ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ
Жаңа құрылымның басты ерекшелігі – халыққа есеп беретіндігінде. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, ерекше тоқталар жаңалықтың бірі жергілікті полиция қызметінің басшыларын тағайындауға кандидатты Ішкі істер министрі облыс әкіміне ұсынып, оған мәслихат депутаттары келісімін береді. Жергілікті полиция қызметі басшысының жергілікті қауымдастық алдында есеп беретіндігі көрсетілген.
Жергілікті полиция қызметіне қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін қорғау және тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша міндеттер жүктелгелі отыр. Үлкен істі ұйымдастырушылар бұл бағытта учаскелік инспекторлардың қызметіне айрықша мән берілгендігін айтады. Ал, тұтастай алғанда, оның жергілікті атқарушы орынға есеп беретіндігі және қоғамдық кеңестердің қызметі полиция қызметі жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететіндігі тұрғындардың аталған құрылымға сенімділігін арттырады деген үміт бар.