Жарнама
Құқық

«Жұрттан ұят болады!..»

Бүгінгі қоғамда ана мен баланы қорғау, тұрмыстық зәбір көрген әйелдердің мәселелері жиі талқыланатын болды. Осы тұста құқық қорғаушылар әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына маңыз беру керектігін айтуда. Облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Раиса АЙТЖАНОВАМЕН осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбіттік.

– Раиса Зинелғабиденқызы, отбасындағы қатыгездіктің салдарынан шаңырақтың шайқалуы, балалардың жетім қалуы, ажырасуы жиіледі. Бұл күрмеуі қиын мәселенің түп-төркіні неде деп ойлайсыз?

– Иә, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау еліміздің отбасылық-демографиялық саясатындағы өзекті мәселелердің бірі. Қызметім осы мәселемен күресу болғандықтан өз тәжірибеме сүйеніп айтайын…

Мұндай келеңсіз жағдайдың бастауы – отбасындағы тәрбиеде жатыр. Әр отбасындағы баланың қалыптасу процесінде ата-ананың тәрбиесі мен өскен ортасы маңызды роль атқарады. Демек, ертеңгі күні үйдегі ұрыс-керісті жиі көріп өскен ұл мен қыздан не күтуге болады? «Сүтпен кірген сүйекпен кетеді» демекші, бала жастайынан қандай тәрбие алса, ержеткенде де сол әдет қалмайды.

Иә, отбасылық құндылықтың қадірін құлдыратып жібердік. Кез-келген дау-дамай мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың соңы берекесіздікке апарады емес пе?

Мысалы, бір үйде араққа сылқия тойған күйеуі әйелін соққыға жығады. Ал, енді бірінде әйел жұмыс істегісі келмейтін жалқау күйеуімен бірге тұрғысы келмейді. Арада ұрыс-керіс, шу шығады. Бірін-бірі даттайды. Мұндай кеселдің белең алуына басты себеп – ішкілік, ойынқұмарлық, еркектің табыс таппауы. Бұл қоғамдық кеселмен күрес – әрқайсымызға жауапкершілік жүктейді. Жалпы, отбасындағы көптеген кикілжің әлеуметтік жағдайдан тамыр алады.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері туралы айта кетсеңіз…

– Заңда психологиялық, экономикалық, физикалық және сексуалдық зорлық-зомбылық деп бөлінеді. Осының ішінде психологиялық пен физикалық зәбір көрсету  көп. Әйел адамдар психологиялық зорлық-зомбылыққа көп ұшырайды. Олар денесіне жарақат түспесе де уайым-қайғысын іште сақтап, тынып жүре береді. Оның соңы  суицидке итермелеуі мүмкін. Ал, адамның көзі көгеріп немесе жарақаттары болса, аяғы-қолы немесе қабырғасы сынса, бұл физикалық зорлық-зомбылық. Мұндай жағдайда жәбірленуші міндетті түрде «103»-ке хабарласуы керек. Жедел-жәрдем қызметкерлері бізге хабар беріп, жағдайдың анық-қанығын зерттейтін боламыз.

– Қорлық көрсеткен адам қалай жазаланады?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен адам Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің арнайы баптары бойынша жазаланады. Тергеу жүргізіліп, әлімжеттік көрсету дерегі анықталады. Зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық кодекске енгізілген өзгертулерге сәйкес, полицейлер келесі арыз қашан түседі деп күтпей, бірден әлімжеттік дерегін анықтауға көшеді. Айта кетерлігі, денсаулыққа ауыр және орташа деңгейдегі зардап келтіргені үшін зәбір көрсетушіге жаза қатаңдатылды. Кінәлі екені дәлелденсе, ол 2 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Заңнамадағы бұл өзгерістер 19 мамырдан бастап күшіне енген.

Сондай-ақ, қазір отбасы-тұрмыстық саладан қоңырау түсетін болса, онда сол мекен-жайға барып, жәбірленушінің бойында зорлық-зомбылықтың қандай да бір іздері болса, куәгерлердің, көршілерінің айғақтары мен бейнебақылау камераларының жазбалары болса тәртіп сақшылары бірден хаттама толтырады. Бұған дейін іс сотқа жетпей жатып, жәбірленушілер арызын «татуластық» деп алып кететін. Шын мәнінде, олардың мұндай қадамға «қой, жұрттан ұят болады!» дегендіктен немесе қорыққандықтан баратыны белгілі. Енді сот алдында бір рет қана татуласу мүмкіндігі бар. Ал 1-шілдеде күшіне енген Әкімшілік кодекстегі өзгертуге сәйкес, отбасындағы зәбір көрсетуші үстінен арыз түсірмей-ақ оны жауапқа тартуға болады.

Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 73 бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал, олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қылмыстық кодекстің 106 (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру), 107 (денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру), 110 (қинау), 115 (қорқыту) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

– Тұрмыстық зорлықтың алдын-алу жолдары туралы айта кетсеңіз…

– Қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесі бір адамға, бір мемлекеттік органға ғана емес, әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Қазір әркім өзімен-өзі кеткен заман болды да, ешкім ешкімді тыңдағысы да, біреудің ісіне араласқысы да келмейді. Зорлық-зомбылықты тоқтатуға осы қоғамның көп араласпауы кедергі болып отырған сияқты.

Сондықтан бұл мәселені жан-жақты талдап, тұрғындармен, әйелдермен, қыз-келіншектермен, мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылады. Зорлық-зомбылық оқиғасы орын алса, «102» немесе «150» нөміріне хабарласу керек.

Полицияда медиатр, заңгер, адвокаттар, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы, учаскелік полиция инспекторлары, психолог мамандармен бірлескен кешенді жұмыс жолға қойылған. Қоғамдағы келеңсіз құбылыстың алдын-алу мақсатындағы профилактикалық жұмыстар күн тәртібінен түспейді.

– Жуырда  іске қосылған «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығының қызметі қандай?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу міндетін қойған болатын. Осы тапсырманы орындау аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары биылғы 16 қазаннан бастап «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына хабарласа алады.

Жуырда Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың басшылығымен өткен кеңесте тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсететін байланыс нөмірі әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететінін айтқан еді.

«Аталған шаралар азаматтар, әсіресе әйелдер мен балалар үшін қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді. Байланыс орталығы мемлекеттің уақытылы көмек көрсетуінің тиімді құралына айналады, сондай-ақ өңірлер бойынша аса өткір проблемаларға мониторинг жасау үшін деректер көзі болмақ» деген еді Тамара Дүйсенова. 

Аталған байланыс орталығына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Жүйенің үйлесімді жұмысы әйелдер мен балаларға қатысты заңсыз әрекеттердің теріс салдарының алдын алып, тұрғындарға жедел құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен, қиын жағдайға тап болған адамдарға әрбір жағдай бойынша операторлар жеке тәсілмен кешенді көмек көрсететін болады. Аталған бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіне «101», «102», «103» және т.б. нөмірлермен теңестірілген.

– Өзіңіздің жұмыс барысынан бір-екі мысал келтіріп өтсеңіз?

–  Кеше ғана әлеуметтік желі арқылы бір әйел хабарласты. Ол күйеуінен психологиялық зорлық-зомбылық көріп келе жатқандығын жариялаған. Кейін анықтай келе олардың заңды некеде емес екендігін білдік. Екеуі  6 жыл бірге тұрған. Орталарында бір бала бар екен. Жолдасы ішкілікке салынған. Әйелін ұрмайды. Бірақ эмоциясын ауыр, балағат сөздермен шығаратын көрінеді. Бұл психологиялық зорлық-зомбылық түріне жатады. Әйел шаршайды. «Бірге тұра алмаймын, кетемін» дейді. Ал, кетейін десе, мүліктің барлығы күйеуінің атына тіркелген, өзі жұмыссыз. Иелігінде ештеңе жоқ. Біз мұндай азаматтық-құқықтық проблемаға қатысымыз болмаса да, қолымыздан келгенше заңдық тұрғыдан ақыл-кеңес көрсеттік.

Екінші мысал, сенім телефонына бір әйел адам хабарласып, арыз жазбай-ақ  күйеуімен арадағы мәселесін шешкісі келетінін  айтты

«Отасқанымызға 15 жыл болды. Күйеуім ойынқұмар, оны түзетейін деп ақыл айтсам, ішіп келіп өзімді ұрады. Ішпесе, одан жақсы адам жоқ… Үлкен қызым 13 жаста. Енді қызым «мама, бөлек кетейікші» дейді әлгі әйел.

Түсінікті болсын, бұл кісі былтыр да осылай хабарласып, қорғау нұсқамасын шығарғанбыз. Содан кейін профилактикалық бақылауда жүрген отағасы ақыл-есін жиғандай болған. Одан кейін кешірім сұрап барды. Әйелі кешіріп, қайта татуласып бірге тұрған, енді биыл тағы да сенім телефонына хабарласып тұр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық деген төрт міндетті этаптан тұратын цикл болып табылады. Сол биыл қайталануда. Сондықтан шыдамайтынын айтып жеткізді. Бірақ арыз жазғысы келмейді екен. Енді «күйеуім екеуміз психолог маманмен сөйлесіп,  мәселені шешіп көрейік» деп көмек сұрап отыр. Оның оң нәтижесі болады деп сенеміз…

– Маман ретінде қатыгездіктің құрбандарына қандай кеңес айтасыз?

– Соққы алу, өмірден таяқ жеу, қағажу көру, біреудің зорлығына ұшырау – кімнің болса да жүрегіне жара салары анық. Сондықтан ең бірінші отбасын құрардың алдында жарыңыздың сіздің тарапыңызға қатысты ұнамайтын іс-әрекеті болса бірден айту керек. Көбінесе қыздар айта алмайды.

Өткен жылы 20 жастағы жас келіншек «күйеуіммен 6 ай тұрдым. Отбасылық өмірім сондай қиын болады деп ойламаппын» дейді. Оны күйеуі үнемі бақылауда ұстап, ұялы телефонын тексеріп отырады екен. Кімге қоңырау шалып, кіммен хат алмасқандығын жіті қадағалайды. Қыз студент болған соң, сабағы біткен бойда видеоқоңыраумен хабарласып, тексеріп отыратын көрінеді. Содан жүйкесі жұқарған  қыз «мен тұрмаймын» дейді.

Жалпы, бірінші қол көтергенде міндетті түрде дабыл қағу керек. Мұндай жағдайда «102» қызметіне хабарласуды артық деп санаса, сол агрессормен отбасындағы сөзі өтімді адам сөйлесіп, ақылға шақыру қажет.  Сондай-ақ мұндай жағдай қайталанатын болса, міндетті түрде шешім қабылдау керек.

–  Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Майра Оразғалиева

Қыз тәрбиесіне мән берейік

Әр отбасы баланың бойына ізгілік қасиеттерді қалыптастыру керек. Меніңше, мейірімділік ұрық шашпаған отбасында зорлық-зомбылық әрекеттер орын алады.

Бұрын «әйелге зорлық-зомбылық көрсетті» дегенді естімеуші едік. Бұл қазақтың қыз бала тәрбиесіне аса мән бергендігінен болар. Жастайынан кесте тіктіріп, кілем тоқытқан. Мұндай қолөнермен айналысқан қазақ қыздары қашан да ерге сүйеу, елге тіреу бола білген.

Ал, қазір нәзік жандыларға осы шыдам мен төзім жетіспейтіндей. Сәл қиыншылықтан сынып, мүжіліп жатады. Жас отбасының арасына «ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деп араласатын құдағай да болатыны жасырын емес…

Сондай-ақ, келін мен ене арасындағы түсініспеушілік те отбасының ойранын шығаруда. Қалай айтсақ та, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмаудың бірден-бір шарты – салт-дәстүрімізді жаңғыртып, қоғамдық көзқарасты өзгерту дегім келеді.

Надежда ЖҰМАШҚЫЗЫ,

«Алтын алқалы» көп балалы ана

Махамбет ауданы

Статистикалық мәліметтен:

Соңғы 4,5 жылда Қазақстанда тұрмыстық  зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмған.

Ал, денсаулыққа ауыр  зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button