дәстүрге айналған шарамыз.
Ұлт болу үшін бірінші шарт – ана тілі болуы керек. Бұл ретте әділет органдарының іс-қағаздарын рәсімдеуі мемлекеттік тілде жазылып, рә-міздердің қолданылу тәртібі аса жауапкершілікпен қаралады. Бұл күн тәртібінен түскен емес. Мұны өзге де мемлекеттік органдар өз күн тәртібінен түсірмейді деп сенемін.
– Сөз соңында айтарыңыз…
– Ең алдымен, ел тыныштығын, Тәуелсіздігіміздің баянды болуын тілеймін. Барлық қазақстандықтар бірлік пен татулыққа үндейтін қасиетті рәміздерімізді ұлықтап, оны кейінгі ұрпақ мәңгілік мақтан етерлік елдігіміздің символы ретінде жеткізсек деймін. Мереке құтты болсын!
Сұхбатты жүргізген Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.