
Заңды білген зардап шекпейді
Атырау қаласында облыстық ішкі саясат басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «We talk: Заң және тәртіп» жобасы аясында студент жастарға арналған тағылымды кездесу ұйымдастырылды.

Атырау қаласындағы Каспий өңірінің қазіргі заманғы көпсалалы жоғары колледжіндегі шараның негізгі мақсаты жас буынға заңға бағынудың маңызын түсіндіру, қоғамдағы тәртіпті сақтау мәдениетін дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Кездесу спикерлері қатарында полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Мейірім Ердәулет, Ақпараттық-құқықтық орталығының жетекшісі Жанар Ильясова, сондай-ақ тәжірибелі заңгерлер Сағын Хабденұлы мен Бауыржан Құндызбайұлы болды. Олар өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, құқықтық мәдениет пен заң талаптарын сақтаудың қоғам тұрақтылығына әсері жайлы мазмұнды ой қозғады.
Жастар да бұл басқосуда белсенділік танытып, көкейіндегі сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Әсіресе, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы әділдікті нығайту, заң алдындағы жауапкершілікті сезіну жайы кеңінен талқыланды.
Қатысушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жас буынның құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік органдар мен жастар арасындағы сенімге негізделген ашық диалогқа жол ашады.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар студенттерге алғыс білдіріп, ел болашағы үшін әрбір жастың белсенді азаматтық ұстаным танытуы қажет екенін атап өтті.
Майра ЕРҒАЛИ