Жарнама
Құқық

Жаңа заң – жаңа тәртіп: Атырауда бет-әлпетті жабуға қатысты ереже түсіндірілуде

Биыл 12 шілдеден бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толықтай жабатын киімдерді киюге тыйым салатын заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Осыған байланысты Атырау қаласы полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Облыстық полиция департаменті өкілдерінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары түсіндіру шараларын сауда орындарында және адамдар көп шоғырланатын қоғамдық жерлерде ұйымдастырып, 250-ге жуық тұрғынға жаңа талаптардың мәнін түсіндірді.

Полицейлердің айтуынша, заңның басты мақсаты — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамның тұлғасын анықтауға мүмкіндік беру және қоғамдық тәртіпті сақтау. Бұл ретте азаматтардың діни сенім бостандығы мен басқа да құқықтары шектелмейді.

Жаңа талап тек адамды толық тануға кедергі келтіретін киім түрлеріне, яғни бетперде, никаб сияқты киімдерге қатысты. Ал хиджаб, шейла, химар, аль-амира секілді бет-жүзді жаппайтын киімдерге бұл тыйым қолданылмайды.

Сонымен қатар, ауа райына, медициналық жағдайларға, заң талаптарына немесе қызметтік, спорттық, мәдени мақсаттарға байланысты бет-жүзді жабуға арналған киімдерге бұл шектеу жүрмейді.

Аталған түсіндіру жұмыстары қала аумағында алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button