АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ БОЙЫНА ӨНЕР ҚОНҒАН

Руханият


ОРТАЛЫҚТА 
ИГІЛІКТІ ІС КӨП

Облыстық халық шығармашылығы орталығы облыстағы 12 аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің жұмысы мен 282 клубтық мекеменің, соның ішінде, 64 «халықтық» (үлгілі) атағы бар ұжымдардың қызметіне бағыт-бағдар беріп, жан-жақты әдістемелік көмек көрсетумен қатар, байқаулар мен фестивальдарды, ақындар айтысын өткізіп, халық шығармашылығы жетістіктерін насихаттап отырады.
Қазіргі таңда шығармашылық орталықтың базасында «Халықтық» және «Үлгілі» атақтары бар екі ұжым жұмыс жасайды.
– Оның бірі – Норвегия, Румыния, Болгария және Түркия сынды алыс-жақын шет елдерге танымал халықтық «Ақжайық» би ансамблі болса, екіншісі – құрамында үш тобы бар үлгілі «Қызғалдақтар» балалар би ансамблі. Батыс өңірінің өнер тарихында халықтық «Ақжайық» би ансамблінің алатын орны ерекше.
Талай жылғы шығармашылық жетістіктері үшін 1977 жылы «Ақжайық» ансамбліне «халықтық ансамбль» атағы берілді. Ансамбль тек еліміздің аумағында ғана емес, Норвегияда (1977), Мәскеуде (1980,1985), Румыния мен Болгарияда (1985), Салехардта (Тюмень), т.б. елдер мен қалаларда өнер көрсетті. «Ақжайық» бірнеше мәрте өнер ұжымдарының байқауларында лауреат атанып жүр. Аймақтағы өзіндік өнер мектебіне айналған ансамбльдің ең үлкен жетістіктерінің бірі – 1998 жылы Мәскеу фестиваліне қатысып, «Алтын медальға» ие болуы.
Ансамбль 1974-1977 жылдары көрнекті қоғам қайраткері Мұстахым Ықсановтың қолдауымен, Құрамыс Ғаббасовтың жетекшілік етуімен құрылған. Облысымыздың мәдениетіне би жанры бойынша үлкен серпіліс әкелгеніне 37 жыл толып отыр. Кейінгі жылдары ансамбль жаңа құраммен толықтырылды. Олар кәсіби бишілер болмаса да, би жанрымен әуестенушілер: әртүрлі жоғары оқу орнының студенттері мен мектеп оқушылары. Бірақ, бір қуантарлығы – олардың шеберлігі кәсіби бишілерден қалыс қалмайды. Ансамбль жетекшісі – М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің хореография бөлімінің түлегі Әсел Дәулетова, – дейді орталық директорының міндетін атқарушы Нұргүл Бердашева.
Ансамбль репертуары әрқашан жаңа би қойылымдарымен толықтырылып отырса да, қазақ ұлттық билері олардың орындау шеберлігінің биігі болып саналады. Осы жылдар ішінде би ансамблі бірнеше елді аралап, талай рет облыстың намысын қорғап, би өнері арқылы көрермен көңілінен шығып, қаншама алғысқа бөленді десеңізші!? Ансамбль Шара Жиенқұлова атындағы сыйлықтың, Ыстамбұл қаласында өткен «Фомгед» жастардың фольклорлық ән-би фестивалінің алтын медалінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының мәдениет және өнер саласындағы сыйлығының иегері атанды.
Ал, үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблі 1994 жылы облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан Мәдениет қайраткері Райхан Көжекешеваның жетекшілігімен құрылған болатын. Құрамында алпыс бүлдіршін мен мектеп жасындағы өнерпаз балалар би өнеріне тәрбиеленуде. Ансамбль көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері, Анталия, Махачкала қалаларында өткен фестивальдарға қатысты. Бүгінде ансамбльге жетекшілік қызметті Қарлығаш Саматова атқаруда.
Өңірде мәдениеттің дамуына, өнердің өрлеуіне шығармашылық орталыққа қарасты би ансамбльдері ғана емес, жас мамандардың жетекшілігімен құрылған квартет және драма үйірмесінің қосып жатқан үлесі зор.

КӘСІБИ ӨНЕР ҰЯСЫ

Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы – аймақ көлемінде музыка өнерін насихаттайтын кәсіби өнер ордасы.
Филармония шығармашылық ұжымында әртүрлі жанрдағы мамандықты меңгерген, халқымыздың музыка өнерін насихаттайтын жоғары білікті мамандардан құрылған үлкен өнер ұжымдары бар.
Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Ұлттық өнеріміздің алғашқы туын көтерген Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының алғашқы түлегі, дирижер Сайын Құбашев болатын. Қазір ұжымның көркемдік жетекшісі және бас дирижері – мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Еркін Нұрымбетов. Оркестр 2000 жылы облыс әкімдігінің басшылығымен құрылды. Аз ғана уақыт өтсе де, оркестрдің репертуарында 200-ден астам шығарма бар.
– Сондай-ақ, қазақтың түрлі жанрдағы төл билері мен әлем халықтарының сан алуан билерін барша жұртшылыққа тарату мақсатында 1995 жылы облыстық филармония жанынан «Назерке» би ансамблі құрылған еді. 1996 жылы аталмыш ұжым Түркияның Искендерун қаласында өткізілген халықаралық дәрежедегі фестивальға қатынасып, қазақтың айшықты билерімен бірге әлем халықтарының билерін үлкен сахнада көрсетіп, дипломант атанды. 2001 жылы республика көлемінде өткен Ш.Жиенқұлова атындағы би конкурсына қатынасып, бас жүлдені жеңіп алып, лауреат атанды, – дейді филармония директоры Марат Қалиев.
Ансамбль бишілері көршілес Ресей елінің Астрахан, Саратов, Орынбор, Түзтөбе, Самара қалаларына гастрольдік сапармен барып, жыл сайын өнер көрсетеді. Халықаралық фестивальдың лауреаты атанып, Елорда жұртшылығының да қошеметіне ие болды. 2008 жылғы 20-23 наурыз аралығында Түркия елінің Анкара қаласында халықаралық фольклорлық-этнографиялық фестивальға қатынасып, қазақтың және әлем билерінің өнерін паш етті.

ӨРКЕНИЕТ КӨШІНДЕГІ ӨРЕЛІ ӨНЕР

Батыс Қазақстан облысының тағы бір беделді өнер ұжымдарының бірі – «Классика» камералық ансамблі. Ансамбльдің құрамында Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясы мен Саратов консерваториясының түлектері өнер көрсетуде.
Ұжым ХVІІ-ХVIII ғасырлардағы композиторлардың камералық-инструментальдық және вокалдық музыкаларын насихаттап келеді. Олардың қатарында классиктердің, романтиктердің, импрессионнистердің таңдамалы шығармалары бар.
Сонымен қатар, облыстық филармонияның жанынан құрылған «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі – ұлттық музыка аспаптары мен әндерді насихаттап келе жатқан іргелі ұжымдардың бірі. Репертуарында дәстүрлі домбыра мектептерінің күйлері бар. Атап айтқанда, ансамбль дәстүрлі батысқазақстандық төкпе күйлерімен қатар Сыр елінің, Арқаның, Жетісу аймағының, Шығыс Қазақстанның шертпе күйлерін, қазақ, орыс, кырғыз, түрік, татар халықтарының әндері мен шет ел классиктерінің шығармаларын да шебер ойнап, бұған қоса А.Жұбанов, Л.Хамиди, Е.Брусиловский, Н.Тілендиев, Б.Жұманиязов, К.Күмісбеков, А.Жайымов, Е.Үсенов, Е.Хасанғалиев, И.Жақанов, Т.Шәмелов, Д.Қажымовтардың шығармаларын халыққа насихаттайды.
Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің республика көлеміндегі басқа ұжымдардан ерекшелігі – арнайы мекеме ғимаратының және талапқа сай жабдықталған материалдық-техникалық базасының болуында. Акустикаға сәйкестендіріліп арнайы жабдықталған дайындық залы, материалдық-техникалық қоры, өте жоғары сапалы дыбысты музыкалық шеберлік құралдары бар.
Сондай-ақ, облыстың өнер саласындағы үлкен жетістіктерінің бірі – ол осыдан төрт жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің құрылуы. Айта кетсек, аталмыш өнер ұжымының құрылуында сол кезде облыс әкімі болған, қазір Атырау облысын басқарып отырған Бақтықожа Ізмұхамбетовтің зор үлесі бар. Аталған оркестрдің құрылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына себепші болды. Бойында өнері бар, музыкаға бейім мамандарға шығармашылық еңбек жолдарын шыңдау үшін үлкен мүмкіндік туғызылды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған