Жарнама
Құқық

Жаңа заң ашықтыққа жол ашады

Бесенеден белгілі, мемлекеттік сатып алу туралы сөз болса, алдымен жүйелі түрде бағаны негізсіз жоғары қою деректері еске түседі. Мемлекеттік реттеудің ең бір күрделі салаларының бірі болғандықтан да болар, мұндағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көріністері жиі орын алатынын да аңғарамыз. Аратұра естіп жүргеніміздей,  тапсырыс берушілер көп жағдайда бармақ басты, көз қыстыға салып, бір көзден сатып алуды майшелпекке ұластыратыны да жасырын емес. Аталған саладағы ашықтықты қамтамасыз етуге байланысты  Мемлекет басшысы «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Атырауға сапары аясында Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген баспасөз мәслихатына келген Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл аталған заң тиісті процестерді одан әрі автоматтандырып, цифрландыруды қамтамасыз ететінін жеткізді.

Айтуына қарағанда, нәтижесінде бұл қажетті рәсімдердің ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады екен.

— Мемлекет басшысы қол қойған заңды шартты түрде төрт үлкен бөлімге бөліп, қарастыруға болады: сатып алу рәсімдерін жеңілдетіп қысқарту, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жеткізушілердің жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ бәсекелестікті дамыту, — дейді вице-министр. 

Тарқатар болсақ, Заңның бірінші бөлімі сатып алу процедураларын жеңілдетуге және азайтуға бағытталған. Мәселен, құжатта шағымдарды қарау тетігі жаңартылып, ҚР Қаржы министрлігінің бақылаушы орган ретіндегі рөлі қайта қарастырылды.

Сатып алуды жедел жүргізу мен тапсырыс берушілерге үлкен өкілеттіктер беру, сондай-ақ сатып алу рәсімдерін ұзаққа создырмау үшін енді шағымдарды сатып алуды ұйымдастырғандардың өздері тікелей қарайды. Бұған қоса сатып алу қорытындыларына веб-портал арқылы және конкурстық комиссиямен анықталған жеңімпаздың сатып алуыбойынша ғана шағымдануға болады.

Сатып алу рәсімдерінің өткізу уақытын қысқарту мақсатында заңда тікелей белгіленген мерзімдер Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының деңгейіне ауыстырылды.

Ал, Заңның екінші бөлімі сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.

Сатып алуға қатысатындардың біліктілігін арттыру үшін жақсы беделі қалыптасқан өнім берушілер арасында сатып алуды жүзеге асыру мен оның барлық түрі бойынша баға мен сапа өлшемдерін біріктіріп, өнім берушілерді таңдауға көшу ұсынылып отыр. 

Өнім беруші туралы ақпарат мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін кеңінен пайдалану (жұмыс тәжірибесі, қаржылық тұрақтылық, салық берешегінің болмауы, ашық қаржылық есептілікті орналастыру және т.б.) жолымен қалыптастырылатын болады.

Заңда жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі тиісті жобаны іске асырудың барлық кезеңінде бір өнім берушінің жауапкершілігін белгілеп, құрылысты салу жөніндегі жүйелі жұмыстардың тетігі болып саналатын «кілтпен тапсыру» қағидасы бойынша келісімшарт жасасу мен көрсетілген жұмыстарға ілеспе тауарларды жеткізу және қызметтер көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, Заңның үшінші бөлімінде жеткізушілердің жауапкершілігін арттыру көзделген. Мәселен, мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық мониторинг жүргізу мүмкіндігі енгізілді. Айталық, бұрын сыбайлас жемқорлыққа барған әлеуетті өнім беруші, басшы немесе құрылтайшы мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға жалақыны төлеу бойынша берешегі бар әлеуетті өнім берушілер де қатысу мүмкіндігінен айырылады.

Заңның төртінші бөлімі бәсекелестікті дамытуға арналған. Мәселен, Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылғаны мәлім. Бұл платформада мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, сол секілді «Самұрық-Қазына» қорыныңсатып алулары қолжетімді. Бірінші кезеңде қазіргі сатып алу алаңдары сақталады және сатып алу бойынша ақпараттымұқият жинап, көрсету үшін интеграция жүргізіледі.

— «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңда ақпараттың ашықтығына, тапсырыс берушілердің және жеткізушілердің бәсекелестігі мен кәсібилігін қамтамасыз етуге басымдық берілген. Біз мемлекеттік сатып алудағы белгілі бір кезеңдерді алып тастадық. Осы арқылы тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жедел сатып алу мен оларға айтарлықтай еркіндік беру мақсатындатауарларды 100 АЕК-ке дейін, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді 500 АЕК-ке дейін бір көзден сатып алу құқығы қарастырылған. Ауылды жерлердегі әкімдіктерге мұндай тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу шегі 3 мыңнан 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қажетті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді бір көзден сатып алу мүмкіндігі анықталды (қазір тек ТЖ салдарын жою үшін). Қысқаша айтқанда, жаңа заңның мәні тапсырыс берушінің бюджет қаражатын сауатты және тиімді пайдалану арқылы мемлекеттік қажеттіліктерді тиісті деңгейде қамтамасыз етуде жатыр. Яғни, мемлекеттік сатып алу көзделген нәтижелер мен мақсаттарға жетуге қолғабыс етуге тиіс, — деген спикер Дәурен Маратұлы жаңа заңның негізгі новеллалары сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сатып алу процесінің мерзімдерін жеңілдетуге және қысқартуға бағытталғанын атап өтті.
Айта кетелік, аталған заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін болады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button