Жарнама
Құқық

ЖАҢА ЗАҢ – ЖАҢА ТАЛАП

 Жауапкершілік күшейді

Бүгінде еліміздің жолдарындағы жантүршігерлік оқиғалар кәдімгідей азайды. Мұны полицейлер тәртіптің күшейгені, заңның қатайғанымен байланыстырады. Мәселен, биылғы тоғыз ай бойынша жол-көлік апаттарының саны 6,7 пайызға кеміпті. Қаза тапқандар мен жарақаттанғандардың қатары да тиісінше, 15,6 және 8,4 пайызға аз.

— 2014 жылдың 30 сәуірінен бастап қолданысқа енгізілген ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске енгізілген өзгерістер, оның ішіндегі жол тәртібі ережелерін бұзуға қатысты жауапкершіліктің күшейтілуі қауіптің алдын алуға себебін тигізді. Осының негізінде 334 адам ажалдан аман қалды, 1672 жол қозғалысына қатысушы денсаулығын сақтады, — дейді еліміздің Ішкі істер министрлігінің басқарма бастығы Қанат Сәдуақасов.

Атырау облысында да жол бойындағы апаттардың саны кемігендігі байқалады. Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция өкілдері жыл басынан бері  жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 22,8 пайызға азайғандығын айтып отыр. Бұл тегеурінді талаптың нәтижесінде жүзеге асқаны анық. Дегенмен, жасалатын жұмыс әлі де көп. Оның маңыздылығын бұған дейін жаңа заңның ерекшеліктерін газет бетінде түсіндірген облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы ұйымдастыру бөлімінің бастығы Талғат Марденов пен әкімшілік практика бөлімінің аға инспекторы Арман Сейтқазиев те айтқан еді.

 

Ел  назарын аударған ерекше  құжат

«Жол қозғалысы туралы» жаңа заңға қоғамның назары ерекше ауды. Өйткені, ол жол қозғалысына қатысты тың бастама, соны жаңалықтарға толы. Соның бастысы ретінде жол сақшысының жүргізушіні тоқтатуына қатысты бапты айтуға болады. Бұрын жол полициясы кім көрінгенді шаруасынан қалдырып, жол жиегіне қаңтарып қоятын. Оны не үшін, қандай себеппен тежегеніне мән беріле бермейтін. Ал, жаңа заңда полиция қызметкерінің техниканы қандай негізге сүйеніп тоқтататыны алғаш рет анық жазылды. Яғни, жолда жүру ережесі бұзылған жағдайда, ұрланған техникаларды іздеген, оның ішінде оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушінің соңына түскен кезде, шұғыл әрекет ету және алдын алу шараларының тұсында, тағы басқа жағдайларда көлік тоқтатылады.

Көпшілікті үлкен пікірталасқа түсіргені –  жаңа заңдағы арнайы белгі болмаса жол жиегіне көлік қоюға болмайтындығы туралы талап. Оны бұзғандар 10 айлық есептік көрсеткіші көлемінде, яғни 19 мың теңгенің шамасында айыппұл төлейді екен. Ол қаншалықты ақылға сыйымды? Сонда жол-жөнекей тоқтағанның бәрі айыпқа тартыла ма? Заңгерлер осындай сұрақтарды құзырлы орынның алдына кесе-көлденең қойып отыр. Өйткені, еліміз бойынша тиісті белгі мен сілтемелер жетіспейді, қажетті жерлеріне қойылған жоқ. Ол қыруар қаржыны, ұйымдастыру жұмыстарын қажет етеді. Заңның осындай олқы тұсын іштері сезгендей еліміздің ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басшысы Игорь Лепеха іле-шала мәселеге қатысты жұртты тыныштандырып, пікір білдірді.

— Магистральдың бойында сары жолақ болмаса, «Тоқтауға тыйым салынады» деген белгі орнатылмаса, жүргізушінің тоқтай беруіне болады. Біз қазіргі күні жергілікті атқарушы орындармен бірге мәселені нақтылап жатырмыз. Ешкімнің қорықпауына болады, әзірге бәрі бұрынғыша бола бермекші, — деді комитет басшысы.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері жаңа талап қала көшелеріндегі көліктердің жүрісіне жол ашу мақсатында қолға алынғанын айтып отыр. Бастама негізсіз емес секілді. Мысалы, Атыраудың орталығындағы «Насиха» сауда үйі немесе «Дина» базары тұсынан кейбір күндері өту мүмкін болмай қалады. Жүргізушілердің «темір тұлпарларын» кез-келген жерге қаңтарып, кетіп қалатындығынан жолда кептеліс, халыққа ыңғайсыздық туындауда. Жаңа талаптың төңірегіндегі әңгіме жол инфрақұрылымы құрылысының қарқынды болмай отырғандығымен де түсіндіріледі.

 

Аэрографияға тыйым  салынды

Көлігін «керемет өнер туындысына» айналдырғандардың енді  ойларынан бас тартудан өзге амалы қалмайды. Өйткені, жаңа заңда аэрографияға тыйым салынды. Техникасына айқыш-ұйқыш етіп сурет салуды бәзбіреулер «өзіндік ерекшелік» немесе «техниканың ұрлануына жол берілмейтін қадам» деп түсіндірген, алайда, полицейлердің оларға тосатын жауабы да әзір екен. Сақшылардың айтуынша, көлікті әспеттеген әртүрлі сурет, әлем-жәлем дүние жүргізушінің қауіпсіздігіне әсер етеді. Кейбір қалаларда оны тамашалап келе жатқан жас жеткіншектердің жазатайым оқиғаға кезіккен кезі жиі көрінеді. Дегенмен, «темір тұлпарын» топтан ерекшелемек болғандарға «Жол қозғалысы туралы» заңда үлкен мүмкіндік берілген. Ішкі істер министрлігі вип-нөмірлердің ресми құнын жариялады.

Аталған министрліктің әкімшілік полиция комитетінің өкілдері «жаңа мемлекеттік белгінің құны қазақстандықтардың қалтасы көтере алатындай, шетелдің тәжірибесіне сүйене отырып жасалды» дейді. Бастысы, енді «әдемі»  нөмір алмақ болған жан тамыр-таныс іздеп, сабылып жүрмейді. Жергілікті әкімшілік полиция басқармасының ғимаратына барып, жолығуына, тиісті ақшасын төлегеннен соң қажетін алуына болады. Мұны облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция бастығының орынбасары Мырзалы Өтеғалиев айтып отыр.

 

Жүргізуші куәлігіндегі жаңалықтар

Ел назарын ерекшелігімен аударған құжатта жаңа жүргізушілік куәлігіне айрықша маңыз берілген. Жаңа заңның басты жаңалықтарының бірі де осы деуге болады. Жүргізуші куәлігіне бұрынғы А, В, С және D санаттарына енді ВЕ, СЕ, және DЕ қосылды. Мәселен, А1 санатына жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын  мотоцикл, трицикл, квадроцикл, мопедтер кіреді. Біздің осы талапқа тоқталуымыздың өзіндік себебі бар. Бүгінге дейін мопед пен квадрациклді  тізгіндегендердің  қолына құжат ұстауы міндетті емес еді. Осының әсері шығар, қала көшелерінде желмен жарысқан жүгірмектердің қарасы көбейді. Олар жол жүру ережесіне мойын бұрып қарамайды. Білмегендіктен де өзге жұртқа төндіретін қаупі ұлғайды. Аталған заңда алғаш рет көрініс тапқан құқықтық негіз осындай бассыздыққа жол бермейді. Енді мұндай жандардың жасына да шектеу қойылуда.

65 жастан асқан әр жүргізушінің екі жыл сайын медициналық тексеруден өтуі қажеттігі, желмен жарысатындарға тәртіптің күшейгені, басқа да жайлар — «Жол қозғалысы туралы» заңның өзіндік өзгешеліктері. Сөз жоқ, жаңа құжат көпшілікті бейжай қалдырмады. Дегенмен, ел назарын аударған заңды жергілікті жол сақшыларының халыққа ұғынықты тілмен түсіндіріп беруге асықпайтындығы таңдай қақтырады. Болашақта осы олқылықтың орны толады деп ойлаймыз. Бастысы, жол бойындағы қауіп-қатерден аман жүрейік.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button