Санаға сәуле шашқан сапар

Sana a s ule shash Қоғам

«Ежелгі Тараз – тарихымыздың алтын  діңгегі»           

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Санаға сәуле шаш

Әлқисса…

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай белгіленген жобалардың аясында облыс әкімдігінің және облыстық ардагерлер кеңесінің ұйғаруымен атыраулық жиырма еңбек ардагері Тараз қаласына саяхатқа шықтық. Бұл құрамда мақаттықтар Сәбит Халенұлы, Дінғали Бисенғалиұлы, индерліктер Өтеп Қасибаұлы, Ерсайын Көшекұлы, исатайлық Таупиық Маштақов, махамбеттіктер  Қамбар Мұқанов, Дүйсенбай Рысқалиев, Нұрым Есмағанбетов, Атырау қаласынан Қамза Ғабдолла, Төлеген Жаңабаев болды. Сонымен қатар, тарихшы ғалым Әбілсейіт Мұхтаров, ақжарма жігіт Тарғын Әндірұлы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова бірге жүрді. Сағыз стансасынан  Іңірбай Сағи мен жұбайы Мамық Салыққызы, жылыойлық қос азамат Сағымбай Сәрсенұлы мен Ермекқали Келдібайұлы тобымызға қосылды.

Құрманғазы ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиұлы және Өтеулі Хасанұлы үшеуіміз бір купеге жайғасып сапарымызды жалғадық. Топ құрамы түгел отырған дастарханда Өтеулі мырза ерекше толқу сезімін жасырмай: «Ауылдан көп ұзап шықпағанмын. Бақтықожа мырза кезінде аудан әкімі Амангелді Астанаға саяхатқа ұсыныс жасады. Нұрлан Асқарұлының басшылығымен Бибоз ініміз «ЭКСПО – 2017»-ны көруге шақырды, екеуінен де саулықтан қорғалақтап бас тартқанмын. Бұл сапарға  ызғындай халық арасындамын, ауданның екі азаматының қасындамын, қиындық туындаса көмексіз қалмаспын деп келістім» деп ағынан жарылды.

Қазақ елінің құлан жортқан сары даласында, пойыздың жайлы жүрісіне тербеліп, жұмсақ орында қиял сағымына еніп, әрқайсымыз өз ойымызбен әлемді шарлап келеміз. Жолдың түстік бетінде Қорқыт бабаның қорымы, оның кешенді құрылысындағы төбеде қобыз бейнеленген биік ескерткіш ауа қозғалысының әсерінен гуілдеп сарнаған  үн шығарып, бабалардың өткенді түгендеген зарын жеткізіп, болашаққа бағдар сілтеп тұрғандай.  Қасиетті Сыр елі – Фирдаусидің «Шаһнамасының» желісімен жазылған қырық мың жолдық «Рүстем-дастанды» жырлаған Тұрмағанбет Ізтілеуұлының кіндік қаны тамған жер. Ұлы дала кер маралдай керіліп жатып өзінде туған құланды да, ұланды да бауырына алып қорғаған. Тылсым күшпен нәр беріп, жауынан көз таса қылып сақтаған. Парсының Кир патшасының кегін аламын деп келген Дарийдың екі жүз мың әскеріне жол бастап, Бетпақтың адам алмас шөліне қамап қырғынға ұшыратқан Шырақ батырдың «туған жерімді қорғадым» деп сақылдаған ызалы күлкісі құлай ескен жел мен соққан дауылдың арасынан естіліп тұрғандай. Тарих толқынынан сүңгіп Түркістан қаласының тұсынан асқанда киелі жер, қасиетті орынның рухы сезілгендей ме, қалай?..

Иә, Мағжан Жұмабайұлының «түріктей басқа от болып жан туып па?» – дегені делебені қоздырып, рухтандырып жібереді. Еліміздің тарихқа бай киелі жерімен саяхатымыздан рухани күш алып, санамызды ұлтымызға деген мақтаныш сезімі кернеп келеді. Мың өліп, мың тірілсе де жерін сақтаған бабаларымыз болашақ алдындағы парыздарын адал атқарып, ұрпақтарына қалдырған аманатын терең түйсінгендейміз. Елбасының ұлттық кодымыз хақында айтқаны – біздің бабалар алдындағы қарызымызды саналы түрде өтеуге шақырғаны.

Тараз тарихын таныдық

Тараз – 2002 жылы ЮНЕСКО  шешімімен халықаралық дәрежеде 2000 жылдық мерейтойы аталып өткен ортағасырдағы Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығы. Сан ғасырға созылған дәуірлік маңызы жойылмаған қала. Іргетасын Ғұн одағының билеушісі Тезек Тәңір құт Талас-Аса өзендерінің аңғарында қалады. Қала өз бастауында Тәңір құт және Тезек деп аталған. Әр кезеңде өзгеріске ұшырап, 1997 жылдан  тарихи атауына ие болған Тараз бұл. Облыста мемлекеттің қорғауына алынған 3365 ескерткіш бар екен, оның 25-і – республикалық дәрежеде. Бес кешен: «Ақыртас», «Қос төбе», «Құлан», «Баласағұн», «Ақ төбе» атты бес кешен ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген.

Қазіргі қала 110 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. 13 мөлтекауданы бар, 14,15 мөлтекаудандар салыну үстінде. Таразбен танысу Бауыржан Момышұлының 90 жылдық мерейтойына арнап 2000 жылы 9 қазанда орнатылған ескерткіштен бастау алды. Екінші дүниежүзілік соғыста қаһарман ерлігімен қазақ халқының айбарын асырған батырының 1356-1419 жылдары ғұмыр кешкен Үйсіннің атақты биі Бәйдібек Қарашаұлымен  ескерткіштерінің  бір алаңда тұрғаны аса үйлесімді көрінді.    Қарахан мемлекетінің негізін қалаушысы Қарахан Сұлтан Сатук-Бураның төртінші ұрпағы Қараханидтер мемлекетінің басшысы, ХІ–ХІІ ғ.ғ. өмір сүрген Махмуд Қараханға арнап тұрғызылған күмбезі мен арқалық ойықтары – сол заман бедерінде өрнектелген кесене. Ол қара қытайларға қарсы талай қырғын соғыстарда қол бастап жеңіске жеткен. Бірде Талас өзенімен тоғытылған қойдай аққан жаудың өліктерін көріп жиреніп, астындағы тағын мүлдем тастап, сопылық жолға түскен. Өле-өлгенше Аллаға жалбарынған, сондықтан  «әулие» атанған. Қала сол кісіге арналып Әулиеата деп те аталған екен.

Қараханның ғұмыр жолымен байланысты Айшабибі кесенесі де көп сыр ұқтырғандай. Айшабибі еліне сапарлап келген Қарахан ару қызбен дидарласқанда бірін-бірі ұнатып, сөз байласады. Еліне жау шапқанынан хабар алғасын кідіре алмай, келетін күнін белгілеп кері оралады. Сарыла хабар күткен қыз уәделі күнінде келе алмаған күйеу жігітін іздеп баруға жолға шыққан. Діттеген елінің шетіне келіп, қазіргі Асы өзенінің жағасына жайланып дем алады. Шешіп қойған сәукелесіне кірген улы жылан Айшаны шағып жазым етеді. Сол тұста қалыңдығының келе жатқан хабарын естіген Қарахан кідірмей жеткен, бірақ, Айша тілге келе алмаған. «Ең болмаса бақилықта қосылайық» деп молда алдырып некесін қидырып, шала жансар жатқан Айшаның құлағына «сен енді Айшабибісің» деп үш рет айқайлап айтқан. Соңғы демі өз қолынан шыққан Айшаға ризашылығымен мәңгілік махаббаттың белгісі ретінде күмбез тұрғызған.

Ежелгі Тараз қаласы бұрынғы орталық базардың орнында екен, қазір ашық аспан астындағы мұражай құрылысы жүруде. Қазба жұмыстарының нәтижесінде қала құрылысының әр кезеңдегі бес қабаты анықталған. Атап айтқанда, бірінші – жоғарғы қабаттан ХІХ-ХХ ғасырдың іздері байқалса, 2- қабат – ХІІІ-ХV ғасыр – моңғолдар кезеңі. 3-қабат – ХІ-ХІІ- ғасырлардағы қуатты дамыған қарахандықтар дәуіріне сай келеді.           4-қабат – VІІІ-Х ғасырлардағы қарлұқтар тұсы болса, 5-қабат – V-VІІ ғасырдағы Түрік-Соғды. Одан әрі тарихқа тереңдеп зерттеу – болашақтың ісі. Көне Тараздың сыртқы аумағы 37 шақырым шамасына келетіні болжанған. Орталық бөлігі –«цитаделі», мұнда қаланы билеушілердің резиденциясы орналасқан. Оған жапсарлас қабырғалармен қоршалған «шахристан» деп аталатын бөлігінде зиялы қауымның, бай саудагерлердің, қолөнершілердің үйлері және шығыс базары мен мешіт орналасқан. Үшінші шахристан қабырғасына жапсарлас қолөнершілердің шеберханалары, үйлері  жайғасқан бөлігі «рабад» деп аталады.

 «Ақыртас»  ақиқаты

Белгіленген кестеге сай келесі күні Тараз қаласынан 38-40 шақырым орналасқан, тылсым сырлы Ақыртас сарай-кешеніне (VІІІ-ХІІ ғ.ғ.) сапарымыз басталды. Ғалымдар мен зерттеп-зерделеушілердің Ақыртас сарай-кешенін ежелгі Тараздың алтын шеңберіне жатқызып, маңызы жөнінде Египет пирамидалары, Афины -Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайларымен Атлантида аңыздарымен шендестірген. Өзіміз  көріп тамашалағанымыз бұдан он бір ғасырдай бұрын өңделген тастардың күрең қызыл түсі сол күйінде, күні кеше ғана дайындалғандай қыры қылыштай болып мұқалмай сақталған. Мыңжылдық табиғаттың құбылысы ала алмаған қандай құдірет, кейбіреулерін мүк те баспаған. Зерттеуші ғалымдар ерекше энергетикалық толқын бар деулері тегін емес. Археолог, бірегей ғалым Карл Молдахметұлы Байпақов жыл сайын келіп бойындағы жағымсыз энергетикалық күштен арылатыны бір шындықтың барын растайды.

Көптеген түркілер жасы ұлғая сопылық жолға түсіп, мұсылмандық қағидаға беріліп, халқына имандылық нұрын сепкен. Сондай жанның бірі – Тектұрмас Қараханның серіктесі және әскер басшысы. Жергілікті халық  оның діндарлығы мен парасаттылығына риза болып, аманатын орындайды және қабірінің басына ХІV ғасырда Талас өзенінің оң жағалауында діни орындарының бірі болған Тектұрмас кесенесін тұрғызады.  Тектұрмас – түрікше «тынымсыз орын» деген мағынаны білдіреді. «Төбенің етегінен басталып жер асты жолы Ақыртасқа дейін барады» деген аңыз бар.

Кесене қатарында осы өңірді Қоқан хандығынан азат етуге үлкен үлес қосқан Байзақ батырдың бабасы Мәмбет батырдың ескерткіші бар. Ол бабамыздың қазақ пен жоңғарлардың қақтығысы кезінде қазақ жасақтарын басқарып шыққандығы  туралы деректер кездеседі. Елдің мұсылмандыққа тілмен емес, ділімен берілгендігі байқалады. Тараздың өрлеуі де, құлдырау кезеңдері де болғаны археологиялық қазба жұмыстары кезінде әр мәдениеттің тұсында табылған жәдігерлермен айқындалады. Біздің заманымызға дейінгі ІІ-ІІІ ғасырдағы үйсіндер мәдениеті тұсында әйел мүсінінің қасында қоладан жасалған сәндік бұйымдар бұған дәлел. Қазақтың қарашаңырағы көтерілген киелі мекенде биіктігі отыз метрлік «Қазақ хандығына – 550 жыл» монументі орнатылған, қапталында Керей мен Жәнібек хандарымыздың тақта отырған кешенге айбар беріп тұр. Қазақ хандығының осынау мерекесін атап өтуге хандықтың алғаш ту тіккен жері – Тараз қаласын көркейтуге бүкіл Қазақ елі түгел қатысқандығына да куә болдық. Соның ішінде Атырау облысы Тұңғыш Президент саябағына қарсы 12-ші мөлтекаудандағы аллеяны абаттандырып, көз тартардай сәндікке келтірген екен.

Түйін

Біріншіден, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы қағидалар аясындағы бұл сапар біздің тарихи танымымызды байытып, рухымызды көтерді. «Тарихи тұлғаларымыздың есімдерін елге оралтып, халқымен қауыштыруда пәрменді жұмыс жасап белсене қатыссақ» деген ой көңілге хатталғандай.

Екіншіден, Атырау облысының аймағында Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығының кіндік орталығы Сарайшық кешені зерттеліп зерделенуде. Ендігі міндет сақтауға назар аударып, ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыру қолға алынса, тарихи жәдігерлер бүлінбей және саяхатшылардың өткенімізбен танысуына мүмкіндік туар еді.

Үшіншіден, белгілі орындар, қауымдар барланса, әр аймақ бұл бағыттағы жұмыстың ұзақ  жылдық шарасын белгілеп жүзеге асырса, «Мәңгілік ел» идеясын  туындатқан Ұлы дала мемлекетінің қарашаңырағын ұстаған бабалар аманатын ұрпаққа жеткізу парызын орындағанымыз болары қапысыз.

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,

Құрманғазы ауданының

Құрметті азаматы,

«Атырау» газетінің штаттан тыс тілшісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз