ӨТКЕН КҮННЕН БЕЛГІ КӨП

Рухани жаңғыру

Елдегі үлкендерден естігенім, Барлыбай баба Ойыл, Сағыз өзендерінің маңында, Хорезмге баратын ескі керуен жолының бойында жерленген екен. Ол кісі әулие, бақсы-балгер болған деседі. Басына күмбезді мола тұрғызылыпты. Ол молаға кезінде Исатай мен Махамбет түнеген екен. Соңғы рет түнегенде Исатай түс көріп: «Менің кием шұбар жылан еді, сол бүгін түсімде маған қарайламай кетті, сірә, алдымыздағы жорықта мен аман қалмайтын шығармын. Сондықтан, жігіттердің көп шығынына жол бермеуді ойластырайық» деп айтқан екен дейді.
Сұрастырып жүріп, Барлыбай моласының нақты қай жерде екенін білдім. Яғни, Барлыбай моласы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы мен Сағыз стансасы автотрассасының бойында, Миялыдан 22 км жерде орналасыпты. Ол жер «Барлыбай жалы», «Барлыбай көлі», «Барлыбай моласы» деп аталады екен. Сөйтіп, бірнеше мәрте сол елдің тұрғылықты, жергілікті азаматтарымен сөйлестім. Олар маған Барлыбай жайлы осы Миялыдан шыққан жазушы Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Марат Мәжитов көбірек білетінін, сол кісімен байланысу керектігін айтты. Расымен де, М.Мәжитов мені тың жайттармен қанықтырды. Ол кісінің айтқаны: «Мен бала кезімде 1951 жылы Барлыбай моласының басына әкеммен бірге барып едім. Барлыбайдың моласы кезінде биенің сүтіне қыл араластырып құйылған шым кірпіштен салынған төрт қабырғалы шошақ күмбезді бейіт болған екен. Мен алғаш көргенімде қалыңдығы 1 метрге жуық бір қабырғасы ғана қалған екен. Басында ақ құлпытасы бар еді. Құлпытастың алты қырлы, қошқар мүйізді оюланған өрнектері бар болатын. Әкем қасына ауылдың молдасы, ескіше оқыған Қарамолда деген кісіні ертіп барды, шын аты Қабдырахман болатын. Сол кісіге Барлыбайдың басындағы құлпытасты оқытты. Ол кісінің «Барлыбай 1701 жылы 59 жасында қайтыс болған» деп оқығаны есімде.
М.Мәжитов айтқан Барлыбай моласында қазір көптеген ескі бейіттердің орны және тоғыз құлпытас тұр. Оның төртеуі тігінен тұр да, ал бесеуі құлап жатыр. Бұл құлпытастардағы таңбалар мен жазуларды араб, шағатай тілінің мамандарына, Қызылқоға аудандық мешітінің бас имамы Бауыржан молдаға оқытқанымда, олар Ысық, Таз, Шеркеш руынан 1761-1870 жылдарда жерленгендер болып шықты. Арасында Табын тайпасының таңбасы басылған 2 метрдей құлпытас бар екен, бірақ аты-жөні мен жылы оқылмады. Ал, олардың ішінде Барлыбай деген кездеспеді. М.Мәжитов суреттеп айтқан құлпытас жоқ болып шықты. Енді осы Барлыбай моласында 1701 жерленген Барлыбайдың қай тайпадан шыққандығы, қазіргі Табын тайпасының Барлыбай руына қатысы жайлы деректерді одан әрі сұрастырып, жинақтағанымда, Біреу Шеркеш деп белгі қойыпты, біреу Ысық болуы керек дейді, енді біреулер Таз болар деген жорамалдар айтты. Жалпы қолда бар мәліметтерден Барлыбайдың Табын екендігін жоққа шығаратын дәлел табылмады. Осыдан кейін Шеркештің, Таздың, Ысықтың, Таманың, тағы басқа шежірелерді алып, Барлыбай аттастардың қай тайпада, қай руда бар екендігі, қай заманда, нешінші ата екендігі жайлы зерттеп, қарап шықтым.
Беріш тайпасында Бесқасқа беріш аталған Барлыбай, Байсейіт, Байқошқар болған, ал Исатай батырдың әкесі Тайман осы Байсейіттің тоғызыншы ұрпағы болып келеді. Ал, Барлыбай Байсейітпен бірге туған, сонда Исатай батырға дейін екі аралық 9 ұрпақ 30 жылдан 270 жыл, оған Исатай батырдан бергі 222 жылды қоссақ (1791жылы туған), 492 жыл болады. Сонда Беріш Барлыбай шамамен 1520-1550 жылдары туған болып, Қабдырахман молда оқыған деректен 100 жылдан астам әріде болып шығады. Сонымен ол заманға келетін, шамамен 1640-1650 жылдары туып, 1701 жылдары қайтыс болған Табын тайпасындағы Барлыбай руы тарайтын Барлыбайдан басқа адам табылмады. Сөйтіп, төмендегі себептерді қарай келе, Барлыбай баба Табын тайпасынан болуы әбден мүмкін деген тоқтамға келдім.
Бірінші себеп, әр ұрпақты 27-30 жыл деп есептегенде, ол кісінің өмір сүрген кезеңі 1640 -1710 жылдар аралығы болады. Екінші себеп, бұрынғы кездері Жайықтың оң жағалауын, кейіннен сол жағалауындағы Сағыз, Жем өзендері бойын қоныстанған Шөмішті Табын Бозымның балалары Асан, Үсеннен тарайтын Барлыбай, Есенбай /Барлыбай, Есенбай егіз болған дейді/, Ажым, Боқай рулары және Көсеулі Табын Бөдік, Теке, Тоқберлі, Мөңке рулары (қазір Тартулы аталады), Сыр бойына 1700 жылдардан бастап қоныс өзгерткендіктен, Барлыбай бабаны ұлықтайтын, ұрпақтан-ұрпаққа айтып отыратын аталары заман ағымымен бұл өңірден алыстап кеткендіктен бірте-бірте ел жадынан ұмытылған деп есептеймін.
Үшінші себеп, басына жылқының қылын араластырып, таза сүтке иленген қышпен өрілген күмбезді шошақ бейіт, мола тұрғызылып, құлпытас қойылуы, әулие, бақсы болды, қажыға барды делінуі Барлыбай бабаның дәулетті, елге белгілі, танымал тұлға болғанын көрсетеді. Барлыбай атымен бір рулы елдің аталуы да осыны растайды деп ойлаймын. Төртінші себеп, осы Барлыбай моласы қауымында Табынның таңбасы бар, Табын руы деп жазылған құлпытастың табылуы осы бейітке Табындардың жерленгенін растайды. Бесінші себеп, Барлыбай моласы және басқа осы өңірдегі күмбезді шошақ молалар жайлы деректерді жинап, «Парыз» атты кітап бастырып шығарған мұқырлық Амангелді Сәрсенбаев деген кісінің көзі тірісінде руы Әлім Ленин орденді Наурыз Иманғалиевтың (1896-1974 ж.), руы Беріш Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі орденді Рамазан Төлеповтің (1900-1980 ж.), руы Беріш Социалистік Еңбек Ері Жақсы Кенжебаевтың (1887-1984 ж.), руы Адай Хасан Ризуанның (1899-1986 ж.) Барлыбайдың Табын руынан шыққан деген әңгімелерін естігені жайлы жазған деректі хаты.
Міне, ізденіп, сұрастырып жүріп жинаған Барлыбай баба туралы қолдағы бар материал осылар болып тұр. Дегенмен, әлі ашылмаған тарих сыры мен шыны жоғарыдағы атап өткен ауылдарда, елді мекендерде жатқан шығар деп ойлаймын. Ата-баба тарихының жоғын жоқтап, ел-жұрттың аузынан, көненің көзі қариялардан естіген әңгімелерін жинап-теріп жүрген ел ағалары, іні-қарындастардың да ортамыздан табыларына үміттімін. Бабамыз Барлыбай жайлы тың деректеріңіз болса, 1972 жылға дейін тұрған құлпытасын, бейітінің орнын басқа да көрген, естіген адамдар болса, b-ikram@yandex.ru мекен-жайына хабарласуларыңызды сұраймын.

Икрам БОЛЫСБАЕВ,
Қызылорда облысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған