«ЖАҢАРУ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ
Бұл қоғамдық бірлестік өткен жылғы 3 желтоқсанда Әділет министрлігінде тіркелген болатын. Оның құрамына Боран Рахымбеков, Мұрат Әбенов, Мұхтар Ерман, Сергей Злотников, Батыржан Әшітов тәрізді республикаға белгілі тұлғалар енді.
Бірлестіктің барлық облыста филиалдары құрылды. Атыраудағы құрылымға агротехникалық колледж директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Болат Сандыбайұлы Қожиев жетекшілік етеді. Оның құрамында Сергей Алпатанов, Әлия Бекқожиева, Таупих Кәрімов, Гүлнәр Сәдуақасова, Ғаббас Хисметуллин, Нұрлы Әйтиева, Айдынғали Нәсиев, Қуандық Медеуов, Иосиф Шмаль, т.б. бар.
Жалпы, «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің мақсаты – Елбасы Н.Назарбаевтың жемқорлыққа қарсы саясатын алға қарай апарып, оның одан әрі пәрменді болуына ықпал жасау. Бұл ретте қоғамның, билік пен бизнестің бірлескен іс-әрекетін қамтамасыз ету керек.
Осы орайда бірлестік жемқорлықпен күрес бойынша «Жол картасын» қабылдау қажет деп санайды. Яғни, заңнамалық үрдіс пен құқық қолдану тәжірибесін, атқарушы билік пен арнайы органдардың, азаматтық қоғам мен жұртшылықтың жемқорлыққа қарсы бірлескен күресінің теңгерімді жүйесін ұсынады.
Жасыратыны жоқ, қазіргі қолданылып жүрген жемқорлыққа қарсы мемлекеттік сараптаманың баламасы жоқ және ол күткендегідей нәтиже бермей отыр. Оған дәлел – өткен жылы ғана прокуратура органдарымен 32 мың құқықтық актінің күші жойылуы. Ал, бұлардың басым бөлігі тиісті сараптамадан өткен болатын. Сондықтан, «Жаңару» бірлестігі нормативтік-құқықтық актілердің қоғамдық жемқорлыққа қарсы сараптамасы жүйесін құруды ұсынады. Оның нәтижелері құқықтық актілерді шығарумен шұғылданатын депутаттар мен лауазымды тұлғалардың назарына ұсынылмақ.
Бірлестіктің облыстық филиалының жанынан Жемқорлыққа қарсы журналистік клуб құрылды. Оның мақсаты – мемлекет қаражатын заңсыз және мақсатсыз пайдалану, жекелеген адамдардың құқықтарын бұзу фактілері бойынша журналистік зерттеулер жүргізу. Аталған клуб тек облыстағы ғана емес, еліміздегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтаса жұмыс жасайды. Клуб құрамына облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінің шолушысы Меңдібай Сүмесінов енгізілді.
Бірлестік филиалдарында Қоғамдық сенім орталықтары құрылуда. Мұнда білікті заңгерлер мен журналистер, сонымен қатар қарапайым азаматтар да еңбек етеді. Сондай-ақ, «wwwjanaru.kz» электронды порталы жасалды. Бұл арқылы жемқорлықпен күрес шараларын жетілдіруге бағытталған пікірталастар, «дөңгелек үстелдер» өткізуге және мекемелердің немесе нақты лауазымды тұлғалардың жемқорлық фактілері талқыланады.
Жалпы, «Жаңару» бірлестігінің мүшелері Елбасының жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресін қолдайды және бұл бағыттағы жоғары жауапкершілікті жақсы түсінеді. Сондықтан, мемлекет тағдырына немқұрайлы қарамайтын, қоғамды жемқорлық тәрізді жегіқұрттан тазартуға ұмтылатын азаматтарды ынтымақтастыққа шақырады.