Жаман әдеттен аулақ бол, жасөспірім!
Осы аптада республикалық «Жасөспірім» іс-шарасы кезінде өңірдің тәртіп сақшылары жоғары сынып оқушыларына құқықтық дәрістер өткізді. Мақсат – оқушылардың жаман әдеттерден аулақ болып, құқық бұзушылықтарға жол бермеуін және олардың қауіпсіздігіне мұқият болуға ықпал ету.
Іс-шара барысында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жакей Иманқұлов қаладағы №42 мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Жасөспірімдерге есірткі және бұзақылық қылмыстарының профилактикасы түсіндіріліп, жол қозғалысы қауіпсіздігіндегі жаяужүргіншілердің, мопед-скутер жүргізушілерінің жауапкершілігі түсіндірілді.
– Біздің болашағымыз – сіздер. Ата-аналарың, мұғалімдерің сендерге үлкен үміт артады. Сондықтан, «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп Абай атамыз айтқандай, тәрбиелі-тәртіпті оқушы болуларыңыз маңызды. Жаман әдеттерден бойларыңызды аулақ ұстаңыздар, — деді Ж.Иманқұлов.
Сондай-ақ, кездесу барысында №2 қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Талғат Сисенғалиев оқушыларға түнгі 23:00-ден кейін тұрғын-жайдан тыс жерде ата-ана қарауынсыз жүру жауапкершілігін түсіндірді. Кездесуден соң, департамент бастығының орынбасары мектептегі бейнебақылау жүйесі мен дабыл түймелерінің, күзет қызметінің жұмысымен танысты.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