ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАНДАР ЖАЗАЛАНАДЫ
Облыс прокурорының аға көмекшісі Айболат Бектеннің айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бұрынғы құжаттан ерекшелігі көп. Жаңа кодекстің құрылымы өзгеріп, жалпы, ерекше және іс жүргізу бөлімдеріне бөлінген. Мәселен, ұрып-соғу, денсаулыққа зиян келтіру, дәрігерлік құпияны ашу, бөтен біреудің мүлкін ұрлау, жалған кәсіпкерлік секілді келеңсіздіктер бұрын әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатын. Ендігі жерде олар қылмыс ретінде бағаланады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ерекше бөліміне бұрын-соңды болмаған 30 жаңа бап енгізілген. Анықтай айтқанда, жұмысшыға екі жыл бойы еңбек демалысын бермесе, жұмыс берушіге енді айыппұл салынады. Жаңа кодекске сәйкес, шағын бизнес нысандары мен жеке тұлғаларға салынатын айыппұлдың мөлшері 50 пайызға кемітіліп отыр. Шағын және орта кәсіпкерліктің аражігі де анықталуда. Мысалы, 50-ден астам жұмысшысы бар, активінің мөлшері орташа есеппен 60 мың есептік көрсеткіштен аспаса ол – шағын кәсіпкерлік, ал, еңбеккерлерінің саны 50-ден 250-ге дейін жететін актив мөлшері 60 мыңнан 325 мың айлық есептік көрсеткішке дейін болса, бұл орта бизнеске жатады. Сонымен қатар, жаңа құжат бойынша соттардың жүктемесі азайтылуда. Облыстық және оған теңестірілген соттарда кассациялық сатыдағы соттың ашылуы да – ерекше тоқталар жаңалық. Бұдан өзге, науқастануына байланысты айыпты адамның әкімшілік жауапкершіліктен жалтарып кетуіне енді жол берілмейді.
Ұсақ бұзақылық жасағандар заңсыз әрекеті үшін енді қатты өкінуі ықтимал. Оларға салынатын айыппұлдың мөлшері бірнеше есеге көбейіп кетті. Бір жылдың ішінде бірнеше рет көзге түскендер 15 тәулігін абақтыда өткізуге мәжбүр болады. Айта кетейік, ұсақ бұзақылық дегенге қоғамдық орындарда былапыт сөз айтқан, қолындағы қоқысын тастап кеткен, жұртшылықтың тыныштығын алған, темекісінің тұқылын көшеге лақтырған, тағы басқа тәртіпсіздік көрсеткендер жатады.
Жаңа Қылмыстық кодекс туралы газетімізде облыс прокурорынан бастап, заң, құқық қорғау органдары жетекшілерінің, қызметкерлерінің мақалалары жарияланды. Оларды қайталамай-ақ, оқырманның назарын мына жағдайға аударсақ дейміз:
Енді ел арасында өсек айтып, гу-гу әңгіме қоздыратындар, ақпарат құралдарында, ғаламторда ойына келгенін жазатындар жазаға тартылмақшы. Нақтылап айтсақ, БАҚ-тар немесе әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқандарға салынатын айыппұлдың мөлшері 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлеміне жетеді немесе қоғамдық жұмысқа жегіледі. Өсек таратуын қоймаса 5 жылға дейінгі мерзімін темір тордың арғы жағында өткізуі мүмкін.
Зымиян оймен елдің аумақтық тұтастығына қауіп төндіргендер алдағы уақытта қатаң жазаға ілігеді. Мұндайлар сепаратист деп танылып, 15 жылға дейін абақтыға жабылмақ. Шетелге жасырынып өтіп, соғысқа қатынасқандар, экстремизмді насихаттағандар да енді жасаған әрекетіне қатты өкінбекші.
Жаңа Қылмыстық кодексте бас бостандықтан айырудың балама шараларын кеңінен қолдануға басымдық берілген. Сонымен қатар, көлігімен адам басып өлтірген жүргізушілерге жәбірленуші тараппен келісімге келуіне тыйым салынады. Атауының өзі жиіркенішті педофилдерге және қателігінің кесірінен науқас өліміне себепкер болған дәрігерлерге де жаза күшейтілуде. Прокуратура өкілінің пікірінше, бұрын алдын ала тексеру деген болатын. Бір-екі айдың ішінде тергеу материалдарын жинап қаттағаннан кейін барып қылмыстық іс қозғалатын. Қазіргі жаңа кодексте тек қана бірінші күннен бастап тергеу жұмыстары басталады.
Басты тоқталары, Қылмыстық кодекс полицейлерге үлкен міндет жүктеуде. Ендігі күні полицейлер ұсталғандарға өз құқығын оқып беруі тиіс. Оны барлық тергеушілер мен Ұланның сарбаздарына дейін жатқа білуі керек екен. Сондай-ақ, жаңа Қылмыстық кодекс бойынша ұсақ-түйек бұзақылық жасағандар жазадан айыппұл төлеп, құтылуы мүмкін. Бұрын мұндай қарекет жасағандар түрмеге жабылатын. Айта кетейік, бүгінде Қазақстан сотталғандардың саны бойынша әлемде 35 – орында тұр.
А.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.