Құқық

Атырауда су тасқыны бойынша сотқа 133 талап арыз түсті

Атырау облысының соттарына 16 қыркүйекке дейін су тасқынынан зардап шеккендерден 133 талап арыз түскен. Оның ішінде 15 шағымданушының талабы қанағаттандырылды. Бұл туралы kazinform.kz хабарлады.

Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихованың Kazinform-ға ұсынған мәліметіне сүйенсек, талап арыздың 129-ы Жылыой ауданынан, ал, 4-еуі Қызылқоға ауданынан берілген.

«16 қыркүйекке дейін су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан азаматтық істер бойынша 56, әкімшілік іске қатысты 77 талап қою түсті. Шағымданушылар «Жылыой ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі мен тұрғындардың арасында жасалған келісім шартты бұзу, әкімдіктің әрекетін заңсыз деп тану, зардап шеккендерге келтірілген зиянды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияның әрекетін заңсыз деп тану, қайта бағалауды міндеттеу, үйді апатты деп тану, келтірілген зиянды өтеу, материалдық шығынды өндіру туралы талап қойды», — деді Анаргүл Салихова.

Оның дерегіне қарағанда, азаматтық істер бойынша талаптардың 55-і Жылыой аудандық сотына, 1-еуі Атырау қалалық сотына түскен. Ал, әкімшілік істерге қатысты талаптардың 75-і Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына, 2-еуі Қызылқоға аудандық сотына берілген.

«Азаматтық істер бойынша талап қоюшылардың талаптары сотпен қаралу сатысында тұр. Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен 16 әкімшілік іске қатысты шешім қабылданды. Оның ішінде 15 талап қоюшылардың талабы қанағаттандырылды. Ал, 1 талапты қанағаттандырудан бас тартылды. Аталған сотта 6 талап тараптардың медиациялық келісімге келуіне байланысты кері қайтарылды», — деп мәлім етті Анаргүл Салихова.

Сот шешімдері заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Тасқын су басқан Құлсарының тұрғындарына 62 үй берілген болатын.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button