Жүгенсіз жүк көліктері ережеге неге бағынбайды?
Жасыратыны жоқ, Атырау–Индер тасжолының бүгінгі жағдайы мүшкіл. Сегіз жыл бұрын пайдалануға берілген нысанға еш ұқсамайды. Шұрық-тесік тұстары жөнделгенімен, бүгінгі көрінісі құрақ көрпенің кебін киіп тұр. Тасжолдың осындай халге түсуінің бір ғана себебі – ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс салмақта құрылыс материалын тиеп жүруі. Жолдың нашарлығынан көлік апаттарының орын алуы да өзекті мәселе. Қазір тұрғындардың жанайқайын туғызып тұрған бұл проблемаға партиялық жүйе, облыстық мәслихат депутаттары араласып, мән-жайды егжей-тегжейлі зерделеуде.
Сейсенбі күні өткен облыстық мәслихаттың аграрлық сала, жер пайдалану және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында қаралған тақырып та осы болды. Комиссия жұмысына Айбар Ерекешов төрағалық етіп, облыстық мәслихат депутаттары Бақыт Қаметов, Жасұлан Хайруллин, Қазбек Кертаев, Арман Хайруллин және облыстық мемлекеттік кірістер, полиция департаменттері, көліктік бақылау инспекциясының өкілдері қатысты.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бекен Шанаев биыл тоғыз айдағы салық түсімі туралы баяндап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, заңды түрде тіркелген карьер иелері мемлекетке салықты уақытылы төлеп жатқанға ұқсайды. Алайда, мәселе мұнда емес.
Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Сергей Қарашиев жасалып жатқан жұмыс та, орын алып жатқан проблема да барын жасырған жоқ. Мәселені реттеуде инспекциядағы облыс көлемінде қызмет атқаратын 2 жылжымалы бақылау бекетінің жеткіліксіздігі де кедергі келтірсе керек.
– Оның бірі Құрманғазы ауданында шетелдік көліктерді тіркеп-өткізу мақсатында бекітілген маршрутқа сәйкес тұрақты орналасқан. Екінші жылжымалы көлік облыс көлеміндегі 3 мың шақырымнан астам көлік жолын толықтай тұрақты қамти алмайды. Бүгінде мамандардың тапшылығы да негізгі мәселеге айналды. Инспекция ашылған жылдары 120-дан аса адам қызмет етсе, қазір бұл көрсеткіш небары 20-дан асады. Биыл тоғыз айда сала мамандары 1242 хаттама толтырса, бұл көрсеткіштің өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда артқаны байқалады. Былтыр бұл көрсеткіш 870 болған, — деді С.Қарашиев.
Ол өз сөзінде қала және аудандардағы такси қызметімен заңды тіркеуден өткендердің айналысуын бақылау, «Яндекс» онлайн қосымшасымен такси қызметін көрсетуші шетел азаматтарын анықтау, карьер тасымалдаушыларының нақтылаушы құжаттарын қадағалау, шамадан артық мөлшерде жүк тиеуге жол бермеу жұмыстарын құзырлы органдармен бірлесе жүргізу қажеттігі жөніндегі ұсыныстарын айтты.
Биыл қаңтар-қыркүйек айларының ішінде облысты қиып өтетін республикалық маңызы бар тасжолдарда 53 жол апаты тіркелген. 50 адам қаза тауып, 85-і дене жарақатын алыпты. Мұның негізгі себептері жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы салдарынан, соның ішінде ұқыптылық пен қырағылықты жоғалтуы себебінен орын алған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Абзал Әліпқалиев айтты.
– Жыл басынан бері көлік жүргізушілеріне 100 мыңнан аса әкімшілік шара қолданылса, оның 70 мыңы – жылдамдықты асырғандар. Сондықтан, қазір республикалық маңызы бар жолдарда орташа жылдамдықты анықтау үшін сала мамандарының қатысуымен зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал, жол-көлік оқиғаларының көбі техника рулінде келе жатып, жүргізушінің ұйықтап кетуінің салдарынан болып отыр. Автокөлік жүргізушілеріне жол ережесін сақтау және жылдамдықты асырмау туралы ескертпе жасау сияқты түсіндірме жұмыстары күн тәртібінен түскен емес, әлі де жалғаса береді, — деді А.Әліпқалиев.
Қалай десек те, тасжолда ауыр жүк көліктері белгіленген заң талаптарын өрескел бұзып жатыр. Ереже бойынша республикалық маңызы бар жолда жүретін «КамАЗ» көліктеріне салмағы 25 тоннадан артық жүк тасымалдауға рұқсат жоқ. Бірақ бүгінде бұл нормалардың сақталмағаны соншалық, көрсеткіш үш есеге өсіп кеткен.
Тұрақты комиссия төрағасы Айбар Ерекешов мәжілісте қаралған мәселелер бойынша хаттамалық шешім қабылданып, орындалысы қадағаланатынын атап айтты.
– Әріптесім Бақыт Каметов екеуміз жуырда ғана таңертеңгі сағат 8-ден түнгі сағат 12-ге дейін арнайы зерделеу жүргіздік. Сонда әртүрлі заң бұзушылық анықталды, шамадан тыс жүк тиеп келе жатқан 6 жүк көлігінің жүргізушілерінен түсініктеме алынып, жол инспекторы хаттама толтырды. Мұны тоқтату үшін Атыраудың үш бағытына, Индербордың Қызылқоға ауданы бағытына, Құлсары қаласына және Құрманғазы ауданы шекарасына ауыр жүк көлігіне арналған таразы қою керек деп есептеймін. Ал, халықтан түскен арыз-шағым бойынша облыстық мәслихаттың депутаттары көліктік бақылау инспекциясы және полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдке де шықтық. Атырау–Индер жолынан тіркемелі екі SHACMAN автокөлігі тоқтатылды. Алайда жүргізушілер аталған құрылымдардың қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, алдын-ала келісілген KZ 111/06 номерлі Lexus ES 250 көлігімен оқиға орнынан қашып кетті. Заңды шарасын алу үшін 102 операторына хабарлама берілді. 1 сағат 15 минут уақыт өткенімен, облыстық полиция департаментінен ешкім келген жоқ. Мәселеге бұлайша бейжай қарауға болмайды. Сондай-ақ тасжолдағы қауіпсіздік шараларын бақылайтын жол полициясының қызметкерлері нағыз ержүрек, мықты болуы керек. Әлдекім үркітіп, қорқытқанға бой тасалайтын адамдар полиция сапында жүрмеуі тиіс. Осыны департамент басшылығының ескеруін сұраймыз, — деді Айбар Асқарұлы.
Кейбір карьер иелері санитарлық нормаларды өрескел бұзып отырған деректердің кездесіп отырғанын атап айтқан комиссия төрағасы карьерден шығатын жолдарды қатаң қадағалау және көліктерге шамадан тыс жүк тиелуіне жол бермеу, қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына бақылауды жан-жақты тұрғыда күшейту қажеттігін ұсынды. Өйткені, бізде тәртіпті реттеуге бір ғана мекеме өкілдерінің күші жетпейді.
Түйіндеп айтқанда…
Расында да мемлекеттің табиғи байлығын игеріп отырған заңды тұлғалар мәселеге немқұрайлы қарамауы тиіс. Артық салмақ артып, анықтамалық құжатсыз жүрген ауыр автокөліктердің жиі заң бұзуы карьер иелерінде жауапкершіліктің жоқтығынан туындайды. Ал, жауапкершіліктің жоқтығы қоғамда түрлі қордаланған мәселені туғызары хақ.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
* Сіз не дейсіз?
Бақыт ҚАМЕТОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты:
Тәртіпке бағынған құл болмайды
– Индер ауданында құрылыс материалдарын алатын 7 карьер бар. Оның үшеуінде кәсіпкерлік нысанының рұқсат қағазының мерзімі аяқталуына байланысты жұмыс тоқтатылған, қазір төртеуі жұмыс істеп тұр. Олар Дендер тауында болғанымен, біреуі Батыс Қазақстан облысының территориясына кіреді. Екі карьер «АтырауИнжСтрой» компаниясына тиесілі, олар құрылыс топырағын Индер–Қарабау тасжолының құрылысына алып жатыр. Қалған бір карьер – Индер ауданы азаматының иелігінде.
Қазір қалаішілік жолдың да жайы мәз емес. Жүк көліктеріне тыйым болмаған соң жол ойдым-ойдым болған. Ал, қала ішінің жолдары мұндай көліктердің салмағына есептелмеген.
Индер–Атырау тасжолындағы жағдайға тоқталсақ, ауыр жүк көліктері көлік инспекциясы қызметкерлеріне тоқтамай кететіні рас. Ал жол-патрульдік полициясы жүргізуші жол ережесін бұзбаса, көлікті тоқтата алмайды. Тоқтатқан күнде де «шамадан тыс жүк тиедің» деп полицияның араласуына шектеу қойылған. Яғни, полицияның құзыретіне жатпайды. Соның салдары жүк көліктерінің қожайындарын шектен тыс еркінсітіп жіберді. Енді бұл мәселені оңтайлы шешу үшін жауапты органдардың бірлесе жұмыс істегені жөн. Қажет болса, бұған жедел әрекет ету жасағының қызметкерлерін де қосқан жөн. Осылайша, бірлескен форматта рейдтер ұйымдастырып, мәселені шешу керек.
Сонымен қатар, көлік инспекциясының қазіргі функциясын ішкі істер органдарына жүктеген абзал. Бұрын осы қызмет Ішкі істер министрлігінің құзыретінде болған. Тағы бір мәселе – аудандарға шығатын жолдардың кіреберісіне заманауи бағытта қамтылған стационарлық пост салынуы қажет. Бүгінде депутаттық сауал жазып, осы мәселені көтеріп жатырмыз.
Қазір арыз-шағым тіркелмесе, кәсіпкерлердің жұмысын тексеру ешбір құзырлы органның қызметіне жатпайды. Әңгіме арнайы мораторийге келіп тіреледі. Кәсіп иелері мемлекет тарапынан берілген бұл қолдауды теріс қолданбауы қажет. Қалтасын толтыруды ғана ойлап, көлеңкелі бизнеспен айналысып, заңсыздықтарға жол беруге болмайды. Бұл азаматтық емес. Осыдан ардан аттап өту деген ұғым қалыптасады. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген бар. Сондықтан, әрбір кәсіпкер жүк көліктерінің салмағын өлшейтін құрылғыға сүйене отырып, әрбір техниканың белгіленген стандартты сақтауын қамтамасыз еткені дұрыс. Осындай талап-міндеттер алға қойылды. Кәсіп иесі бұған да бағынбаса, карьердің жұмысы мүлдем тоқтатылады.