ӘСКЕР – ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

Мені сонау 1959 жылы Гурьев қалалық әскери комиссариаты шақырып, әскери-теңіз флотында әскери міндетімді атқаратынымды айтты.

 Айдын төсінде әскери борыш өтеу мен секілді дала баласына оңай болмады. Теңізші болудың қандай екенін сол кезде бастан өткердім. Талай қиындықпен бетпе-бет келдік. Деннің саулығы мен мықты дайындықтың арқасында әскери шеберлігімді шыңдай түстім. Сөйтіп, жоғары дәрежелі артиллериялық электрик, Солтүстік теңіз флотының үздігі атандым. Саяси дайындықтан өте жақсы болғаным үшін туған жерге он күндік демалысқа да келіп кеттім. Әскери борышымды ойдағыдай атқарып, өзім секілді жігіттердің алды болғаным үшін мені басшыларым Қызыл Тудың жанына суретке түсіріп, екінші дәрежелі сержант шенін ұсынды.

Зеңбіректен дәлдеп атудан да оқ бойы озық шықтым. Осылайша біз Атлант пен Солтүстік мұхиттарға, Баренцево теңізіне жүздік, Жаңа жер мен Иосиф жері аралдарында болдық. Франция мен Англия елдері арасындағы Падекале бұғазынан да өттік.

Иә, моряк болумен бірге біз қатты әскери тәртіпке үйрендік. Атлант мұхиты мен Солтүстік мұхиттың түйіскен жері салқын су мен жылы судың «кездескен» жері екен. Ол жерде үнемі қатты толқын болып тұратындықтан талай саудагердің кемесі суға батып кеткен көрінеді. Североморск қаласының тұрған жері Заполярье деп аталатындықтан онда алты ай бойы күн шықпай, тағы алты ай бойы күн батпай тұрады. Әрі оттегі жетпейді.

«Теңіз ауруы» талай солдатты қинағанда, мен соған шыдап бақтым. Моряк болып, әскери борышымды ойдағыдай атқарған төрт жыл, екі айда мен барынша ысылған, жан-жақты дайындықтан өткен әскери қызметші болдым. Кейін елге келген соң да талай жұмысқа төтеп бердім. Өзімнің жастық шағымды осылайша еске ала отырып, қазіргі жастардың әскерге баруға құлықсыздық танытатынына ренжимін. Бұрынғыдай екі не төрт жыл емес, бар болғаны бір-ақ жыл емес пе?! Оның өзін де өз еліміздің территориясында өткізеді. Әскерге бармағандықтан ба, бүгінгі жастардың жартысынан көбі әлжуаз, аурушаң, сәл нәрсеге көңілі қалғыш, отбасын асырауға, оларға қамқор болуға еш дайындығы жоқ. Ал, бұл ата-анасына да, өзіне де, әйелі мен бала-шағасына да зиян.     

Сәрсен ЖАРЫЛҒАН,
Атырау қаласы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз