АВСТРАЛИЯ

Даңғыл жол

Сонымен, әлемдегі ең озық дамыған елдер, біріншіден, ғаламдық экономикадағы салмағымен өлшенеді. Статистикаға сүйенсек, осындай озық елдерде бүгінде әлем халқының небәрі он бес пайызы ғана өмір сүреді екен. Бірақ, солай бола тұра, ол мемлекеттерде жалпы өнімнің жартысынан көбі өндіріледі.

Сондай-ақ, дамыған елдер жоғары өмір сапасымен де, капиталдың айтарлықтай қорымен де ерекшеленеді. Табыстың тең дәрежеде бөлінуі, экономиканың негізінен әлеуметтік ахуалды сауықтыра түсуге бағытталуы да осындай елдерге тән. Бұл мемлекеттерде капитал негізінен ғылымға, медицинаға, қоршаған ортаны қорғауға салынады. Cәйкесінше, бұл бағыт дамыған елдерді экономикадағы өнімдерді ғана емес, капиталды да экспорттаушы алып мемлекеттерге айналдырып отыр. Еңбек өнімділігінің айтарлықтай жоғарылығы да бұл мемлекеттердің мерейін үстем етуде.

Дамыған елдердің талассыз көшбасшысы ретінде бір ғасыр бойына азуын айға білеген АҚШ аталып келген еді. Алайда, соңғы жылдардағы экономикалық дағдарыстар мен дамушы мемлекеттер қатарының күрт өсуі сынды факторлар бұл елдің ғаламдық экономикадағы салмағын белгілі бір дәрежеде төмендетіп жіберді. Қызығы сол, сарапшылар бүгінде «отыздықтың тізімін Қытаймен жалғауға болады» деп есептейді. Оған себеп бұл елдің ішкі жалпы өнімінің жыл сайын 15 пайыздық өсіммен тұрақты дамып отыруы болса керек.

«Ақылды  адам» қалай  пайда  болды?

Ғалымдар «ақылды адам» деп атайтын алғашқы адамдар шамамен 2,5 миллион жыл бұрын Африка жерінде пайда болған деседі. Антрополог-ғалымдар біз сөз етіп отырған «ақылды адамдардың» ата-бабаларына қарағанда әлдеқайда естірек болғанын айтады.

Кейін питекантроп, синантроп деп аталатын адам түрлерінің пайда болғандығы тарихтан белгілі. Сырт пішіні маймылға ұқсас болғанымен, адамзат баласына тән көптеген қабілеттерімен ерекшеленген бұл адамдар шамамен миллион жыл бұрын өмір сүрген екен. Міне, осы кезеңнен бастап адамзат атаулының даму дәуірі басталған. Алғашқы адамдар туралы неге мұнша санамалап отыр деп ойларсыз? Өйткені, алғашқы адамдар кезінде Еуропа мен Азияны ғана емес, «Темірқазықтың» бүгінгі санының басты тақырыбына айналып отырған Австралия жерін де мекен еткен екен.

Ғалымдардың пайымдауынша, шамамен 35 мың жыл бұрын аталған аймақтарды мекен еткен алғашқы адамдар еңбек етуге деген қабілетімен, аң аулаудағы шеберлігімен ерекшеленіпті. «Бұл адамдар маймылға аса ұқсас бола қойған жоқ. Олар бірігіп, топтасып өмір сүруге бейімделді. Бір-біріне көмектесіп, әлсіздерін қорғады. Қолмен еңбек етуді үйренді» деп жазады ғалымдар.

Елдің  тарихы

Австралия әлемге ең алғаш рет 1606 жылы белгілі болды. Оны голландиялық «Duyfken» кемесінің капитаны Биллем Янсзон ашады. XVII ғасырда голландиялықтар дүние жүзінің картасына Австралияның батыс және солтүстік жағалауларын Жаңа Голландия деген атаумен енгізді.

1770 жылы Джеймс Кук Австралияның шығыс жағалауын ашып, оны Жаңа Оңтүстік Уэльс деп атайды да, жаңалығын Ұлыбритания жері деп жариялайды. Қызығы сол, бұл ел де Австрия секілді қилы-қилы замандарды бастан өткерген. Американдық колонияларынан айырылып қалған Ұлыбритания бастапқыда Австралияны айдалып келген қылмыскерлердің колониясы ретінде пайдалана бастайды. Сидней, Порт Филипп, Брисбен сынды Австралияның бүгінгі ірі қалаларының негізі кезінде айдаудағы қылмыскерлердің колониялары ретінде қаланған. 1828 жылғы халық санауы Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының халқының тең жартысының қылмыскер болғанын көрсетіп отыр. Осылайша, түрлі саяси қыспақтарды бастан кешірген кезіндегі колония 1901 жылдың 1 қаңтарында Австралия Одағының құрылуына қол жеткізеді. 1907 жылы Одақ Британ империясының доминионы мәртебесін иеленеді. Ұлыбританияның Австралияға үстемдігі екінші  дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін жалғасты. Өйткені, соғыс жылдарынан соң, әсіресе Азиядан иммиграциялық көрсеткіш деңгейі көтеріліп, нәтижесінде Австралиядағы демографиялық ахуал күрт көтеріліп шыға келді. Бұл жағдай өз кезегінде елдегі барлық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына әсер етті. Қазақ елі үшін 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тәуелсіздік бастауы болғаны белгілі. Сөйтсек, бұл дата Австралия үшін де аса қастерлі саналады екен. Өйткені, бұл жылы Австралия Акт қабылдайды. Құжаттың маңыздылығы сол, аталмыш Акт арқылы Ұлыбритания парламенті мен сотының Австралия штаттарындағы парламенттер алдындағы үстемдігі жойылады. Осылайша, екі ел арасындағы байланыс біржола үзіледі.

АВСТРАЛИЯ

Ресми атауы – Австралия Одағы
Орналасқан аймағы – Австралия материгі мен Тасмания аралында және Үнді, Тынық мұхиттарының көптеген кішігірім аралдарында орналасқан
Территориясы –  7 692 024 шаршы километр, көлемі жағынан әлем бойынша алтыншы орынды алады
Географиялық сипаттама – солтүстігінде Шығыс Тимор, Индонезия, Папуа,  Жаңа Гвинеямен, солтүстік-шығысында Вануат, Жаңа Каледониямен, Соломон аралдарымен, оңтүстік-шығысында Жаңа Зеландиямен шектеседі.
Астанасы – Канберра
Ірі қалалары – Сидней, Мельбурн, Брисбен, Перт, Аделаида
Ресми тілі – ағылшын тілінің австралиялық нұсқасы
Басқару формасы – Парламентарлы Конституционды монархия
Королевасы – Елизавета II
Генерал-губернаторы – Питер Косгроув
Премьер-министрі – Тонни Эббот
Халық саны –  23 миллион 130 мың 931
Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім – 61,137 Австралия доллары (AUD) 
Орташа өмір сүру деңгейі – 82 жас.
Валютасы – Австралия доллары (AUD)

Экономикалық даму  белестері

Кезінде Британияның отары болған Австралия мемлекеті бүгінде озық отыздықтың алғашқы үштігін бастап тұр. Әлемдегі ең дамыған, ең таңдаулы, өмір сүруге ең қолайлы ел саналатын Австралия адами әлеуетті дамыту индексінің жоғарғы көрсеткішімен де ерекшеленіп отыр.  Өмір сапасы, денсаулық, білім, экономикалық еркіндік, адамдардың азаматтық және саяси құқығының қорғалу деңгейлері бойынша да көш бастап тұрған мемлекеттің даму жолы – өз алдына бөлек мектеп.

Сонымен, Австралия тақырдан қалайша тау тұрғызды? Егемендік алған алғашқы жылдардан бастап ел билігі басты табиғи байлық болып табылатын минералды ресурстарды нәтижелі игеруді негізгі бағыт етіп ұстанды. Бүгінде елдің табиғи ресурстық әлеуеті халықаралық орташа көрсеткіштен 20 есеге дейін асып түсіп отыр. Боксит қоры бойынша ел екінші орында болса, уран қоры және өндірісі бойынша Австралия көш басында. Бұдан басқа алтын, алмаз, көмір сынды қазба байлықтардың да едәуір қоры бар. Сондай-ақ, бұл елде қара және түсті металлургия өндірістері, мұнай айыру өнеркәсібі жақсы дамыған. Өңдеуші өнеркәсіп салаларынан металлургия, машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, қағаз және полиграф, ағаш кесу, жиһаз өнеркәсібі, кеме жасау, электротехникалық приборлар құрастыру кәсіпорындары елдің әртүрлі аймақтарында орналасқан.                Австралия билігі кезінде өнеркәсіп саласынан бөлек ауыл шаруашылығын дамытуды да негізгі жолға қойды. Бүгінде агросектор ел экономикасының жетекші саласы саналады. Мәселен, ет экспортынан түсетін жалпы кіріс көлемі 996,5 млн. австралиялық долларды көрсетсе, мүйізді ірі қара экспортынан – 662, қой экспортынан 323 млн. Австралия доллары  түседі екен. Аталмыш елден әлемге тарайтын жүн өнімдері де жоғары бағаға ие. Сондай-ақ, бұл ел жеміс-жидектер мен жаңғақтардың, көкөністердің ірі көлемін әлемдік нарыққа шығарып отыр.

