Өзен жағалағанның өзегі талмайды

«Мен патша үкіметінің кезінде балық кәсіпшіліктерінде жұмыс жасаған азғантай қазақтардың бірімін. Каспий теңізі менің туған үйімдей болды. Өйткені, үйден гөрі, теңізде болғаным көп. Осылай 20 жыл өтті. Сан мәрте Каспийдің қатал мінезіне куә болдым. Асау толқынмен алысып жүріп балық ауладым. Оны тұздап, кептірдім. Қыс кезіндегі боран соғып тұрғанда ат шанамен балықты Астрахан қаласына мұздың үстімен тасыдым. «Бармаймын» деп талай таяқ та жедім. Ол кезде қазіргідей зауыттар болған жоқ». Бұл – патша үкіметінің тұсында балық батағаларында жалшы, кейін бұрынғы Балықшы ауданындағы Ленин атындағы ұжымшардың мүшесі болған Қаражан Көшкімбайұлының бастан кешкендері еді.

Белгілі ихтиолог-балық өсіруші Ахмет Қарақұлов «Баламасы жоқ байлық» атты кітабында өңіріміздегі балықшылық кәсіптің көне шежіресін баяндайды. Бұл деректерге сүйенсек, ертеректе Жайық, Жем, Ойыл, Сағыз өзендері, Каспий теңізінің елімізге тиесілі бөлігі балықтан кенде болмаған. Осы қазынаның қызығын Ресейдің әр жерінен келген келімсектер көреді. Олар өздерін, «казак» деп, жергілікті қазақтар оларды «қазақ-орыс» деп атаған. Қазақтардың тарихын зерттеген    Н.А.Бородиннің жазғаны бойынша, бұл 1580 жылдардың шамасы болса керек.

 1591 жылы казактар «патшаны тыңдамағандарға қарсы күресуге» 500 кісі бөлген. Осы кезден бастап Жайық казак әскері патшаның сеніміне кіріп, Орал қаласының жағасынан балық аулауға кіріскен. Бірақ, заңды құжаттары болмаған. Олар Жайық өзенінің төменгі ағысын билеу құқын 1752 жылы алған. 1891 жылы Жайық казак әскеріне 300 жыл толуына орай, патша Александр қол қойған грамота берілген. Сонда казактардың жер мен суды иеленген мезгілі 1591 жыл немесе патшаға әскермен көмек көрсеткен кезден бастап саналған. 1906 жылы патша ІІ Николай қол қойған грамоталарда да оларға иеліктеріндегі жер-сулардың түпкілікті берілгені айтылған. Яғни, Жайық өзені мен Каспий теңізінің бір бөлігіне казактардың ие болғаны ақиқат. Олар бастапқыда балықтарды таңдап аулаған. Әуелі бекіре тұқымдас балықтарды (қорытпа, бекіре, шоқыр) ұстаған. Ақбалық пен қарабалықтардың ірілерін де аз пайдаланған. Тарихшы Н.Флеровский «Ресейдегі жұмысшы табының жағдайы» деген еңбегінде балық шаруашылығындағы капиталистердің алтын өндіретіндерден де тез байығаны туралы атап өтеді.

Бергі ғасырларда балық қорының бұрынғыдан кеми бастағаны байқалды. Бұл кезде казактар Жайықты бөгетпен бітеп, кірген балықты уылдырық шашуға жіберместен түгелдей аулап алып тұрған. Ол кезде ау қайыратын қайықтардан басқа техника болған жоқ. 1914 жылы 130 өндірісте тек үш қана моторлы ыдыс болған. Балық өңдейтін ірі өндіріс орындары болмағандықтан, ауланған балық саудагерлерге сатылып, Орал қаласы арқылы Ресейдің басқа аумақтарына жіберілетін. Бұл жағдай ХХ ғасырдың басына дейін сақталған.

ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарында Маңғыстау, Үстірт, Жем өзенін жайлау еткен адай руының көпке ілесе алмаған кедей әулеттері Жем өзенінің сағасына аялдайды. Бұл жерде олар балық аулаумен айналысып, аштықтан аман қалған. Олар жылдан-жылға көбейіп, қоныс аударғандар 1861 жылы 1000 киіз үйге жетеді. Балық аулайтын ау құралдары болмағандықтан, олар мал сүйектерінен қармақтар жасап, түйе жүнінен торлар тоқыған. Сөйтіп, тайыздан балық аулап күн көрген. Кейбір үйлердің қайықсымақтары да болған. Мұны біліп қалған казактар оларды Жем бойынан көшіріп жіберген.

1846 жылы Ресей Сенаты Орынбордың генерал-губернаторына балық кәсіпшілігі қожаларының жұмысын бақылауға алуды тапсырады. Губернатор басқа қалалардан келгендерге, жергілікті қазақтарға ыдыс, қайық, басқа да балық аулауға керекті құралдарды сатуға тыйым салған. Сонымен қатар, балық қожаларына қазақтарды жалдамалы жұмысқа көбірек алуға рұқсат етпеген. Осы жарлықтарға сүйенген казактар қазақтарды Жайық өзенінің салаларынан қырға шығарып, өзеннен су да бермеген. Мұндай қорлыққа шыдамаған екі сыныптық білімі бар (біздіңше орта білім) Төлен деген қазақ патшаға арыз жазып, Жайықтан бөлініп қалған көлдерді пайдалануға рұқсат алған. Бұл көлдерді халық «Төлеп қарасуы» деп атап кетеді.

Сол кездері Жылыой ауданының теңіз жағалауында 1170 қазақ жалданып жұмыс жасаған. Патша заманында біздің өлкедегі балық шаруашылығы үш аумаққа бөлінді. Олар – Жылыой бойы, теңіздің Маң-ғыстау жағасы, Жайық өзені мен Каспийдің терістік бөлігі. Осы жерлерде революцияға дейін орта есеппен жылына екі миллион пұттан астам балық ауланып тұрған екен.

Дайындаған: Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.


 

ӨМІР-ДЕРЕК

Ахмет Қосымбайұлы Қарақұлов 1925 жылы туған. 1965 жылы Астрахан техникалық институтын бітірген. Мамандығы – ихтиолог-балық өсіруші.

Балықты қолдан өсіруге керекті тоған шаруашылықтарын салу, пайдалану жұмыстарын ұйымдастырып, тұқы, сазан, ақ амур мен дөңмаңдай балықтарын өсірген.

 Жайық-Каспий алабының проблемаларын «Правда» газеті мен «Балық шаруашылығы» журналы арқылы көтерді. Каспий теңізінің тазалығын қорғау туралы үкімет қаулысының жобасын жасауға қатысқан.


 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз