Жарнама
Құқық

Жастарға тәлім мен жол сілтеп…

Биыл жұмысшы мамандықтар жылы. Бұл бастама ел дамуында еңбек адамдарын дәріптеу, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына жол ашу, сондай-ақ жұмыс берушілер мен HR мамандарының ролін айшықтау мақсатында қолға алынған. Осы орайда, еңбек нарығының тынысын дөп басып, адами капиталды дамытумен айналысып жүрген Мейрамгүл Жолаева жайлы айту заңдылық секілді. Ол – «Болашақ-Атырау» ЖШС-нің мамандар ресурстарын басқару бойынша супервайзері, республикалық «Еңбек жолы» байқауының «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша жеңімпазы. Жиырма жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп, жүздеген жас маманның кәсіби бағытын айқындауға ықпал еткен тәжірибелі маман.
Мейрамгүл Амантайқызы 1985 жылы 1 қаңтарда Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында дүниеге келген. 1991-2002 жылдар аралығында сондағы Ю.Гагарин атындағы №13 орта мектепте білім алып, кейін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Алайда еңбек жолын мектепте емес, өндірістік ортада бастауды жөн көріпті. 2005 жылы «Болашақ-Атырау» компаниясында сынақ мерзімімен жұмысқа орналасып, аз уақыт ішінде өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында кәсіби өсу жолына түсті.


– Жасымда маған сенім артқан жетекшілерімнің қолдауы осы салада қалыптастырды. Қазір сол сенімді мен де жастарға беріп келемін. Бұл бір буыннан екінші буынға берілетін тәлімгерлік эстафета секілді, — дейді ол.
Мейрамгүл Жолаева HR саласындағы еңбек жолын кадр бөлімінің көмекшісі қызметінен бастап, кейін үйлестіруші, аға үйлестіруші, кадр бөлімінің басқарушысы қызметтерін атқарды. Қазір мамандар ресурстарын басқару бойынша супервайзер. Осы уақыт ішінде ол кадрлық іс жүргізуді еңбек заңнамасына сай реттеу, қызметкерлерді бейімдеу және адаптациялық процестерді басқару, HR үдерістерді ұйымдастыру және үйлестіру, құпия құжатпен жұмыс істеу, мемлекеттік органдар және жұмыспен қамту орталықтарымен өзара әрекеттесу, жас мамандарды тарту мен дамыту бағытында табысты жұмыс атқарып келеді.
– Әрбір қызметкер – компания үшін бірегей құндылық. HR қызметінің басты мақсаты да осы, құндылықтарды танып, олардың кәсіби әлеуетін ашу. Мен үшін бұл жай жұмыс емес, миссия, — дейді Мейрамгүл Амантайқызы.
«Болашақ-Атырау» компаниясы атынан ол көптеген ірі жобада HR процестерді басқарып, мол тәжірибе жинақтаған. Олардың қатарында «Теңізшевройл», «Aker Solutions», «Fluor» жобалары бар. Онда тапсырмаларды үйлестіру, командалық жұмыс жүргізу, шешім қабылдау жылдамдығы, HR процестерді стратегиялық басқару сынды маңызды міндеттерді абыроймен атқарды.
Оның айтуына қарағанда, халықаралық жобаларда жұмыс істеу зор жауапкершілік пен кәсібилікті талап етеді. Әр жоба – жаңа сабақ, жаңа тәжірибе. «Бұл менің көшбасшылық қабілетімді дамытып, кең ауқымда ойлауға үйретті», — дейді ол.
HR саласында жүріп, Мейрамгүл жас мамандарды тарту, оларды жұмысқа бейімдеу, кәсіби дамыту бағытында өлшеусіз еңбек етіп келеді. Ол кадрлық резерв қалыптастыру мақсатында оқу орындарының түлектерімен, тәжірибеден өтушілермен белсенді жұмыс жүргізеді. Нәтижесінде көптеген жас кадр компанияда тұрақтап, үздік мамандар қатарына қосылды.
– Жастарға жол көрсету – тек кәсіби бағыт емес, адами қолдау. Олардың өздеріне деген сенімін арттыру біздің басты міндетіміздің бірі. Бүгінгі жас маман ертеңгі көшбасшы екені айтпасам да түсінікті, — дейді тәлімгер.
Мейрамгүл Жолаева өзінің кәсіби білімін үнемі жетілдіріп келеді. Ол іскерлік басқару магистрі (MBA) бағдарламасы бойынша білім алған. Көптеген біліктілік арттыру курстарынан, тренингтерден өтіп қана қоймай, HR және менеджмент саласындағы заманауи әдістерді меңгерген. Сонымен қатар, ол еңбек дауларын әділ реттейтін келісім комиссиясының мүшесі, компанияішілік мотивациялық жобаларға жетекшілік етеді. Бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желілерде мотивациялық жазбаларды да жариялайды, мерекелік шараларды ұйымдастырып, актерлік шеберлігін де көрсетіп жүр.
Оның 20 жылдық кәсіби жолы тек сандар мен атақтар ғана емес, адамдарға деген шынайы ықыластың, жауапкершілік пен сенімнің жемісі. Сол еңбектің еленгені болар, талай марапаттарға да ие болған. HR саласындағы үздік тәжірибелерімен бөліскен әдістемелік материалдар – оның кәсіби беделінің дәлелі.
– Кез келген марапат – мен үшін сенім мен жауапкершіліктің көрінісі. Ол мені одан әрі ізденуге, жастарға көбірек көмектесуге жетелейді, — дейді М.Жолаева.
Ел Президенті айтқандай, «Еңбек – елдің негізі». Бұл қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған HR саласының тәжірибелі маманы Мейрамгүл Жолаева – жас мамандарға бағыт көрсетіп жүрген тұлға, сенімді жетекші, іскер менеджер, ел дамуына өз саласы арқылы үлес қосып жүрген жан.
Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру осындай білікті кадрлардың еңбегі арқылы жүзеге аспақ.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button