Бастысы сол, өнеркәсіп өндірісіндегі шығарушы сектордың едәуір басымдыққа ие болуы ел экономикасын айтарлықтай алға жылжытып тастады. Соңғы он бес жыл бойына елдегі экономикалық өсім 3,7 пайызды тұрақты ұстап келеді.

Мәдениеті

Австралияның мәдениеті деген уақытта атап өтер бір  ерекшелік – бұл елдің жалпы өмір сүру образы мифологиялық түсініктермен астасып жатыр. Сондықтан, австралиялық аборигендерден бастау алатын әлемнің жаратылысымен астасқан ел мәдениетіне өз алдына бөлек тарих деп қарағанымыз дұрыс.

Аборигендердің сеніміне сәйкес, олардың рухани ата-бабалары аспаннан әлемді ояту үшін түскен. Осылайша, күн, ай, жұлдыз, таулар, өзен-көл ағаштар пайда болып, жануарлармен бірге адамдар да өмірге келген. Міне, австралиялықтардың сурет өнері негізінен осы тақырыпқа арналған. Жартастағы бейнелер тарих қойнауынан хабардар етсе, әндері уақытқа саяхат жасайды. Бір қызығы, австралиялық әндердің мазмұны соңғы елу мың жылда бірде-бір рет өзгермеген екен.

Сәулет өнерінің де бұл елде алатын өзіндік орны бар. Австралияның жергілікті халқы, яғни аборигендер отарлауға дейін аң аулаумен ғана айналысқандықтан, олар жапырақтар мен ағаш бұталарынан жасалған күркелерді паналаумен ғана шектелді. Сол себептен де Еуропадан келгендердің бастапқыда Австралиядан дайын сәулет құрылысын таба алмауы түсінікті де еді. Қызығы сол, Австралияның кей облыстарындағы жергілікті халық күні бүгінде осындай ерекшеліктерді сақтап келеді.

Ал, жалпы аталмыш елдегі сәулет өнері отарлау кезеңінен, яғни 1788 жылдан бастау алды. Фрэнсис Гринуэй (1777-1837) –Австралияның әйгілі сәулетшісі. Бастапқыда бұл елге жер ауып келген архитектордың қолынан Виндзордағы әйгілі Матфей шіркеуі мен Сиднейдегі  қасиетті Иаков ғибадатханасы шыққан. Ол – өзге де тамаша туындылардың авторы. 1912 жылы Сидней мен Мельбурнда көк тіреген ғимараттар пайда болған еді. Кейін бұл елде аспанмен таласқан ғимараттар салуға мүлде тыйым салынды. «Ғимараттың биіктігі кем дегенде 150 футтан, яғни 45 метрден аспауы тиіс» деген заң жүзіндегі шектеу осылайша сәулет өнеріндегі американдық стильдің дамуына кедергі келтірді. Есесіне, Австралияның қай қаласы да қазір «жайылып», кең тыныстап жатыр.  Осылайша, ғимараттардың неғұрлым аласа етіп салынуы Австралиядағы сәулет өнерінің өзіндік ерекшелігіне айналды десек те болады.

Австралия деген уақытта кино саласы туралы жақ ашпай кетуге болмайды. Әлемдегі ең алғашқы толықметражды фильм – «Келли и его молодцы» 1905 жылы осы елде түсірілген. Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кездің өзінде майдан тақырыбына арналған және комедиялық бағыттағы 90 фильм дүниеге келген екен. Алайда, сарапшылар 1920 жылдан кейін Австралияның голливудтық фильмдермен бәсекелестікке төтеп бере алмай, саланы ақсатып алғандығын айтады. Дейтұрғанмен, Австралия бүгінде Оскар Эш, Джудит Андерсон, Сирил Ричард, Эррол Флинн, Мерль Оберон, Питер Финч, Род Тейлор, Мел Гибсон, Джуди Дэвис, Джек Томпсон, Николь Кидман сынды киножұлдыздарымен мақтана алады.

Әлеуметтік  саясат

Халықтың жоғары дәрежеде басыбайлы баспанамен қамтылуы. Австралияны ерекшелеп тұрған негізгі көрсеткіштің бірі – осы. Жалақы мөлшері аса жоғары болмаса да, халықтың материалдық мәселелері жоғары деңгейде шешілген.

Мәселен, 1995-1996 жылдары Австралия халқының 42 пайызы еш қарызсыз алған өз үйлерінде тұрып жатқан болса, 28 пайызы несие арқылы баспаналы болған екен. Бүгінде  бұл көрсеткіш еселеп өскен. Жалпы аталмыш елдің әлеуметтік саясаты әлемдегі ең озық үлгі саналады. Мемлекет көпбалалы отбасыларды, зейнеткерлерді, жұмыссыздарды өзінің толыққанды қамқорлығына алған. Оларға ірі көлемде әлеуметтік жәрдемақылар, субсидиялар, өзге де мемлекеттік көмектер көрсетіледі. Сол себептен де болар, австралиялықтардың көпшілігі жәрдемақыға өмір сүріп келеді. Нәтижесінде халыққа жұмыс қиындықсыз табылуда.

Білім  және  ғылым

Австралиялықтар мектепке бес жастан бастап барады. Толықтай орта білімді алып шығу бұл елде он үш жылды қажет етеді.

 Бірінші жылды оқушы дайындық класында өткізсе, он екі жылы мектеп қабырғасында өтеді. Оныншы сыныпты аяқтаған соң оқушы білімін қалай жалғастыратынын өзі шешеді. Яғни, оған мектепті тастап, университетке түсу мүмкіндігін таңдау беріледі. Ерекше атап өтерлігі сол, бұл елде университетке түсу үшін емтихандар тапсырып, алаөкпе болудың қажеті шамалы. Өйткені, жоғары оқу орнына шәкірттің қабылдану-қабылданбауы оның мектептегі соңғы емтихан нәтижелерімен тікелей байланысты.

Елдегі ғылыми-зерттеулер мен жаңалықтар негізінен өнеркәсіп саласына бағытталған.

Туризмі

Туризм саласы елдің экономикалық секторының жетекші күші саналады. Туризмнен түскен пайда жалпы ішкі өнімнің  3,9% -ын құрайды екен. Соңғы жылдары Австралияға 4 миллионға жуық турист келіп-кетіпті. Деректер шет ел азаматтарының таңдауы көп жағдайда Сидней, Мельбурн, Брисбен және Кэрнс қалаларына түсетінін айтады.

Тамаша табиғатымен және жануарлар әлемімен туристерді тартатын Австралияға бару үшін барлық шет ел азаматтары алдын ала рұқсат алуы керек. Жеңілдік Жаңа Зеландияға жасалыпты. Бұл елмен арада Австралияда визасыз режим орнаған екен. Мұндай режим сондай-ақ, Шығыс Азияның бірнеше елдері мен экономикалық әріптестік және даму ұйымына мүше елдерге де тән.

Демалыс уақытыңызды Австралияда өткізе қалсаңыз, біздің кеңесімізге құлақ түріңіз. Мельбурн Австралияның негізгі коммерциялық, өндірістік және мәдени орталығы болып табылады. Сондай-ақ, бұл қаланың спорт пен мәдениеттің ордасы деген аты да бар. Өйткені, Австралиядағы барлық ірі көлемдегі спорттық және мәдени шаралар негізінен осы қалада өтеді. Қала заманауи сәулетімен, көптеген саябақтарымен, бау-бақшаларымен де мейманын еріксіз тартады. Қаланың ең негізгі орындары ретінде Виктория штатының мемлекеттік кітапханасын, Виктория штатының Парламенті ғимаратын, Корольдік көрме орталығын, Флиндерс-Стрит вокзалын, Федерация алаңын, Әулие Патрик соборын атап өтуге болады.

Туристер таңдауы көп түсетін қалалар қатарында сондай-ақ, Сидней, Кэрнс және Перт қалалары да бар. Сидней қаласы ірі сауда орталығы болуымен, сондай-ақ, тарихи орындарымен, спорттық, мәдени шаралардың көптеп өтуімен ерекшеленсе, Кэрнс жанға жайлы тропикалық климатымен және Коралл теңізіндегі тамаша жағажайымен туристерді магнитше тартады. Жазғы демалысты күнге қыздырынып, естен кетпестей етіп өткізгіңіз келсе, таңдауыңыз осы қалаға түссін. Ал, Үнді мұхитында орналасқан Перт қаласы – тамаша табиғатымен, жасыл ормандарымен ерекшеленетін өз алдына бір бөлек әлем.

Жануарлар  дүниесі

Атап өтерлігі, Австралияның фаунасы түрге аса бай емес. Өйткені, материк пен аралдар сонау ықылым заманнан жер шарының басқа бөліктерінен дара тұрғандықтан, олардың фаунасы да оқшау жағдайда дамыған. Бұл дегеніңіз, Австралияның жануарлар әлемінің басқа елдерге аса ұқсай бермейтінін көрсетеді. 

Жалпы, төменгі сатылы сүтқоректілер мен  қалталы жануарлардың кеңінен таралуы Австралияның жануарлар дүниесіне тән ең басты ерекшелік болып табылады.  Австралия аймағында қалталы жануарлардың 130-ға жуық түрі кеңінен тараған екен. Сондай-ақ, бұл елде құстың 666 түрі мекен етеді.

Тағы бір айта кетерлігі, Австралия қалталы аюымен немесе коаламен мақтана алады. Көбінесе бар тірлігін түнде атқаратын жануардың бұл түрі уақытының денін ағаштарда өткізеді екен. Бар қорегі жапырақ болып табылатындықтан да, коала австралиялықтардың сүйікті жануарына айналған деседі. Сол себептен болуы керек, зообақтарда сәбилер коаламен алаңсыз суретке түсіп, ойнай алады.

Әдетте кенгурудың барлығы бір типті деп ойласаңыз, қатты қателесесіз.  Өйткені, бұл елде кенгурудың өзінің бірнеше түрі кеңінен тараған екен. Мәселен, ағаш кенгуруы Австралияның белгілі бір аймақтарын ғана мекен ететін болса, елдің солтүстік және орталық бөліктері, саванналарының, бұталы тоғайлары мен ашық кеңістіктерінде осы жануардың басқа тұқымдастары мен түрлерін көптеп кездестіруге болады.  Әдетте кенгурулар үйірімен тіршілік етеді екен. Әлемдегі ең алып сұр кенгуру бір секіргенде 10 метрге дейін ұзындықты және 2-3 метрге дейін биіктікті бағындыра алады екен. Бір өзінің ғана табиғатына тән тамаша ерекшелігімен дара тұратын бұл жануардың денесінің ұзындығы құйрығымен қоса есептегенде 3 метрге дейін жетеді. Сондай-ақ, бұл жануардың жартастар мен бұталы нуларды мәңгілік мекен еткен  валлаби кенгуруы деген түрі де бар.

Өкінішке орай, бүгінде кенгурулар қатары мүлдем азайып бара жатыр. Деректер жануардың бұл түрінің күрт азаюына адами фактор мен австралиялық динго итінің себеп болғанын айтады. Оқырмандарымызды таныстыра кетсек, динго иті жирен жүнді, шағын жануар. Кез келген табиғи факторларға өте төзімді, шапшаң әрі ұзақ шабуға икемді келетін бұлар Эйр көлінің маңында кеңінен тараған. Олжасының ізіне түсе отырып, сағаттар бойы шаршамай қуалай беретін динго иті қарусыз адамдарға, әсіресе балаларға шабуыл жасаудан да тайынбайтын көрінеді.

Тұжырым

Бүгінде АҚШ, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен арада тығыз саяси-экономикалық қарым-қатынас орнатқан Австралияның отарлық езгіден  кейін үлкен жетістіктерге қол жеткізуінің негізгі себебін халықаралық сарапшылар мемлекеттің адам капиталын дамытуға айрықша күш салуымен байланыстырады. Яғни, мемлекет баланың мектеп жасынан сапалы білім алуына ерекше көңіл бөлді. Шәкірттің жоғары оқу орындарына қабылдау емтиханынсыз түсуінің өзі баланың білімге деген сұранысты жастайынан сезінуіне жетелейді. Сондай-ақ, отандық ғылымның мемлекет үшін стратегиялық маңызы зор өнеркәсіп саласына бағытталуы да нәтижесінде ел  экономикасын үлкен көрсеткіштерге жеткізіп келеді.

Қосымшаның  редакторы
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Байланыс телефоны: 45-84-01
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз