
Заң мен тәртіп – бәрінен биік
Қазақ баласы қай дәуірде де әділеттің ақ жолынан жаңылған емес. Заманында «Тура биде туған жоқ» деп ел тағдырын шешкен дана халқымыздың бүгінгі арқасүйер темірқазығы – Конституция. Бұл жолда мемлекет мүддесін қорғайтын, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды басты міндеті санайтын прокуратураның атқарып отырған ролі зор.
Мереке қарсаңында біз өңірдегі заңдылық пен әділеттілік жолында атқарылып жатқан тың істер мен жемісті жетістіктер жайында Атырау облысының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Бауыржан ЖҰМАҚАНОВПЕН сұхбаттасқан едік. Әңгімелесу барысында өңірдегі құқықтық тәртіптің нығаюы, әлеуметтік әділеттіліктің орнауы, кәсіпкер мен баланың құқығынан бастап, табиғат пен мемлекет мүддесін қорғауға дейінгі аралықтағы ауқымды істер кеңінен қозғалды.

Заңсыздық – қоғамның қас жауы
– Бауыржан Альбертұлы, әңгіменің әлқиссасын прокуратураның Ата Заңдағы орны мен маңызынан бастасақ…
–Иә, Конституцияда белгіленген қағидаттардың сақталуын қадағалау – прокуратура органдарының басты міндеті болып отыр. Бұл бағыттағы біздің роліміз Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабында нақты жазылған. Яғни, прокуратура мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуына қадағалау жүргізеді, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Бұл – жай ғана құзырет емес, үлкен жауапкершілік.
Құқық саласында «Заңсыздық – қоғамның қас жауы, ал заң – оның алтын қазығы» деген қағида бар. Иә, өткенге үңіліп, бүгінгі күнді аңсаған кезде әр тұрғынның жүрегінде әділеттілікке деген сенімнің артып, қоғамда тұрақтылық пен татулықтың орнағанын қалаймыз. Ата Заң – азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің өзегін бекемдеген басты тірек. Сондықтан да Конституция күні әр қазақстандық үшін жүрек төріндегі ерекше мереке.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жылғы 5 қарашада қабылданған «Прокуратура туралы» жаңа заң құқықтық жүйедегі біздің орнымызды айқындап, қызметімізге жаңа серпін берді. Бұл заң прокуратураның мәртебесін арттырып қана қойған жоқ, оның қоғам алдындағы міндетін тереңірек сезінуге жол ашты.
«Елге қызмет – ерге міндет» деген ұстаным прокуратура қызметкерлерінің күнделікті жұмысында айқын көрініс табуда. Мұның бір дәлелі – биыл Ұлттық статистика бюросы жүргізген халықтық сауалнама нәтижесі. Оның қорытындысында Атырау облысының прокуратурасына деген сенім деңгейі 78,4 пайызды құрап, республика бойынша екінші орынға табан тіредік. Бұл жай ғана көрсеткіш емес, ел сенімі мен прокуратураға артылған үміттің айғағы.
Құқық үстем болса, ел өркендейді
– Биылғы 23 маусымда Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде «Заң және тәртіп» атты іргелі қағидатты жариялады. Осы бағытта құқық қорғау органдарының алдында қандай маңызды міндеттер мен басымдықтар белгіленді?
– Президент осы жиында құқық қорғау органдарына қарата сөйлеген сөзінде ел болашағына тікелей әсер ететін салмақты міндеттерін нақтылап берді.
Алдымен Президент бес түрлі қоғамдық кеселге – тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, ысырапшылдық пен лудоманияға қарсы пәрменді күрес жүргізу қажеттігін қадап айтты. «Заң мен тәртіп» ұғымы – жазалау құралы емес, қоғамды әділет пен парасат жолына бастайтын басты құндылық.
Президент жастар тәрбиесіне ерекше назар аударды. «Балалар мектептен адал азамат болып шығуы тиіс» деген сөзі терең мәнге ие. Себебі өскелең ұрпақтың бойына заңға құрмет пен әділетке адалдық қасиеттері сіңсе, елдің ертеңі жарқын, еңсесі биік болмақ.
Сондай-ақ қылмыстың алдын алу, қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, құқық қорғау органдарын сервистік модельге көшіру секілді нақты тапсырмалар берді.
Заң бұзғанның жазасы бар
– Енді әңгіме бағытын өңірдегі қылмыстық ахуалға қарай бұрсақ. Соңғы үш жылда алаңдататын қандай бағыттар бар? Прокуратура тарапынан қолға алынған нақты шараларды да айта кетсеңіз.
– Атырау облысының қылмыстық жағдайы соңғы үш жылда біршама тұрақтанып келеді деп нық айта аламыз.
Былтырдан бастап облыстық прокуратураның бастамасымен Өңірлік қылмысқа қарсы күрес және алдын алу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Бұл құқық қорғау, арнаулы, жергілікті атқарушы және барлық құзырлы органдардың бірлескен бұйрығымен жүзеге асқан кешенді шара. Жоба аясында 2024-2027 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспар қабылданып, оны іске асыруға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер тартылып отыр.
Бүгінде интернет-алаяқтық пен есірткі саудасы күрделі әрі қауіпті бағыттардың бірі болып тұр. Себебі қылмыскерлер заманауи цифрлық құралдарды – криптовалютаны, әлеуметтік желілерді, жасырын платформаларды пайдаланып, күрделі қылмыстық схемалар жасайды.
Біз де сол құралдарды өздеріне қарсы пайдаланып, киберқылмысқа қарсы күресте жаңа әдістерге көштік. Прокуратураның үйлестіруімен интернет-алаяқтарға тиесілі 68 млрд. теңге көлеміндегі криптовалюта бұғатталды. 2000-нан астам SIM-картаны заңсыз сатып, алаяқтарға көмектескен «Kcell» қызметкері мен ақша аудару үшін жеке деректерін берген «дроппер» сот алдында жауап берді.
Бұдан бөлек адам өлтіру, отбасылық зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс, жасөспірімдер мен мас күйде жасалған құқық бұзушылықтар сияқты ауыр қылмыстарға қарсы нақты қадамдар жасалуда. Осы мақсатта жуырда облыс прокуратурасында құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті үйлестіру кеңесі өтті.
Есеңгіреткен есірткімен күрес
– Есірткі саудасы бүгінде алаңдатарлық деңгейге жеткен қылмыстың бірі. Осы тұрғыда өңіріміздегі есірткі трафигі мен одан түсетін кірістерді тәркілеу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
–Бүгінде есірткі жай ғана құқықбұзушылықтың түрі емес, тұтас ұлттың болашағына балта шабатын қасіретке айналды.
Бұл кесел – елдік иммунитеттің сын-қатері. Есірткіге тәуелділіктің соңында ұрпақ саулығы, отбасылардың күйреуі, ұлттың генетикалық әлсіреуі сынды ауыр зардаптар тұр. Сондықтан облыс прокуратурасы бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарап, есірткімен күресті жүйелі әрі кешенді түрде жүргізіп келеді.
Прокуратураның үйлестіруімен 2024-2025 жылдары өңірлік деңгейдегі 12 есірткі жеткізу арнасы тоқтатылды. Бұл трафиктің жолы Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Қызылорда облыстарынан өтетін жүйелі бағыттар арқылы жүргізілген. Енді сол бағыттардағы синтетикалық есірткі мен каннабис тасымалына нақты тосқауыл қойылды.
Іс тек трафикпен шектелген жоқ. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 7 адамнан құралған қылмыстық топ әшкереленіп, құрықталды. 6,1 млрд. теңге көлеміндегі криптовалюта шоттарына тыйым салынды, 8 фитозертхана қызметі әшкереленді.
Интернеттің «қараңғы беттерін» жарыққа шығару бүгінгі күрестің басты майданы. 516 интернет парақша есірткіні ашық жарнамалап келген. Бұл сайттардың жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ 60-қа жуық граффити жазбалар жойылып, жастарды арбап келген визуалды жарнамаға тосқауыл қойылды.
Ұрпақ саулығы ұлт саулығына әсер етеді. Бұл жолда біз жазалап қана қоймай, тәрбиелеуге, түсіндіруге, алдын алуға басымдық беріп келеміз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген артық» деген тәмсілді басшылыққа ала отырып, облыс прокуратурасы бұл бағыттағы жұмысын жүйелі жалғастыра бермек.
Әділеттің қалқаны
– Қылмыстық-құқықтық салада елеулі өзгерістер болып жатыр. Жалпы соңғы үш жылда соттарда қанша қылмыстық іс айыптау үкімімен аяқталды? Прокурорлар алдында қандай жауапкершілік тұр? Әлеуметтік резонанс тудырған істерге қатысты пікіріңізді білсек…
– Сұрағыңыз өзекті. Заң – қоғамның арқауы, әділдік – мемлекеттің тірегі. Осы жолда әділеттіліктің салмағын тең ұстап, жұрт сенімін арқалаған тұлға – прокурор. Прокурордың соттағы айыптауды қолдауы жай формалды міндет емес, бұл әділдіктің жүгін көтеріп тұрған конституциялық миссия.
Мемлекеттік айыпты қолдау – бұл жай процессуалдық роль емес. Бұл заңға адалдықтың, адам алдындағы жауапкершіліктің, мемлекет атынан сөйлейтін беделді қызметтің көрінісі. Прокурор – айыптаушы ғана емес, әділет таразысын тең ұстаушы. Сондықтан сотта әрбір сөзі нақтылыққа, әрбір дәлелі шындыққа, әрбір әрекеті заңға негізделуі тиіс.
Бұған мысал көп. Мәселен, прокурордың табандылығы арқасында екі баласын және анасын өртеп өлтірген адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл прокурордың заң жолымен ғана емес, адамгершілікпен, қоғамның ар-ұжданымен жұмыс істейтінін айғақтайтын мысал.
Әлбетте, әлеуметтік резонанс тудыратын істер – қоғамдық көзқарас пен сенімді қалыптастыратын маңызды кезең. Мұндайда прокурор салқынқанды, кәсіби әрі заңның тілімен сөйлеуі тиіс. Ата Заңға сай, «адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды». Бұл қағида прокурордың да темірқазығы іспетті.
Түрмеден кімдер шығады?
– Жуырда Президент сотталғандарға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды. Бұл заң біздің өңірде қанша адамға, қандай тәртіппен қолданылады?
– Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданып, қол қойылды. Бұл заң еліміздің қылмыстық саясатын жаңғыртып, адамгершілік пен әділдік қағидаттарын тереңдете түсетін маңызды құқықтық қадам болып табылады.
Иә, рақымшылық заңы – түрмеде жазасын өтеп жатқан адамға жаңа өмірге мүмкіндік беретін құқықтық құрал. Бұл заң бойынша жазасын өтеушілердің кейбірі мерзімінен бұрын босап, қоғамға қайта бейімделуге жағдай жасалады. Яғни өткен қателіктері үшін екінші мүмкіндік беріледі.
Облыста осы заң аясында 872 адамға рақымшылық қолданылып, олардың көпшілігі жазаларын қысқарту немесе толығымен босату арқылы әлеуметтік өмірге қайта оралу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл олардың отбасымен, қоғаммен қайта бірігуіне жол ашады.
Облыс бойынша 872 сотталушыға рақымшылық қолданылады. Оның ішінде: түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жүрген 307 адамға (12-сі жазадан толық босату, 295-і мерзімін қысқарту), профилактикалық есепте тұрған 565 адамға (204-і жазадан босату, 361-і мерзімін қысқарту) жатады. Қазіргі таңда 115 арнайы контингенттің істері сотқа жолданып, қаралуда.
Осылайша, жаңа заң адам құқықтары мен қоғам мүддесін үйлестіре отырып, әділдікті нығайтуға және қылмыстық жүйенің гуманизациясына үлкен үлес қосады.
Құқық қорғау құр сөз емес
– Облыс прокуратурасының әлеуметтік саладағы жұмыстары қандай? Әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолға алынуда?
– «Адалдық – әділеттің тірегі» дегендей, прокуратура органдарының басты міндетінің бірі қоғамдық мүддені қорғау, әр адамның конституциялық құқықтарын айқындап, оны құрметтеуді қамтамасыз ету. Бұл – елдің тыныштығы мен берекесі үшін қажетті күштің бірі.
2023 жылдан бастап бүгінге дейінгі кезеңде 434 мың адамға құқықтық қолдау көрсетілді. Оның ішінде 19 мың адамның конституциялық құқықтары сақталса, 23 мың кәсіпкердің де құқықтары қорғалды. Осы тұста заң алдында барлық адам тең екендігіне ерекше тоқталғым келеді.
«Заң және тәртіп» концепциясы аясында 50 мыңнан астам кәмелетке толмаған балалардың құқықтары қорғалды. Олар үшін арнайы интерактивті роликтер мен қауіпсіздік шаралары, «SMS» хабарламалар арқылы ақпараттар таратылды. «Бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі» демекші, бұл жұмыс үлкен мәнге ие.
Медицина саласында да келеңсіз құбылыс анықталғаны өкінішті. Алаяқтық деректері анықталып, сотқа дейінгі тергеулер жүргізілді.
Үлескерлердің мүлкін қорғау да прокуратура бақылауында. Заңсыз әрекет жасаған құрылыс салушылар әкімшілік пен қылмыстық жауапқа тартылып, бас бостандығынан айырылды. Осы жұмыстар нәтижесінде тұрғындар өз мүлкін қайтарып, құқықтары қорғалып отыр. Жер учаскелерін заңсыз берген лауазымды тұлғаларға да қатаң шара қолданылып, әлеуметтік әділеттілік орнатылды.
Әлеуметтік осал топтарға арналған пәтерлерді заңсыз беру фактілері назардан тыс қалған жоқ. Кейбір лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар прокуратура 10 еңбек ұжымында туындаған жанжалдарды шешіп, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға ықпал етті. Соңғы үш жылда 10 мыңнан астам адамның еңбек құқықтары қорғалып, жұмысшылардың жалақы берешегі өндірілді.
Облыста қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, құқық қорғау органдары 67 наразылық акциясының алдын алды. Мысалы, былтыр Құлсары қаласындағы «тілсіз жау» зардаптары салдарынан болған наразылықты арнайы прокуратура қызметкерлері үйлестіру арқылы сәтті шешті. Халықпен ашық диалог жүргізіліп, олардың сұрақтарына жауап беріліп, құқықтық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде наразылық тынышталып, жұртшылық бірлік пен тыныштықты сақтауға ұмтылды.
Залал келтіргендерге талап күшейді
– Облыстағы прокуратура органдарының қадағалау актілері негізінде мемлекетке келтірілген залалды өтеу бойынша қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
–Расында, біздің өңірде прокурорлардың қатаң қадағалауының арқасында мемлекетке келтірілген залалдың өндірісі мен мүліктің қайтарылуы бойынша айтарлықтай ілгерілеу бар. Атырау облысының табиғаты мен экономикасы мұнай-газ саласының ірі кәсіпорындарымен тығыз байланысты болғандықтан, экологиялық талаптарды орындау ерекше бақылауға алынды.
Мемлекет басшысы өткен жылғы кездесуінде өңірдің экология жағдайына айрықша назар аударып, экологиялық талаптарды қатаң сақтауды талап етті. Осыдан кейінгі үш жыл ішінде прокуратураның сот шешімдері арқылы бюджетке 100 млрд. теңге көлемінде қаражат өндірілетіні белгіленді. Соның ішінде 56,6 млрд. теңге нақты өндірілді. Бұл қаражат ұзаққа созылған сот процестерінен өткен соң, прокурорлардың табанды әрі принципті ұстанымы нәтижесінде экологияға залал келтірген кәсіпорындардан өндірілді.
Заңсыз иемденген активтерден қайтарылған мүлік пен қаражат облыстың әлеуметтік дамуына жұмсалуда. Арнайы қор арқылы 3 әлеуметтік нысанның құрылысы басталды. Бұл халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Мысалы, Қызылқоға ауданында «Тайсойған – Миялы» магистральді су құбыры үшін 5 млрд. теңге, Жамансор ауылындағы 110 орындық мектеп-интернатқа 2 млрд. теңге бөлініп, Құрманғазы ауданындағы орталық аурухана жанынан «МРТ» қондырғысы үшін жапсаржай құрылысқа 81 млн. теңге қаражат бөлінді.
Әділдіктің жүгі ауыр
– Кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында прокуратура қандай шаралар қабылдауда?
–Президенттің бастамасымен кәсіпкерлік ортаға қолайлы құқықтық ахуал қалыптастыру мақсатында прокуратураға маңызды роль жүктелді. «Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында инвестициялық жобаларды қолдау және олардың құқықтарын қорғау жүйелі түрде жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыстағы прокуратура қадағалауында 7 трлн. теңге көлеміндегі 50 инвестициялық жоба бар. Оның 18-і уақытылы іске қосылды (2024 жылы – 15 жоба, 2025 жылы – 3 жоба), және бұл жобалар арқылы 745 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.
Былтыр мұнайлы өңірде «Прокурорлық сүзгі» жобасы белсенді іске қосылып, оның аясында инвесторлар мен ірі кәсіпкерлер арасында кездесулер өткізілді, бұқаралық ақпарат құралдарында инвестициялық ахуал туралы ашық ақпараттар берілуде.
Мысалы, 61 млрд. теңге құны бар 6 инвестициялық жобаның мәселесі оң шешімін тапты. Құны 10 млрд. теңге болатын, 9 жыл бойы тоқтап тұрған «Atyrau Chicken» құс етін өндіру жобасына қатысты инвестордың 1,7 миллиард теңге несиесі мен сыйақы төлеу мерзімі 2 жылға ұзартылды. Сонымен қатар «ТексолТранс» компаниясының 31 миллиард теңгеге салынатын жүк вагондары зауытында заңсыз салық тексерісі тоқтатылды. Соның нәтижесінде инвестор 200 млн. теңге заңсыз шығындардан және ұзақ сот процестерінен қорғалды.
Бизнестің қызметіне заңсыз тексеру жүргізген 5 мемлекеттік орган басшысы мен 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қорытындылай келе, прокуратура органдары Президент тапсырмасына сай халық сеніміне лайық, заң шеңберінде нақты әрі тиімді жұмыс жүргізуде. Әрбір адамның құқықтары қорғалып, қоғамдық тәртіп пен экономикалық қауіпсіздік сақталуда.
Осы сәтті пайдаланып, Атырау облысының халқын Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын! Азат елдің ұрпақтары Ата Заңын ардақтап өссін!
– Сұхбатыңыз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Әділет пен заңдылық жолындағы абыройлы қызметіңізге толағай табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