Жазбаша өткен жиын жас өренді әскерге дайындай ма?
Әр азамат «Отан» деген ұғымның оттан да ыстық қасиетіне бас иіп, оған адал қызмет етуге борышты. Осы жолда қайтпас қайсарлық пен қажыр-қайрат көрсете білетін, ар-намысын бәрінен жоғары қоятын ұрпақ тәрбиелеу абыройлы іс болмақ. Ендеше, қазіргідей Отанды сүю кенжелеп қалған тұста етек-жеңімізді жинап, ел тарихындағы халқын сақтап қалу үшін басын қатерге тіккен тұлғалар туралы көп айтылуы, ал жас ұрпақ бабалардың өткен жолына үңіліп, одан үлгі алуы тиіс. Сондай-ақ баланың ақыл-ойы толысып, буыны бекитін шақ – мектеп қабырғасында патриоттық тәрбие жоғары деңгейде берілуі шарт. Орта білім беру жүйесіндегі алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің маңызы да осында.
Аты бар, заты жоқ тәрбие
Жас өренді отансүйгіштік бағыттағы тәрбиеге баулуда алғашқы әскери дайындық және технологиялық пәнінің беретін пайдасы мол. Алайда, әскери-патриоттық тәрбиенің кенжелеп қалғанын жасыруға болмайды. Ащы да болса шындық, бұл пән мектепте өз деңгейінде өтпейді де…
Білім ошақтарында әскери бағыттағы тәрбиенің мүлдем қожырап кеткенін ата-аналар да жақсы біледі. Атырау қаласының тұрғыны Болат Жарасов санаулы күннен соң мектеппен қоштасатын ұлының әу бастан-ақ алғашқы әскери дайындық сабағына ынталы болмағанын айтады.
– Бұл пәнге арнайы әскери түсті форма керек деген соң, сатып әпердім. Бастапқыда оны сабағына әдейілеп киіп баратын, кейін ол да қалды. Балалардың отаншылдық рухын оятып, елін, жерін сүюге, қорғауға баулитын пәннің мұншалықты елеусіз өтетіні өкіндіреді. Ал, сабақтың қажетті материалдық базасы бір бөлек, оқулық мазмұны тіпті сын көтермейді. Біздің кезіміздегі сабақпен мүлде салыстыра алмайсыз. Алғашқы әскери даярлық сабағына ыждағатты әзірленіп, зор жауапкершілікпен кіретінбіз. Ішінде жаттығу қарулары бар арнайы кабинет болатын, далалықта оқу-жаттығу жасайтынбыз. Оқушылар жыл бойы алған білімдері мен әскери дайындықтарын сол жерде паш ететін. Бірақ соңғы кезде мұндай оқу-жаттығу жиындары өтпейтін болды. Балаларымыздың пәнге деген қызығушылығының төмендеуіне себеп осы деп ойлаймын, — деді ол.
Көптеген мектепте жаттығу қаруларын айтпағанда, саптық алаңдар мен тир де жоқ. Тіпті, жаңа мектептерде де пәнге арналған арнайы бөлмелер, кедергілер жолағы мен тактикалық алаңдар қарастырылмаған. Бұл саланың маңызы мен кемшіліктерін облыстық білім беру басқармасына қарасты Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығы мекемесінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық бөлімінің басшысы Наурызбай Теміров жан-жақты саралап берді.
– Алғашқы әскери дайындық және технология пәнін өткізудегі негізгі мақсат – өскелең ұрпаққа, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, әскери істі дәйекті оқытып үйрету және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет етуге дайындау. Пән нұсқау хаттағы бағдарлама бойынша бір жылға X-XI сыныптарға 34 сағаттан бекітілген. Яғни, аптасына 45 минуттан бір сабақ өтеді. Сабақтың бағдарламасы бойынша дәріс және тәжірибе түрінде қарастырылған. Тәжірибе түрінде саптық дайындық және тактикалық сабақтар – арнайы алаңдарда, атыс дайындығы, топография деген тараулар далада болады. Оқу жылы аяқталар тұста мектеп базасында бес күндік оқу-жаттығу өткізіледі, — деді бөлім басшысы.
Баға қойылмайтын сабақ
Қазақтың өткен тарихында Отан үшін от кешіп, ел мен жер үшін жанын пида еткен ерлер аз болмаған. Ер-азамат үшін Отан ұғымының қаншалықты қастерлі екені осыдан-ақ аян. Қазіргідей жаһандану кезінде ұрпақ бойындағы осы бір ұлы сезімді жас ұрпақтың бойына дарыту, насихаттау да ұлы жұмыстың бірі. Ал, біз әңгімеге арқау еткен алғашқы әскери даярлық пәні – соның бір тармағы ғана.
Бізбен әңгіме барысында Наурызбай Теміров аталған сабақтың маңызын арттыру бағытында бірқатар ұсыныстарын да жасырып қалмады.
«Ең бастысы қоғамға алғашқы әскери дайындық пәнінің маңызын түсіндіре білуіміз керек. Көпшілік бұл сабақта автоматты шашып-жинаған жеткілікті деп ойлайды, бұл қате түсінік. Алғашқы әскери дайындық және технология пәні біраз пәнмен негізделген. Мұның ішінде тарих, химия, физика мен математика да бар. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек те оқытылады. Біріншіден, алғашқы әскери дайындық пәні бұрын аптасына екі сағаттан өткізілетін, қазір бір сағат қана берілген. Бұл уақыт балалардың пәнді толық игеруіне тым аз, сондықтан екі сағатқа көбейту қажет. Екіншіден, оқу-жаттығу жиындары бұрын лагерлер мен әскери бөлімдерде өтсе, қазір мектеп базасынан шыға алмай жүр. Балалардың пәнді практикалық тұрғыда толық меңгере алмайтыны соның салдары. Бұл да қаперге алынуы керек. Үшіншіден, бұл пәнге қазіргі кезде баға қойылмайды. Оқушылар ынтасының төмендеуі де сондықтан. Әр тоқсан сайын әскери сынақ тапсырып бағаланса, бұл мәселе де қалпына келер еді», — дейді ол.
Алғашқы әскери дайындық және технология сабағының өзіне тән ерекшеліктері бар. Ал, пән мұғалімдерінің негізгі міндеті – келешекте Отанын, елін, жерін қорғай алатын, ұлттық намысы мол, жігерлі ұл-қыз тәрбиелеу. Сондықтан мұғалімдерге өз ісінің жетік маманы болу жеткіліксіз, тың ақпараттардан хабары мол болуы шарт. Алайда, бүгінгі пән мұғалімдері осы үдеден шығып жүр ме? Жалпы, оқушыларға бүгін бастапқы әскери дайындық пәнінен кімдер сабақ береді?
Әскерді әйелдер дайындап жүр
Наурызбай Насихатұлының айтуынша, алғашқы әскери дайындық және технология пәнінде мұғалімнің әскерде болуы міндеттелмеген. Қазір облыс мектептерінде әскери кафедрада оқыған немесе осы пән бойынша жоғары білімі бар мұғалімдер сабақ беріп жүр. Олардың арасында ер де, әйел де бар.
– Облыстағы 200-ден астам мектепте бұл пән X сыныптан басталса, колледждерде бірінші курс студенттеріне ғана оқытылады. Ал, мектептерде оқушыларға патриоттық тәрбие беру мақсатында 300 бала қамтылған 13 «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Жалпы, біздің орталық өскелең ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді арттыру мақсатында биылғы шаралардың басым көпшілігін Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл, Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арнап өткізіп отырмыз, — деді Н.Теміров.
Қазір қолданыста жүрген алғашқы әскери дайындық және технология оқулығы 2019 жылы «Келешек-2030» баспасынан шыққан. Жалпы редакциясы бұрынғы Қорғаныс министрі, бүгінде Ұлттық қорғаныс университетінің ректоры, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың басқаруымен дайындалыпты. Кітапты кім дайындаса да, оқулық кемшіліксіз емес, бұл жөнінде қалың көпшілік те жиі айтып жүр. Онда негізгі басымдық азаматтық қорғаныс саласына берілсе, атыс дайындығы мен саптық жаттығуларға қатысты мәліметтер тым шектеулі, ең маңызды мәселе – оқушыларды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу мәселесі мүлде ескерілмеген. Бұрынғы батырларымызды айтпағанда, берідегі Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерлік көрсеткен жаужүрек аға-апаларымыз жайлы да еш мәлімет жоқ.
Тарихи ерлік дәріптелсе…
Бабалар ерлігін оқып, рухын оятпаған ұрпақтың енжар келетінін көзіміз көріп жүр. Сондықтан батыр бабалардың оқулыққа енгізілмеуі – ең басты кемшілігіміз. Философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан да тарихи ерліктердің өскелең ұрпаққа кеңінен насихатталуы керектігін айтып жүр.
– Ұлт тарихы, аға ұрпақтың ерлігі, еліне атқарған еңбегі – патриоттық тәрбиенің маңызды элементі. Тек ерлер ғана емес, ұлттың рухани көсемдерінің, даңқты өкілдерінің бәрі де ұрпақтың мақтанышы, ұлтты, елді қастерлеудің маңызды факторы. ХХ ғасырдың қайшылықты оқиғалары, саясат араласқан өткен тарихтың көлеңкелі жақтары бүгінгі ұрпақтың өткен оқиғаларға деген күмәнді көзқарасын, таласты пікірін туғызды. Бұған көрші елдің ортақ тарихи оқиғаны геосаяси мақсатта, жұмсақ ықпал етудің құралына айналдырған пиғылы да өз әсерін тигізіп тұр. Сондықтан «сол тарихи ерліктерді бүгін ғаламтор мәдениетінің өкілі – жастарға жететіндей, оларды баурап алатындай деңгейде көрсетіп жатырмыз ба?» деген сұрақ туындайды. Тарихты тек дәйекті берумен қатар оны әдемі, қазіргі өнер, кино саласындағы заманауи арнайы құралдармен беру де оның тиімділігін арттырар еді, — дейді Өмірбек Қадырханұлы.
