АГРОӨНДІРІС ЖАҢАРУ КЕЗЕҢІНДЕ

Руханият

ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТ ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

– Сырым Мұратұлы, Президенттің дәстүрлі Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қабылданған «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы қалай орындалуда?
-Бұл құжаттың маңыздылығы сонда, сегіз жыл мерзімге есептелген кешенді бағдарлама аясында ауыл шаруашылығын, ауылдағы өндірісті жан-жақты өрістету басты назарда ұсталынған.
Алдымен айтарым, «Агробизнес-2020» бағдарламасы ағымдағы жылғы қаңтар айының 21-інде өткен облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кеңесінде талқыланып, шаруагерлер тарапынан жан-жақты қолдау тапты. Өткен жылы облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтарының күшімен малға қажетті қыстық азық дайындауға жұмсалған шығындардың 50 пайызы бюджет есебінен субсидия түрінде өтелді. Осы мақсатта барлығы 143 шаруашылыққа мемлекет қазынасынан 189 млн. теңге көлемінде ақша берілді. Биылғы жылға бөлінген сома да сол шаманы құрап отыр.
Өңірдің табиғи-климаттық жағдайының күрделілігіне қарамастан, облыста жыл санап егістік жер көлемін ұлғайтып, мал басын көбейтуге, тауарлы сүт фермаларын ашу, мал азығын дайындау, суару-суландыру жүйелерін жаңғырту тәрізді бірқатар өміршең жобалар қолға алынуда. Бұрыннан асыл тұқымды мәртебесін иеленген 20 шаруашылық құрылымы жаңа талаптарға сай қайта тіркеуден өтуде. Осы санаттағы малдың гендік қорын сақтау және мал басын өз төлі есебінен өсіру үшін арнайы өңірлік бағдарлама әзірленіп, өсірілген әрбір аналық мал басына кететін шығынды өтеуге бюджеттен 176 млн. теңге қаржы қарастырылды.

ІРГЕЛІ ЖОБАЛАР – ІЛГЕРІЛЕУ КЕПІЛІ

– Сырым Мұратұлы, өзіңіз басшылық жасайтын салада жүзеге асырылып жатқан серпінді инвестициялық жобалар жайында не айтар едіңіз?
– Мал өнімінің молдығы мен сапалылығына кепілдік беретін сондай жобалардың санатында алдымен Махамбет ауданындағы «Первомайский» ЖШС-індегі көк балауса өсірілетін гидропоника кешенін айтуға болар еді. Біраз уақыт бойына қаржы тапшылығына байланысты тұрып қалған осы бір шағын өндіріс аймақ басшылығының тікелей қолдауы мен қаржылай көмегінің арқасында қайтадан іске қосылды. Дәл осы шаруашылықтың базасында жалпы құны 2 млрд. теңгеден асатын, голландиялық технологиямен жабдықталған, тәулігіне 10 тоннаға дейін сүт өңдеу мүмкіндігі бар зауыт және сүттік бағыттағы 500 бас голштино-фриз асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіретін ферма құрылысы салынып, осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұның өзі келешекте жергілікті тұрғындардың сүт өнімдеріне сұранысын қанағаттандырудың бірден-бірі жолы болмақ.
Бұдан бөлек, Сарайшық селосында «Розметова.Т» шаруа қожалығының базасында құны 430 млн. теңге тұратын, 600 басқа арналған ешкі сүтін өндіру және өңдеу кешенінің де құрылысы қолға алынып, бұл нысанды да биылғы жыл аяғына дейін пайдалануға беру межеленген.

ЕРІНБЕГЕН ЕГІН ЕГЕДІ

– Бір сәт жылдан-жылға көлемі көбейтіліп, елдің ырысына айналып отырған егін шаруашылығына көңіл бөлсеңіз?
– Биыл Атырау қаласы, Индер, Махамбет, Құрманғазы аудандарында картоп егістігінің көлемі бұрынғы 57-ден 940, ал көкөніс дақылдары 300-ден 1600 гектарға ұлғайтылған. Келер жылы аталған дақыл түрлері бойынша бапталатын егіндік алқаптардың аумағын 1500-2000 гектарға жеткізу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және тұрғындарды жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында «Атырау» ӘӘК ҰҚ» АҚ-мен екіжақты жасалған фьючерстік келісім-шарт негізінде осы жұмыстарды уақтылы атқаруға жергілікті бюджеттен 209,3 млн. теңге қаржы қаралған. Қорытындысында, 17 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен арадағы келісімге сәйкес, күзгі жиын-терімнің соңында 3000 тонна картоп, 1700 тонна қызылша, 250 тонна қырыққабат және 50 тонна қызылша тапсырылды. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табады.
– Осы жыл бойына өсіріліп, жинақталған азық-түлік бағытындағы тауарлардың қыс айларында сақталу мәселесі қалай ұйымдастырылуда?
– Сөз жоқ, бұл – осы саладағы ең бір маңызды да қажетті мәселе. Өйткені, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету дегеніңіздің өзі осыған тікелей байланысты екендігі түсінікті. Бүгінгі таңда облыс көлемінде жалпы сыйымдылығы 19,1 мың тонна көкөністі сақтауға мүмкіндік беретін 33 қойма жұмыс жасап тұрса, Атырау қаласының өзінде тұтастай сыйымдылығы 10,4 мың тонналық екі бірдей көкөніс сақтау қоймасы іске қосылған. Осындай орындардың жасақталып, ұдайы қолданыста болуы, сөз жоқ, аймақта азық-түлік бағаларының ырықтандырылып, тұрақтандыру қорларының қалыптастырылуына септігін тигізді.

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ-УАҚЫТ ТАЛАБЫ

– Жаңа технологиялардың қашанда, қай салада болмасын, уақыт талабы болып табылатыны белгілі ғой?
– Расында да солай. Атырау облысында да өміршеңдігін дәлелдеп, тиімділігін істе көрсеткен израильдық тамшылатып суару технологиясымен жылыжай шаруашылықтарының қолға алынып, егіншіліктің қолға алына бастағанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Нақтырақ айтқанда, бұл тәсіл біздің өңірімізде 2007 жылдан бері қолданылып келеді. Тек үстіміздегі жылдың өзінде осы технологиямен баптап-күтілетін егіндіктің көлемі 653 гектарға дейін көбейтіліп, осынша аумақты игеру қаржылық даму институттарының қолдауы арқылы бөлінген 200 млн. теңге көлеміндегі қаражаттың қолға тиюімен байланысты мүмкін болғандығын да ашық айтқанымыз ләзім. 2015 жылға қарай тамшылатып суару тәсілімен өсірілетін егіндіктің ауданын 1000 гектарға дейін жеткізу жоспарланған.
– Соңғы кездері Атырау жерінде жеміс алқаптарының, алма мен жүзім өсірілетін бақтардың да қайта түлей бастағандығының куәсі болып жүрміз?
– Дұрыс айтасыз. Егер есіңізде болса, осыдан алты жылдан астам уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі облысымызға келген кезекті жұмыс сапарында сол кездері құрылып, жұмысын жаңа ғана бастаған «Атырауагроөнімдері» шаруа қожалығының 24 гектар алқапқа отырғызылған алма бағын көзімен көріп, шаруашылықты одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген-ді. Былтырғы жылы сол бақтан 300 тоннаға дейін өнім жиюға қол жеткізілді. Қазіргі кезде облыс бойынша отырғызылған осындай бақтардың аумағы 282,5 гектарды құраса, 2015 жылы бұл көрсеткішті 450 гектарға жеткізу межеленген.

ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ – БАСТЫ НАЗАР

– Ветеринариялық қызмет құрылымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, ауыл шаруашылығы мақсатына берілген жер телімдерінің игерілуі мен түгенделуі төңірегінде айтсаңыз?
– Жергілікті жердегі малдәрігерлік қызметпен айналысатын, селолық округтерге қарасты ветеринар-мамандардың барлығына биыл ұзын саны 80, арнаулы керек-жарақтарымен жабдықталған қызметтік автокөліктер алынып берілді.
Бұған дейін де айтылып жүрген, оның үстіне Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасында пысықталған, ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылмай, бос жатқан жерлерді түгендеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыста жалпы көлемі 2 млн. гектар жер телімі түгендеумен қамтылды. Нәтижесінде, 275140 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жаңадан құрылған 144 шаруа қожалығына 176974 гектар аумақтағы жер телімі берілген.
Кездескен қиындық-кедергілерге қарамастан, тәуекелге бел байлап, ауылдағы шаруаны алға бастыруға атсалысып, қолға алған жұмыстарын дөңгелентіп, өзгелеріне ұлгі-өнеге танылып, көш басынан көрініп жүрген шаруашылық құрылымдары да, кәсібінен нәсібін айырып, елдегі барды ерінге тигізу жолында берекелі іс қылып жүрген кәсіпкерлер мен шаруагерлер де баршылық. Олардың бірқатарының есімдері кеше ғана өткен салтанатты жиында да айрықша аталып, ұлығыланды, лайықты құрмет пен сый-сияпат көрсетілді. Ендеше, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген барша әріптестерімді, ардагерлерді Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, өмірлеріне сәттілік, еңбектеріне табыс тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет, мереке құтты болсын!

Сұхбатты жүргізген Дәулетқали АРУЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған