Жарнама
Құқық

Жаужүрек полицей

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Ешкім де іштен батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген екен. Ал сондай жүрегінің түгі бар, көлденең кезіккен қауіпті көргенде кібіртіктеп қалмайтын азаматтар біздің арамызда да жүргені қуантады.

Биыл 4 мамыр күні Атырау қаласында учаскелік полиция инспекторлары, аға лейтенант Дамир Қорғанбаев пен капитан Елдос Кенжеғалиев өздеріне тиесілі аумақ – Ж.Досмұхамбетов көшесінде әдеттегідей жұмыс бабымен жүрген еді. Кенет Махамбет көшесі бойынан түтінді байқайды. Жағдайды білмек болып, дереу сол аумаққа асығады.

Барған бойда көп қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы балконнан түтін будақтап жатқанын көреді. Бірден өрт сөндіру қызметі мен қосымша жасақ шақыру үшін рацияға хабар береді. Үй маңындағы көліктердің дабыл жүйелерін қосып, дереу иелерін шақыртады. Сол уақытта өрттің де күшейе бастағанын байқаған қырағы офицерлер шамамен 50-ден астам адамды пәтерлерінен алып шығады. Айналаны түтін тұмшалап алғанда, олар өртеніп жатқан пәтерден кішкентай бүлдіршіннің жылаған дауысын естиді. Екеуі ойланып жатпастан есікті сындырып, баланы құтқаруға кіріседі.

– Көрші пәтерден балға алып, есікті бұзбақ болған әрекетіміз нәтижесіз болды. Сол маңайдағы мекеменің ғимаратында өртке қарсы қалқанда тұрған ілмекті әкеліп, үш-төрт рет тартқанда есік те ашылды. Үйдің іші көк түтін, аяқ астына үңіліп қарамаса ештеңе көрінбейді. Бала да жаны қысылғаннан қолына шанышқы алып, есікті тырнап тұр екен. Тіпті, есік ашылғанда үйдегі мысық та жанұшыра сыртқа шықты. Көрер жарығы бар екен, балдырғанды шығарған соң үйдің ішінде басқа адамның қалып қоймағанына көз жеткізіп қарап шықтық. Түтінге уланып қалған баланы «жедел жәрдемге» тапсырдық. Сол кезде өрт сөндіру қызметі де келіп, қызыл жалынды ауыздықтап жатты, — дейді Дамир.

Мұндай оқиғалар жұмыс барысында кездесіп тұратын қалыпты жағдай екен. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осы салаға Дамир өз қалауымен келіпті. Қиындығы сол, қызмет бабымен жүргенде өз отбасына көңіл бөле алмайды, тіпті балаларын да өте сирек көретінін де жасырған жоқ.

Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін марапатталған бір топ азаматтың қатарында Дамир Қорғанбаев та бар. Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен батылдығы үшін «Ерлігі үшін» медалі – оның мемлекеттік деңгейдегі алғашқы марапаты.

Махамбет ауданының орталығында туып-өскен Дамир 2015 жылы Е.Ағелеуов атындағы орта мектепті тәмамдаған соң оқуға түсіп, оны сәтті аяқтайды. Бүгінде тоқсанды еңсерген әжесі мен анасының жанашыры. Анасы өзі оқыған мектепте ұстаз болып жұмыс істейді. 2019 жылы отау көтерген ол – балабақшада еңбек ететін жан жарының қолдаушысы, екі бүлдіршіннің әкесі. Өзінің әкесі бұдан тоғыз жыл бұрын дүниеден озыпты. Құқық қорғау саласына келгеніне үш жылдай уақыт өтсе де жұмысына төселіп, бар ынта-жігерімен қызмет етіп жүр.

– Көктемдегі сол жағдайдан жарты жылдай өткенде Полиция департаменті арқылы марапатқа ұсынылғандығымды естігенде таңқалғаным рас. Оның үстіне мұндай жағдай алғаш рет болып тұр. Президент, Жоғары бас қолбасшының өз қолынан марапат алған сәттегі ішкі сезімімді сөзбен айтып суреттей алмаймын. Мен үшін ерекше сәт. Қобалжу да болды. Өз басым қиындыққа тап болған жас сәбиге көмектескенімді адамдық парыз санасам да, еңбегімізді елеп, ескерусіз қалдырмаған сала басшылығының да үлесі зор деп білемін, ризашылығым шексіз. Жүрегіне мейірім тұнған кез келген адам мұндай қиын жағдайды көріп тұрып, әрекетсіз қалмайды деп есептеймін, — дейді аға лейтенант Д.Қорғанбаев.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button