АҚТОҒАЙ ауылының атасы

Құм Нарын. Қазақтың қайсар ұлдары туып, түлеген атамекен. Осынау елге тұлға, өмірге тұтқа болардай азаматтарды қиын-қыстау кезеңдерде құмаршығымен асырап, қатал табиғатымен қайсарлықтарын қайраса, жасыл жазының қоңыржай түндері мен тұма таңдары дархандық дарытқан өңірдің түлектерінің бірі – ауыл шаруашылығы саласының ардагері, шебер ұйымдастырушы, Ақтоғай ауылының атасы дерлік атаққа лайық Атиғолла Жарылғасов.

Ол 1939 жылдың маусым айында Новобогат ауданының Орпа ауылдық кеңесінде қоңыртөбел күй кешкен қарапайым колхозшы шаңырағында дүниеге келіп еді. Әкесі Маңсыров Жарылғас 1942 жылы майданға аттанды. Анасы Қалипаш болса, үлкені 13 жасқа енді ғана толажақ төрт баламен қала берді. Шиеттей балалар үшін әкенің соғысқа аттануы аз болғандай, Қалипаш ана да көп кешікпей Гурьев-Астрахан темір жолы құрылысына жұмысқа аттанып кеткенде балалар үшін жалғыз ғана пана нағашы әжелері болып қалды. Дәуіт атты інісін майдан даласында мәңгіге қалдырып, өзі ауыр дертті болып оралған Жарылғас әке мен ауыр жұмыстарды атқарып, ауруға шалдыққан Қалипаш анаға қол-қабыс ету балалардың міндеті-тұғын. Сол бір ауыр жылдарды ертегідей еске алғанда Атекең:

– Қайран Нарын, егер сол қиыншылық жылдары құм Нарынның құм сағызы, жуасы, қияғы мен құмаршығы болмаса не етер едік, анамыздай асырап, әкеміздей қамқорлаған туған жер, – деп тебіренер еді. – Сол бір жылдары рахатқа бөккен ешкім жоқ, бірақ біздің құм арасындағы ауылымыздан бастауыш мектепке дейінгі қашықтықтық тым ұзақ-ты. Қыстақтан мектепке дейін 18-20 шақырым болса, жаздық жайлаудан отыз шақырымға дейін еді. Ал, оқып көр! Осының салдарынан мен мектепке өте кеш бардым.

Әлі есімде, 1949 жылдың 31 желтоқсанында Гурьев облысында тарихта қалған қатты боран соқты. Әкем ол кезде ешкі бағатын. Сол боранда мал өте көп шығын болды. Біздің бағымдағы жаз, күз бойы борсықтай болып семірген 550 бас ешкі түгелдей қырылып, олардың қаңқалары сарышұнақ аязда «аққала» болып сіресті. Адамдар аш, ал ешкілерді тамақ етуге рұқсат жоқ, қандай қиыншылық, қандай қаталдық, мүмкін, сол қаталдық та қиындықты жеңуімізге септігін тигізген шығар…

Атиғолла ауыл мектебінің табалдырығын 1950 жылы 11 жасында аттап, оны 1960 жылы бітірді. Ел етек-жеңін жинап, болашаққа деген сенім беки түскен кез. Ауыл жастарының арманы – жоғары білім алу. Биік мақсат жолындағы тағы да ерлікке татырлық еңбек, арман, қиялдай болған Алматы! Атекең Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының механика факультетін бітіріп, 1968 жылы «Новобогат» кеңшарында қатардағы инженерліктен еңбек жолын бастады. Көп кешікпей әскер қатарына алынып, кіші лейтенант шеніндегі офицер болып оралды. 1970 жылы «Новобогат» кеңшарында 1972 жылға дейін қатардағы инженер, машина-трактор паркінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.

Білікті инженер-маман, шаруашылық жайын бір кісідей меңгерген Атекеңді 1972 жылы аудан басшылығы қиюы қашыңқырап кеткен шаруашылық – «Забурын» кеңшарына бас инженерлік қызметке жіберді. Бұның келуімен шашыраған техникалар жинақталып, оны тиімді пайдалану, ғылыми-техникалық ілгерілеуге қол жеткізіле бастады. Санаулы уақытта кеңшардың да шаруасы алға басып, тасы өрге домалады. Соның куәсіндей, сол бір жылдары ұжым аяғына нық тұрып, озаттарға берілетін ауыспалы Қызыл Туды иеленді. Орден-медальдармен марапатталғандардың қатары көбейді. Олардың арасында Атиғолланың өзі де бар. Содан болса керек, 1981 жылы жаңадан құрылғалы жатқан «Қазақ КСР-ының 60 жылдығы» деген атаумен ашылмақшы кеңшар ұжымына басшылық жасау міндеті тағы да сынақ мектебінен өткен, жастайынан шыңдалып өскен бұған жүктелді.

Бұрынғы атақты Бақсай ауылының арқа жағында алғашқы үйлердің қазықтары қағылып, болашақ шаруашылықтың орталығы салына бастады. Атиғолла Жарылғасов енді директор ғана емес, әрі прораб, әрі сәулетші, әрі көші-қон шаруаларын реттеуші, үйлестіруші болды. Осы күнгі Ақтоғай аталып, Махамбет ауданының бір селолық округі болып саналатын, жасыл желекке малынған ауылдың сонау жылдардағы «екпінді құрылыс» алаңы аталған кезеңі туралы Атекеңнің өзі:

«Обком бюросының бірлескен қаулысымен көптеген мекемелер жұмыс жасады. Адамдар келе бастады. Біреулер үй салуда, біреулер электр желісін тартуда, келесі бірі жазғы су құбырын жүргізеді, жанар-жағармай қоймасын, машина-тракторлар паркін, кіреберіс жол, орталық жылу қазандықтарын, селолық жылу жүйесін салады. Өте аз уақыттың ішінде Ақтоғай селосының негізі қаланып қалды. Сөз жоқ, бұл – тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Әсіресе, облыстық партия комитетінің, оның бірінші хатшысы Көшеков Оңайбайдың айрықша көңіл бөлгенін ұмытуға болмайды. Кеңшардың жыл сайын жоспарлы жұмысы орындалып, өз күшімен ондаған үйлер салып, типтік жобамен құрылыстар тұрғызылып, жаңадан ондаған мың гектар жер игеріліп жоңышқа, суданка дақылдарымен қоса, сорго дәнін өндіруде, қиыршық жем шығаратын арнайы цех ашып, сапалы мал азығын дайындауда межелі табыстарға қол жеткіздік. Аудан, облысқа мәлім болған еңбек озаттары, сондай-ақ аудандық, облыстық кеңестерге депутаттар сайланды. Осылайша, Ақтоғай шаруашылығы өркендеген, мәдени-рухани байлығы қалыптасқан ауылға айналды, – дейді.

Иә, бұл Қазақстан картасында тағы бір елді мекеннің «Ақтоғай» деген атаумен пайда болуы еді. Осы атаудың иесі, авторы дейміз бе, «азан» шақырып ат қоюшысы дейміз бе, әйтеуір, осы атау ал-ғаш рет Атиғолланың аузынан шығып, ұсынылыпты. Жұрт аузындағы «Ақтоғай ауылының атасы» деген сөз де осыған байланысты туған еді.

Орасан зор жұмыс атқарылды. Селдір боз жусаны жел соққан сайын күміс түстене жапырылып, хош иісі мұрынды жарып жататын, тоғайы тиіп тұрған, Жайығы жанай аққан жерде Ақтоғай селосының бой көтеріп, ол жемшөп өндіруде облыста флагман кеңшар атанғанын көзіміз көрді. Кеңшар директоры Атиғолла Жарылғасұлына мердігер мекемелер басшылары (орысы-қазағы бар) көптеп келіп жатады. Ол кім-кімді де алғаш қабылдап, ол туралы пікір түйіндерде сол адамның сыртқы келбетіне бастан-аяқ (анау кісінің өзі байқамайтындай) қарап алады да, сонсоң жай да, орнықты дауыспен әңгімесін бастайды. Бір қарағанда тым қарапайым көрінген Атекеңмен аз уақыт әңгіменің өзі ол кісінің терең білімі туралы түсінігімізді растай түсетін, жай басып, жалпақ алатын. Көпсөзділіктен де аулақ болатын. Ал, бұл кісінің мәдениеті, ішкі адами қасиеттері, көркем әдебиет пен өнерге жақындығы да азаматтығының жан-жақтылығын айқындап тұратын.

Атиғолла Жарылғасов 1990 жылы денсаулығына байланысты кеңшар директорлығынан қайтадан инженерлік қызметте, кәсіподақ саласында еңбек етті. Өзі таңдаған, өзін баладан басшыға көтерген, абырой, бедел иесі еткен ауыл шаруашылығынан қол үзе қойған жоқ. Ол «Жарылғасов Атиғолла» шаруа қожалығын құрып, оның ақыл-кеңесшісі болып келеді.

Қуанқызы Сақыпжамал апаймен екеуі – ұлағатты жанұяның ата-әжесі. Ұл-қыздары ержетіп, жоғары білім алып, еліміздің болашағына еңбек етсе, немере-жиендері оларға қызықтарын тарту етіп, ұрпақ шаттығы мен бақытына бөленуде.

Қажымұқан ЕСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Махамбет ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз