Жарнама
Құқық

ЖАҢА КОДЕКСТЕРДЕГІ ЕЛЕУЛІ ӨЗГЕРІСТЕР

Біздің мемлекет ҚР Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу Кодекстерін қабылдау кезінде дамыған елдердің озық тәжірибелеріне сүйенді. Ол елдер ғасырлар бойына өз құқықтық жүйелерін үнемі жетілдіріп келеді. Қазақстан атап айтқанда, Германия, Франция, Түркия, Грузия, Ресей секілді мемлекеттердің тәжірибелеріне зер салып, әрқайсысынан өзіне керегін алды. Яғни, біз шетелдік құқықтық-жүйенің нормаларын басы бүтін көшіріп алған жоқпыз, тек жақсы жетістіктерін ғана таңдадық және оларды өз ділімізге (менталитет) лайықтап, бейімдедік.

Кодекстерге енгізілген жаңалықтарға нақты тоқталсақ, біріншіден, қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысы жеңілдетіледі. Яғни, енді процессуалдық заң тергеуге дейінгі тексеру сатысын қарастырмайды, бұрынғы Кодексте ол қарастырылған еді. Қылмыстық іс криминалды сипаттағы барлық тіркелген өтініштер бойынша қозғалған болып саналады. Тергеу ауқымына сәйкес, тергеу әрекетінің барлық кешені жүргізілуі мүмкін. Сөз жоқ, мұндай әдіс өтінішті толық, жан-жақты зерттеуге және нақты оқиғаның  жайын  егжей-тегжейлі тексеруге мүмкіндік береді.

Бұрынғы заңда тергеуге дейінгі тексеру ауқымындағы тергеу әрекеттерінің белгілі бір шеңбері туралы көрсетілген еді. Жаңа заң бойынша қылмыстық сот өндірісінің кез келген сатысында құқық бұзушылық жасаған тұлға не прокурормен серіктестік жөнінде келісім жасайды немесе кінәсін мойындайды. Бұл тиісінше оның жағдайын жеңілдетеді.

«Әділ сотпен келісім» деп аталатын бұл институт біз үшін үлкен жаңалық болып отыр. Бірақ, ол әртүрлі құқықтық жүйелерде кеңінен әрі жемісті түрде қолданылып келеді. Ол құқық қорғау органдарына процесті жеделдетуде, қоғамға қауіп туғызып отырған қылмыс пен оған қатысушыларды анықтауда зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сот өндірісіне жұмсалатын шығындарды да қысқартады.

Өз кезегінде күдікті де (немесе айыпкер, сотталушы, сотталған) мәселенің этикалық жақтарын айтпағанда (яғни, істеген әрекетіне өкіну секілді), өз ахуалын жеңілдетуге мүмкіндік алады.

Жаңа Кодекстерде куәгерлерге де қатысты жеңілдіктер қарастырылып отыр. Атап айтқанда, судья белгілі жағдайларда куәгердің айғағын бір рет жазып алғаннан кейін әрі қарай оның сот отырысына қатысуы шарт емес. Сондай-ақ, тергеу судьясы қызметінің енгізілуіне орай, соттың өкілеттігі кеңейе түсті. Азаматтардың құқығын шектеп келген тергеу әрекетін санкциялау қазіргі заманғы барлық құқықтық жүйелер бойынша сот органдарына берілді.

Естеріңізде болса, 2008 жылы прокуратура қамауға алу, үй қамағына алу шараларын санкциялау өкілетін сотқа табыс еткен болатын.Жаңа заңда оған тағы да бір қадам жасалды.

Енді 2015 жылы лауазымды қызметінен уақытша аластатуды санкциялау, жақындауға тыйым салу, кепілдік қолдану, мүлікті қамауға алу, өлі денені эксгумациялау, күдіктіге немесе кінәліге халықаралық іздеу жариялау мәселелеріне қатысты да өзгерістер орын алғалы отыр.

Бүгінгі таңда «криминогенді ахуал өзгере ме?» деген сұрақ әркімді де толғандырады. Бұл әрине, орынды сұрақ. Дегенмен, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу жаңа Кодекстеріне орай қылмыс деңгейі өзгереді деп болжам жасауға негіз жоқ. Бірақ бағалау тәртібі өзгереді.

Мәселе мынада болып отыр: Жаңа Кодекстерде  тергеуге дейінгі тексеруді жүргізу жайын қарастырады. Мұндағы мақсат – қылмыс белгісінің бар-жоқтығын және қылмыстық іздестіруді жоққа шығаратын жағдайларды анықтау. Егер қылмыс белгісі анықталған ретте қылмыстық іс қозғалып, тергеу органдары іске кіріседі.

Ендігі жаңа талаптар бойынша жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстық, құқық бұзушылық әрекеттер туралы шағымдар бірыңғай сотқа дейінгі тергеулер журналында тіркелген соң қылмысты іздестіру органы дереу тергеу ісіне жұмылады.

Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВ,

Атырау облысының прокуроры

 

Сайып келгенде, біз қандай нәтижеге қол жеткіземіз? Бұрын криминогенді жағдай қылмыс деңгейіне байланысты, яғни, қылмыстық іс қозғалған қылмыстар бойынша бағаланатын, ал расталмаған өтініштердің санына ешкім назар аудармайтын. Енді қылмыстық істер саны өседі. Бұдан бұрын айтқанымдай, тергеуге дейінгі тексеру сатысы болмайды. Егер бұрынғы бағалау әдісімен қарасақ, қылмыс еселеп өскендей көрінеді. Шындығында олай емес. Бұған қарапайым мысал келтіруге болады. Мәселен, 2013 жылы облыста қылмыс жөнінде 30 мыңнан астам өтініш тіркелді. Оның ішінде сегіз мыңнан сәл астамына, яғни, нақты расталғандарына ғана қатысты іс қозғалды.

Жаңа жағдайда барлық тіркелген өтініштер қылмыстық істер болып саналады. Яғни, тіркелген 30 мың факті қылмыстық істі тергеу процесі кезінде расталмаған қылмыстар есебінен қысқаруы мүмкін.

Әрине, бір қарағанда, заңды жетік білмейтін адам үшін елде қылмыс жүгенсіз кеткендей көрінуі мүмкін. Оны сауатты түрде білу үшін бұл Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу Кодекстері жөнінде әркім хабардар болғаны жөн.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button