Қоймаға айналған ату бөлмесі
Өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында 2018 жылы «Жас сарбаз» кадет сыныптары мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары ашылды. Мұндай сыныптар атыраулық мектептерде де бар.
– 2018 жылы Атырау қаласындағы бес мектепте «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Өзім сол сыныпта төрт жыл бойы дәріс беріп, шәкірттерім аттестат алғанда куәліктерін де табыстадым. Балаларым халықаралық және «Айбын» әскери оқу-дала жиындарына қатысып жүлделі орындар алып келді. Бұл сынып балаларды шынықтырып, патриотизмге тәрбиелеп, X, XI сыныпқа дайын кадр ретінде бой түзетеді. Осы оқу жылында да қыркүйек айынан бастап VI сыныптар арасында екінші «Жас сарбаз» сыныбын аштым. Қазір балаларды саптық, атыс дайындық, жеке қорғаныш киімін киюге, дәлдікке үйретіп жүрмін. Биыл ақпанда өткен облыстық «Жас сарбаз» сыныптары арасынан шәкірттерім жалпы есепте бірінші орын иеленді, — дейді №33 Қасым Қайсенов атындағы орта мектептің пән мұғалімі Жеңіс Бегешов.
Ол әңгіме арасында алғашқы әскери және технологиялық дайындық сабағының кемшін тұстарын жіпке тізіп берді. Оның алғашқысы – 30 сағаттық бес күндік далалық оқу жиынының практика жүзінде дұрыс жүзеге аспауы. Ақы төленбейтін бұл сағаттардың сұрауы жоқ. Тіпті, барлық мектептерде бес күндік дала оқу жиыны «жазбаша» түрде ғана өтеді екен.
– Біздің мектепте материалдық база бар. Балалардың робототехникалармен жұмыс жасайтын steam кабинеті бар. Саптық алаң да қарастырылғанымен, пневматикалық мылтықпен ататын тир кабинеті мен кедергілерден өтетін қалашықтар жоқ. Ал, облыс мектептерінің көпшілігінде steam кабинеттері де ашылмаған. Олар робототехника негіздерін фото-видеомен жалаң өткізеді. Тир кабинеті болса да, оны кейбір білім беру мекемелері қоймаға айналдырған. Балаларды секіртіп үйрететін дайындық алаңдары мен окоптар да жоқ, — деді ұстаз.
Түйін:
Осыдан 25-30 жыл бұрын жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстары жоғары деңгейде болғанына ел куә. Қазір бұл жұмыстың әбден босаңсып кетуінің бірнеше себебі бар.
Негізгі себеп – отбасылық тәрбие мен идеологиялық жұмыстың кемшіндігі. Дегенмен, отансүйгіштік рухты бір сәтке де осалсытуға болмайды. Болмашы нәрсені сылтауратып, патриоттық сезім бастау алатын мектептегі алғашқы әскери дайындық және технология пәніне атүсті қарау – болашаққа балта шабумен пара-пар. Сол себепті тиісті министрлік бұл пәннің бағдарламасын қайтадан қарағаны жөн.
Отан – сенің туған жерің, отбасың, тұрған үйің, өмір сүрер ортаң, сен пана қылған тәуелсіз мемлекетің. Сондықтан, Отанды қорғау – ең басты борышың болғандықтан, ұлы сезімді нығайтуға салғырт қарауға ешқашан да жол жоқ.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
*Сіз не дейсіз?
Аманжол КЕНЖЕҒҰЛОВ, запастағы майор:
– Соңғы кезде әскерде де, бұқара арасында да жастардың әскери қызметке ынтасы мен көзқарасының нашарлауын әуелі отбасындағы тәлім-тәрбиенің төмендігінен деп ойлаймын. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық сабақтарына бөлінетін сағат санының жылдан-жылға қысқартылуы мен материалдық жабдықталуы (қамтамасыз етілуі) талапқа сай болмауы да себептердің бірі. Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні арқылы оқушылар мектеп қабырғасында жүріп қаруды таниды, саптық даярлықты меңгереді, өмірлік қауіпсіздік ережелерін жаттайды, әскери жарғының не екенін түсініп, әскери шеберлікті үйренеді.
Көптеген білім беру мекемесінде саптық алаңы, кедергі жолағы (полоса препятствия), оқу қаруы, тир тәрізді оқу жабдықтары жоқ. Ал, әскери өмірден мүлдем хабарсыз әйел адамдардың сабақ беруі – шектен шыққан сорақылық. Бұрынғыдай бес күндік дала оқу жиыны мектеп ауласында өткізіледі. Сондай жағдайда елдің батыс өңірінде бірде-бір әскери орта оқу орны (колледж) жоқ.
Осы себептерден жастар әскерге физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да дайындықсыз барады. Әскерге аттанған жастардың психологиялық дайындығы жоқ. Бұл соңғы кездері әскердегі өлімнің көбейіп кетуінің бір себебі.