«БІЗ КӨРГЕНДІ ҰРПАҚТАР КӨРМЕСЕ ЕКЕН»

Ауған соғысының ардагері,
интернационалист-жауынгер осылай дейді

Миялы селолық округінің әкімі Нұрлан Бекешев – Ауған жеріндегі қанды соғысқа қатынасқан азаматтардың бірі. Ол 1985 жылдың  қараша айында Кеңес әскері қатарына шақырылып, 18 жасқа енді ғана толған бозаң жас қолына қару алып, Ауғанстан еліндегі қырғынға аттанады.  

 «Кеңес әскерлері 1979 жылдың 25 желтоқсанында Ауғанстан территориясына кірді. Сол кездегі Хафуз Амин үкіметі 1979 жылдың наурызы мен желтоқсан айлары аралығында Кеңес Одағынан 20 рет әскери күшпен көмектесуді сұраған екен. Мен осы елдің Асадабад қалашығында 1985 жылдың қараша айы мен 1987 жылдың желтоқсан айлары аралығында әскери борышымды өтедім» деген Нұрлан Мұратұлы Кеңес әскерлерінің негізгі міндеті соғыс емес, автокөлік жолдарын, кеңес-ауған экономикалық қатынастарының нысандарын, газ өндірістерін, электростансалар, Мазари-Шариф қаласындағы азот тыңайтқыштары зауытын, ірі қалалардағы аэродромдарды күзету екенін айтты. Алайда, ауғандық оппозиция отрядтары гарнизондар мен транспорт колонналарын жиі атқылауы бейбіт мақсатты соғысқа айналдырып жіберді. Елдің шығысында Пәкістанмен шекарада Сүлеймен таулары созылып жатыр, ал, солтүстігінде біздің Орта Азиямен шекарада Гиндикуш жоталары бар. Соғыс осы аймақтарды қамтыды.              

«Мен болған аймақта, әсіресе, өзбек, тәжік солдаттары көп еді. Олардың ана тілі сол Ауған халқының тіліне ұқсас болатын. Батальон командирі В.Быков нағыз батыр еді. Тау сілемдерінің арасынан оқ қарша борап, жан-жақтан жауып тұр. Жау қанша атқылап жатса да қайсар мінезді командиріміз еш уақытта кері шегінбейтін. Оның ержүрек мінезі жанымызға жігер беретін. Екі күнге созылған кескілескен осы қанды қырғында көптеген қарулас жолдастарымыздан айырылдық. Бұл соғыста Қазақстан бойынша 22 мың боздақ әскери борышын сол жақта өтесе, біздің аудан бойынша 35 жауынгер қатынасты. Қазіргі таңда ауданда 16 интернационалист-жауынгер әртүрлі салада қызмет атқарып жүр» дейді Н.Бекешев.

Бұл мереке жыл сайын аудан көлемінде аталып өтеді. Қызылқоғадағы мәдениет ошақтары мен оқу ордаларында жас ұрпақтар интернационалист-жауынгерлермен кездесулер өткізеді. Ауған жерінде азаматтық борышын абыроймен өтеп келген жерлестеріміз Миялы және Сағыз селосының тұрғындары Батыр Дәулетов пен Кендебай Өтеғұлов соғыстың зардабынан жас кездерінде, ешқандай өмірдің қызығын көрмей қаза тапты. Сондай-ақ, Тимур Бақытов пен Нұрман Мәжеков «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны үшін» медальдарымен марапатталған.

«Еліміз бойынша батыр атағын алған боздақтардың 29-ы осы қантөгісте қаза тапты. Олардың арасындағы бір ғана қазақ жігіті қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданындағы «Тасқұдық» елді мекенінде өмірге келген Николай Майданов еді. Ресейдің Саратов қаласындағы әскери авиациялық училищені бітірген. Екі рет шектеулі контигент құрамында болып, Ауғанстанда соғысқа қатынасты. «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған. Кейін Шешенстанда қаза тапты. Өте ержүрек батыр болатын. Ештеңеден тайсалмайтын өжет еді. Біз көрген соғыс жүректерге жазылмайтын жара салды», – деп Нұрлан Мұратұлы өзінің қарулас жолдасы туралы еске алады.

Ол өзінің «Ауған соғысына қатынасқан боздақтарға арнап Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы селосынан Ескерткіш ашып, жауынгерлерге арнап саябақ жасақтап, сол жерге жас теректер отырғызсақ» деген ұсынысын да жеткізді. 

Мағрупа 

БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз