Заңды қатайту мәселені шеше ме?
Отбасындағы шектен шыққан қатыгездік – қылмыс. Кейбір оспадарлардың орынсыз әрекетін осы санатқа жатқызу мәселесі қалың бұқараның көптен бері талқылап жүрген тақырыбы. Былтыр елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты оқиға резонанс туғызып, кінәлілер көбінесе жазасыз қалатыны да айтыла бастады. Отбасылық құндылыққа кері әсерін тигізетін осы келеңсіз жайтты мемлекет басшысы да назардан тыс қалдырмағанынан жұртшылық хабардар.
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқықтары және заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған нормативтік-құқықтық актілерге қол қойды.
Соған байланысты облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы ұйымдастырған «дөңгелек үстелде» мамандар мен сарапшылар «заңдағы өзгерістер қоғам санасын сілкіндіріп, зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті ынталандыруға тиіс» деп тұжырым жасады. «Дөңгелек үстелге» Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Зәмзагүл Жалмурзина, Адам құқығы жөніндегі Ұлттық орталықтың Атырау облысындағы өкілі Амангелді Абдолов, Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Раиса Айтжанова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, құқық доценті Жанна Шаяхметова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, әлеуметтанушы Өмірбек Бекежан, Атырау қалалық №2 сотының судьясы Эльмира Ойкулова, спорт саласының ардагері, «Елсана» рухани-патриоттық клубының мүшесі Ақмырза Батырхайырұлы қатысып, газеттің бас редакторы Назарбек Қосшиев жүргізіп отырды.
Өзгеріс енгізуге не түрткі болды?
– Заңда әйелдер мен бала құқығын қорғауға қатысты жаңа нормалар енгізілген екен. Оның тиімділігі бұқараның көңілінен шыға ма?
Зәмзагүл ЖАЛМУРЗИНА:
– Бұған дейін қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеніне қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылықты еңсеруде оның еш нәтиже бермей отырғанын көрсетті. Зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу жөніндегі жұмысты тұтастай үйлестіретін уәкілетті орган да болған жоқ.
Нақтырақ айтсам, 2009 жылы қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормалары негізінен зорлық-зомбылық фактілері мен олардың салдарына бағытталған. Содан бергі статистиканың өсуі алдын алу шараларының іс жүзінде тиімсіз екенін көрсетті. Қолданыстағы заң полиция органдары мен соттардың іс-шаралар қабылдауымен шектелді. Осыған байланысты, 2017 жылдан бастап «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу қажеттілігі зерделене бастады.
Бас прокуратура Қазақстан Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлесіп, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасын ұсынды. Соның аясында статистика, қылмыстық және әкімшілік істердің материалдары зерделенді. Ал, 2020 жылы заң жобасы талқыланып, Ұлттық комиссия тарапынан ескертулер мен ұсыныстар депутаттарға жеткізілді. Алайда, «Қазақстандық ата-аналар одағы» қоғамдық бірлестігі тарапынан «бұл заң менталитетке қарсы, бізге үйлеспейді» деген қарсылықтар, қоғам арасында да түрлі алыпқашпа әңгімелер туындады.
Иә, Президент Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында балалар мен әйелдер құқықтарын қорғауға баса назар аударып келеді. Өйткені, бұл «жылы жауып қоятын» мәселе емес. Міне, соңғы төрт жылға жуық талқыланып келе жатқан заңға енді ғана өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жанна ШАЯХМЕТОВА:
– Жалпы, бұл заң бір күнде қабылданған жоқ. Жаңа заңның біржақты қаралған тұстары да бар. Айталық, осы бағытта құқық бұзушылық жасаған адамды қылмыскер ретінде танып, жазаны қатаңдату қарастырылған. Меніңше, «қылмыскер кім?» деген сұраққа жауап іздеу керек.
Қазақстанда статистика бойынша зорлық-зомбылықты 16-18 жастағы азаматтардың 14%-ы, 18-29 жас аралығындағы тұрғындардың 54%-ы жасайды екен. Ал, өлімге душар ететін жағдай 29 жастан асқан адамдардың арасында жиі кездеседі. Заңдардың жұмыс жасау тетіктерін қарасақ, мұндай жағдайда ең бірінші принциптердің (алғышарттардың) дұрыс орындалуын қадағалау керек.
Бұл жерде отбасылық құндылықтар да маңызды. Өйткені, зәбір көрген де, оны қорлаған адам да отбасынан шықты емес пе? Екеуі де отбасында көрген тәрбиенің жемісі. Бірінші мәселе, заңда «әлеуметтік орталықтар ашу керек» дейді, ал ондағы мамандар кімдер, олар арнайы дайындала ма? Қоғам осыған дайын ба? Айталық, «үйдегі жалғыз асыраушы зорлық-зомбылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды» делік, енді оның бала-шағасын кім бағып-асырайды?! Мінекей, бұл арада мәселені біржақты қарамай, қоғамдық талап жағынан да зерделеу керек деп есептеймін.
Екінші мәселе, осы заңның қабылдануына қоғамда қарсы пікірлер де болғаны белгілі. Өйткені, бізде бір сәнге айналды ма, әйтеуір «шет мемлекетте осылай, біз де соны енгізуіміз керек» деген еліктеушілік бар. Біздің қоғамға ол заңдардың бәрі сәйкес келетін болса, ол заңды түп-тамырымен өзгертіп тастауымыз керек қой. Ал, оның әр жерінен бір жұлып алып, өзімізге енгізген заң тиімділігін бере ме, жоқ па? Оның жауабын уақыттың еншісіне қалдырайық.
Сондықтан да шет мемлекеттердегі заң нормаларының кейбір тұстарын енгізгенде де жан-жақты зерделеу керек. Біздің заң нормалары мен жүйесіне сәйкестігін салыстырған жөн.
Эльмира ОЙКУЛОВА:
– Таяуда Президент қол қойған әйелдер мен балалар құқығын қорғайтын нормативтік құжат 60 күн өткенде күшіне енеді. Нақтырақ айтсам, Неке және отбасы, Қылмыстық процессуалдық, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстерге өзгерістер мен баптар енгізілді.
Енді әйелін ұрып-соққан адам қылмыстық жауапқа тартылады деген сөз. Яғни, заңдағы өзгеріске сәйкес денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу «қылмыстық құқық бұзушылық» ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды, яғни бұл сипаттағы іс әкімшілік жазадан қылмыстық жазаға ауысты.
Десек те, таяқтың екі ұшы бар. Заңдағы өзгерістер отбасындағы қорлыққа тосқауыл болады. Заңға сүйену тиіссіз жанжалға ұласпаса екен. Ал, зәбір көріп жүрген әйелдің құқы қорғалса – заңның тиімділігі сол. Екінші жағынан кейбір адамдар мұны жеке мүддесіне пайдаланып кетуі мүмкін. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, осындайда «алимент төлеген жоқ», «ішіп келіп сөйледі», «айлық әкелмеді» деп, қит еткенге арыздана бермесіне кім кепіл?!
Олай дейтінім, жұмыс барысында түрлі жағдайларға еріксіз куә болып жатамыз. Жеке пікірім, бұл жерде әйелдің қаруы – тіл, еркектің қаруы – жұдырық болмау керек. Еркек те, әйел де дана болса, отбасындағы кез келген мәселені ақылмен шешуге болады.
Әр адам сана деңгейіне, құқықтық позициясына байланысты әрекет етеді. Жаңа өзгеріске сәйкес «жұдырықшы» қылмыстық жауапкершілікке тартылады, іс қысқарған күннің өзінде қылмыс жасаған адам ретінде базаға енгізіледі. Ол күндердің күнінде балалардың болашағына «маңдайға басқан таңбадай» әсер етеді.
Әлсізге күш көрсету тектілік емес
– Жалпы, отбасында әйел құқығының тапталуы тұрғысынан облыста соңғы жылдары орын алған деректер қандай? Көрсеткіштің артуының себебі неде? Жалпы, әйел құқығының қорғалуы қандай деңгейде? Ұсыныс-пікірлеріңізді ой-талқыға салайық…
Раиса АЙТЖАНОВА:
– Жаңа өзгерістердің тиімділігі бар. Былтыр Қылмыстық кодекске өзгерістер 19 мамырдан, ал Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне 1 шілдеден бастап күшіне енді.
Қазір отбасы-тұрмыстық саладан қоңырау түссе, онда сол мекен-жайға барып, жәбірленушінің денесінде зорлық-зомбылықтың қандай да бір іздері болса, куәгерлердің, көршілерінің айғақтары мен бейнебақылау камераларының жазбалары болса тәртіп сақшылары бірден хаттама толтырады. Бұған дейін іс сотқа жетпей-ақ, жәбірленушілер арызын «татуластық» деп алып кететін. Шын мәнінде, олардың мұндай қадамға «жұрттан ұят» дегендіктен немесе қорыққандықтан баратыны белгілі.
Енді сот алдында бір рет қана татуласу мүмкіндігі бар. Ал 1 шілдеде күшіне енген Әкімшілік кодекстегі өзгертуге сәйкес, отбасындағы зәбір көрсетушінің үстінен арыз түспей-ақ оны жауапқа тартуға болады.
Осындай өзгерістер 2023 жылдың шілдесінен бастап жанұялық жанжал туралы хабарламалардың төмендеуіне әкелді. Салыстырмалы түрде айтсам, «102»-ге биылғы үш айда барлығы 1314 хабарлама түссе, өткен 2023 жылдың үш айында 1841 хабарлама тіркелді. Жалпы, былтырғымен салыстырғанда 527 хабарламаға азайып, отбасылық жанжалдың төмендеуі байқалады, әсіресе отбасында «қайталама» деректер азайды.
Халық арасында «отбасындағы қатыгездікке әлеуметтік жағдай себепші» деген түсінік бар. Ол қате пікір, кикілжің оқыған-тоқыған, тіпті материалдық жағдайы жақсы отбасыларда да кездеседі.
Статистиканың төмендеуіне ақпараттық жұмыстың нәтижесі болды деп ойлаймын. Былтыр мекемелер мен оқу орындарында заңның қатаңдатылғанын түсіндіретін кездесулер өтіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Зәмзагүл ЖАЛМУРЗИНА:
– Облыста осы мәселе бойынша ақпараттық түсіндіру, алдын алу жұмыстары, отбасы институтының беделін арттыру, нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соған қарамастан «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп отыратындар да кездеседі.
Бір ғана мысал, Жылыой ауданының тұрғыны жақсы жерде жұмыс жасайды. Бірақ қызғаншақ күйеуінен үнемі таяқ жейді және қысымшылық көреді. Ажырасайын десе «ұят боладымен» өзін өмір бойы құрбан етіп келе жатыр. Сондай-ақ, маскүнем отағасы әйелін балаларымен қосып сабап, ақыры олар Атырау қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған дағдарыс орталығына орналастырылды.
Жасыратыны жоқ, қасындағы жұбайына зорлық көрсетіп, ортада бейкүнә балалардың обалына қалып жатқандар көп.
Әрине, заң нормалары қатайғаны дұрыс. Десек те, қоғамдағы кез келген проблеманың түп-тамыры тәрбиеден бастау алатынын ұмытпау керек. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысында ата-ананың ұрпаққа аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бар. Алайда, қазір осы құндылықтар өміршеңдігін жойып барады. Тәртіпсіз ұл мен қыз, шайпау әйел, маскүнем ерді тоқтататын аузы дуалы ел ақсақалы, абыз атасы, ақ жаулықты анасы азайды, тіпті жоқтың қасы. Сондықтан, жазылмаған дала заңымен реттелген отбасылық қарым-қатынастың дұрыс жолын қазір заңмен ғана жүйелеуге тура келеді.
Соңғы кезде тәрбие осалсығаны рас. Әр адам өзінің отбасында көріп-түйгенін үлгі етеді, ол бала болсын, үлкен ересек адам болсын!.. Егер ол үйінде мейірім көрмесе, қатыгездік-қайырымсыздық көрсе, соның барлығын айналасына көрсетеді. Сондықтан, отбасындағы зорлық-зомбылықтың түп-тамырына балта шабу үшін тәрбиемен шұғылдануы тиіс.
Қатыгез адамға жаза да қатты!
– Статистикаға сүйенсек, отбасындағы қатыгездіктің қандай да бір түрі әрбір сегізінші қазақстандық отбасында бар. Жасыратыны жоқ, бұл бүгінгі дамыған қоғамдағы көкейкесті мәселеге айналды. Аталған проблемадан отбасындағы балалар да жиі зардап шегеді. Заңда әйел мен бала құқығын қорғауға қатысты жаңа шектеулер қолға алынып отыр. Ал, қалың бұқара «ата-ана мен баланың арасына іріткі салады» деп алаңдаулы. Шындығында, бұл өзгерістердің ұлттық менталитетке үйлесімділігі қандай?
Амангелді АБДОЛОВ:
– «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» Заң қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды қадам екені түсінікті. Бұл заңның қабылдануына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл құрылымы да өз үлесін қосты. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны қатайтуды көздейді.
Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық деп саналса, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-нен 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады.
Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Педофил баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылады, 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлағанға – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады.
Айта кетейін, заңдағы өзгерістер тек тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың криминилизациясына қатысты емес. Сонымен қатар отбасы қарым-қатынасы, баланың қауіпсіздігі, елдегі әйел мен бала мәселесіне де арналған.
Десек те тәртіпке бағынуды, заңға қайшы әрекеттер жасамауды әркім өзінен және отбасынан бастаса құба-құп.
Ақмырза БАТЫРХАЙЫРҰЛЫ:
– Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі, сол себепті заңсыздықтың түп-тамырына балта шабу үшін біз тәрбиемен айналысуымыз керек.
Бәріміз де «обал болады», «ұят болады», «жаман болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелендік емес пе?! Қазір обал-сауапты түсінбейтін дүбәра күйге жеттік. Бүгінде осындай ұрпақтың көбейгені қынжылтатын жағдай. Сондықтан тәрбиені күшейткен жөн. Бұл тәрбиенің барлығы салт-дәстүрімізде көрініс тапқан.
«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деп бекер айтылмаса керек. Аналарымыз қыздардың шашын өріп отырып «сен жат жұрттықсың, сол үйдің көсегесін көгертесің» деп санасына құйған. Ғұмырлы сөз өмір бойы есте сақталады емес пе?! Халқымыз ерте кезден адамгершілікті, ар-ұятты, инабаттылықты жоғары бағалай білген.
Соңғы кезде болашақ келіндерді тәрбиелейтін «Бәйбішелік мектеп» тәрізді қайталанбас жоғары колоритті жоғалтып алдық деуге болады. Бұл өткенді аңсау емес!.. Тек өткеннің еншісіндегі жақсы дүниені келешектің кемесіне салып, ұлттың ұлылығын танытатын игіліктің барлығы да ұмыт қалмауы үшін қыздың тәрбиесіне мән беру керектігін түсінейік дегім келеді.
Раиса АЙТЖАНОВА:
– Мен де ақсақалдың айтқанын құптаймын. Баланың қалыптасу процесінде ата-ананың тәрбиесі мен өскен ортасы маңызды роль атқарады. Демек ертеңгі күні үйдегі ұрыс-керісті жиі көріп өскен ұл мен қыздан не күтуге болады?!
«Сүтпен кірген сүйекпен кетеді» демекші, бала жастайынан қандай тәрбие алса, ержеткенде де сол әдет қалмайды. Біз оны күнделікті өмірден жиі көріп жүрміз.
Эльмира ОЙКУЛОВА:
– Иә, жанжалдан басталған ұрыс ұрып-соғуға ұласып, ақыры ауыр зардапқа соқтырып жатады. Меніңше, заңдағы өзгерістерді осы қоғам дертімен күресіп, елдегі отбасы институтының беделін көтеру үшін қабылдаса керек. Нәтижесін береді деп үміттенеміз. Тек қылмыстық фактіні дұрыс анықтау және барлық тарапқа әділетті болу жолында жұмыс істеуіміз керек.
Бұл жерде ұлттық менталитет тұрғысынан емес, адам құқығы тұрғысынан қараған жөн. Өйткені, заман көші өзгерді, өркениет әлемі өзінің дегенін тұрмысымызға сыналап енгізіп келеді.
«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді». Сондықтан әйел қауымы өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие берсе, зорлық-зомбылықсыз әлемді бірге құруға әрқайсымыз атсалыссақ, мұндай келеңсіз мәселелер азаяды деп сенемін.
Құндылықты қалай қайтарамыз?
Өмірбек БЕКЕЖАН:
– Қабылданып отырған өзгерістер қоғамда белгілі бір қайшы пікірлер туғызған заңнамалық актінің бірі болып отыр. Ол түсінікті де, себебі бұл мәселе қоғамда бұрын да болған, қазір де жиі көрініс беріп жүр. Сонымен қатар әрбір отбасы да осы мәселеге алаңдаушылық білдіретіні сөзсіз.
Жалпы заңнамалық жағынан қарасақ, бұл – адам құқығы, қоғамның ізгіленуі сияқты жалпыадамзаттық құқықтық процесінің нақты көрінісі, ол жағынан оның маңыздылығы күмән туғызбайды. Елде жиі болатын қатыгездік фактілері де оны жоққа шығармайды. Бұл – әлемдік құқықтық кеңістікте белең алып, бізге де таралған қылмыстық әрекеттерге заңнамалық шеңбердегі объективті жауабы.
Мұның екінші жағы – қоғамдық сананың реакциясы, қарсы көзқарастардың пайда болуы. Бұл жерде қазақ қоғамындағы дәстүрлі отбасы құндылықтары, жанұялық қатынастардың өзіндік ерекшеліктері жағынан қайшы пікірлер туып отыр. Ол да түсінікті. Дәстүрлі тәрбие түсініктеріндегі тәрбиесіздік, тәртіпсіздік көріністеріне қылмыстық сипат берілуі алаңдаушылық туғызды. Қоғамдағы құқықтық сана, құқықтық мәдениет деңгейіне де жаңаша көзқарас керек екені кейінге шегерілген.
– Қазақ қоғамында көпшілік «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп отбасындағы әлімжеттікті жария етпейтіні ақиқат. Демек қордаланған мәселенің алдын алу шараларына басымдық беріп, қоғамда отбасындағы қатыгездіктің кез келген түріне төзбеушілік ұстанымын қалыптастырған жөн. Ол үшін өзара көмек пен сыйластық, басқа адамдарға құрметпен қарау құндылықтарын дәріптеген дұрыс болар…
Амангелді АБДОЛОВ:
– Бұл заң – бұрыннан бар құжат. Тек толықтырулар мен түзетулер енгізілген. Ал, Заңдағы өзгерістердің негізгі бағыты – отбасылық құндылықтарды қорғау. Бірақ ондағы кейбір нормалар туралы заңгерлердің пікірі де әртүрлі.
Жалпы кез келген заңның тиімді және тиімсіз тұстары болады. Осы орайда тиімсіз баптар анықталып, оны өзгерту шаралары жасалуы тиіс. Заң қоғамның басты байлығы әрі тірегі болып табылатын адамның, жалпы халықтың мүддесі үшін жұмыс жасауы керек.
Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасы бойынша, әлемде 736 миллион әйел адам зорлық-зомбылыққа ұшыраса, оның 640 миллионнан астамы – 15 жастан асқан қыздар мен әйелдер. Жалпы, посткеңестік елдердің арасында Қазақстан 2009 жылы бірінші болып зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қабылдады.
Әрине, отбасындағы қатыгездік мәселесі әйел құқығын бұзып қана қоймайды, өскелең ұрпаққа тәрбие беруге кері әсерін де тигізетіні даусыз. Расында, бұл жерде тек жәбірленушінің құқықтары бұзылып қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі.
Ұлы бабамыз Әл-Фараби: «Тәрбиесіздік – адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім келешекте адам өміріне апат әкеледі» деген болатын. Демек қоғамда болып жатқан дүниелердің барлығы отбасынан бастау алады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»
Өмірбек БЕКЕЖАН:
– Қазіргі жаһанданған заманда ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтардың төмендеуі – көптеген факторларға, себептерге ие құбылыс. Әлемдегі өткен ғасырларда басталған эмансипация үрдісі, феминизм қозғалысы, гендерлік проблемалар біздің елде де белсенді жүріп жатыр. Ол да заманға сай объективті процесс. Тек бұл процестің де дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қайшы келетін тұстары да бар екенін жасырмау керек.
Қазіргі балалар «глобалдық бала», өйткені оларды интернет тәрбиелеп жатыр деуге болады. Онда психикаға әсер ететін идеологиялық контент көрсетіліп жатады, оны кім тексеріп жатыр?! Ал, олардың ролі өте зор. Өйткені, қазіргі балалар газет-журнал оқымайды, ата-ананың көбі жұмыста. Балалар көбіне YouTube пен әлеуметтік желілерден олардың сана-сезімінің қалыптасуына теріс әсер беретін контентті көреді. Менің ұсынысым – ұлттық идеология тұрғысынан көп жұмыс жасалу керек.
Жанна ШАЯХМЕТОВА:
– Заң қатайды. Сол құжаттың атауының өзі «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заң емес пе?!
Демек заңға қайшы әрекеттің алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жасалуы шарт. Қоғамдағы әке мен ананың ролін бірдей көтеріп, отбасылық құндылықтарды насихаттаған дұрыс. Ақпараттық технология дамығаны жақсы әрине, неге интернеттегі ақпаратты ұрпағымызға «сүзіп» бермеске?!
Бұрын мектепте «Құқық негіздері» толыққанды пән ретінде оқытылды. Бала мектеп жасынан құқықтық мәдениетті меңгеріп, өзгелердің шекарасын бұзбауды үйренуі тиіс. Қысқаша айтқанда, өзгенің құқығына сыйластықпен қарауды бала бойына сіңіріп өскені абзал. Айта берсе, себептің көп екенін бәріміз де ұғынып отырмыз.
Қалай десек те, тәрбиенің негізі жанұядан бастау алатынын жоққа шығара алмаймыз. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Атаға не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген нақыл сөздерге қарап, бар мәселе отбасынан басталатынын терең ұғынуға болады.
Зәмзагүл ЖАЛМУРЗИНА:
– Бүкіл жұмысты жергілікті атқарушы органға жүктеп қояды. Көп жағдайда заңның әкімшісі болмайды. Ұлттық комиссия 2010 жылдан бері ұлттық идеологияның жоқтығын айтып келеді. Ұрпақ тәрбиесінің алгоритмі жоқ. Оны жасауға мүмкіндік бермеді. Өйткені, экономиканы дамытамыз деп жүргенде, ұлттық идеология тыс қалды. Кезінде елді асыраған балық зауыты, кеңшарлар мен ұжымшарлар қалай құрыса, тәрбиені де дәл солай осалсытып алдық.
Бүгінде аналар кеңесі, әкелер кеңесі, ақсақалдар кеңесі, әжелер кеңесі түрлі шаралар ұйымдастырып, өздерінше жұмыс істеп жатыр. Қоғам да бейтарап қалмай, осы механизмдердің барлығымен күш біріктірсек, зорлық-зомбылықты мүлдем жойып жібермесек те, азайтуға болар еді.
Ақмырза БАТЫРХАЙЫРҰЛЫ:
– Қай кезде де «Отан отбасынан басталады» деген қағидат өзектілігін жойған емес. Ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық құндылықтар, шаңырақтағы береке-бірлік, ерлі-зайыптылар арасындағы мәңгілік одақ деген түсініктер кейінгі кезде өзіндік құнын жоғалтып бара жатқандай әсер қалдырады. «Менің балам бастық болады», «қызым жұлдыз болады» деп баланы ынталандырып жүргенде, оларға жақсы әке, жақсы ана, инабатты келін, үлгілі отбасы болуды үйретуді ұмыт қалдырғанымыз өкінішті!..
Бүгінгі мәселенің бір шешімі – ұлттық құндылықтарымызды балабақшадан бастап баланың бойына сіңіріп, тәрбиелеуіміз керек. Сонда ғана отбасылық зорлық-зомбылық деген мәселенің алдын алуға, ошақ қасындағы әңгімені жүйелі шешуге болады.
Тобықтай түйін
Иә, отбасы мәселесіндегі көлеңкелі тұс – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Мемлекет басшысы назарға алған заңдағы өзгерістің түпкі мақсаты да бала мен әйел құқын қорғау болса керек.
Ендеше, «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген даналықты негізге алып, ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірдегі ролін айқындап алсақ құба-құп. Қоғамдағы ізгілік пен мейірім, кең пейіл мен жанашырлық қасиеттері отбасы, ошақ қасынан тарайтын шуақ еді ғой!
Жазып алған Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ
Заңға енгізілген жаңа нормалар:
√ неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институттарын нығайтуға негізделген «Неке және отбасы» заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени-отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік-рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;
√ отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның ролін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады;
√ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін «Отбасын қолдау орталықтарын» құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;
√ өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
√ кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;
√ білім беру мекемелері кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;
√ 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
Дағдарыс орталығына кімдер орналасады?
Егер отбасында дау-жанжал болып, жәбірленушінің баратын жері болмаса, ол мамандандырылған дағдарыс орталығына орналаса алады. Орталыққа орналасу үшін мына номерлерге хабарласу қажет:
- 8 (7122) 46 60 60;
- 102;
- 111.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалғаны туралы арызбен полицияның учаскелік инспекторына немесе мына номерлерге хабарласу керек: - 98-35-33;
- 98-22-30;
- 8 (702) 235 1998;
8 (702) 846 3777
(тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер үшін).