Заң ғылымының ЗАҢҒАРЫ

izobrazhenie 2021 04 06 000653 Құқық

Полк басқарған қазақ Салық Зиманұлы – Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер. Көпшілік біле бермейтін бір жайт, ол кісі қатардағы жауынгерден полк командирі дəрежесіне дейін көтерілген нағыз кəнігі сардар. Өзінің айтуынша, ол – Отан соғысы кезінде минометшілер полкін басқарған алғашқы əрі санаулы ғана қазақтың бірі.

Кейде «осы мен полк командирі дəрежесіне Бауыржанмен қатар жеттім-ау деймін» деп отыратын. Өйткені, полк командирінің орынбасары қызметін атқарып жүргенде командир қаза болып, оның орнына үш айдай полк командирі қызметін атқарыпты. Біздіңше, Сəкеңнің майдангер ретінде алған асулары соғыстан кейінгі бейбіт заманда жеткен жетістіктерінің көлеңкесінде қалып қойған тəрізді. Сондықтан, полковник Салық Зимановтың майдангер-солдат ретіндегі бейнесі əскери тарихшылар тарапынан арнайы зерттеуді талап етіп, соған сұранып тұрғандай. Неге екенін білмедік, ағамыз соғыстың басынан аяғына дейін қатысса да, ол күндер жөнінде көп сөз қозғамайтын. Жеңіс мейрамы қарсаңында ғана азкем естеліктерден сөйлеуші еді. Онда да өзінің батырлығын емес, соғыс кезіндегі қиындықтар, майданның ащы шындықтарын тұспалдап жеткізуге тырысатын. Не дегенде де, соғыс – адам өлтірудің ашық жəне заңдастырылған нысаны болғанын естен шығармайтын. Сəкеңнің соғыста болған мына оқиғаны бірнеше рет есіне алғаны бар.

– Европаның бір қаласын алдық. Соған байланысты жауынгерлерге арнап концерт беретін болып, театрға бардық. Сахнаға көтерілген əртістер би билеуден бастады. Бір би, екі би, үш би… Қасымдағы солдаттар «қашан əн айтады?» деп, мені мазалай бастады. «Шыдаңдар, қазір айтады» деймін. Бірақ концерттің соңына дейін бірде-бір əн айтылмай, ылғи би болды. Мінеки, билет дегеннің не екенін мен осылай білдім! – деп, жарықтық қарқылдай күлетін.

Соғыстан екі дүркін І дəрежелі «Отан соғысы» жəне «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, бірнеше жауынгерлік медальмен марапатталып елге оралған жиырма бес жасар жігіт бейбіт өмірге құлшына араласты. Сахараның аптап ыстығынан əрең құтылып, кепкен кенезесі мен шөлін басу үшін мөлдір бұлақ суына құмарлана əрі құштарлана бар екпінімен бас қойған жолаушы іспеттес, Салық Зиманұлы да бейбіт өмірдің айдынына сүңгіді де кетті. Жыл сайын емес, ай сайын өсетін ертегінің алыптары тəрізді, өзі таңдап алған білім мен ғылым жолы – құқықтану саласында замандастары ғана емес, кейінгі буын өкілдері мен ұрпақтары таңғалатындай айтулы адымдар мен қарышты қадамдар жасады. Шынында да, ол кісі екі жыл (1948- 1950 ж.ж.) ішінде Бүкілодақтық заң институтын жедел бітіріп, Мəскеуде заң ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. Осылайша, соғыстан кейінгі бас-аяғы төрт жылда заң ғылымдарының кандидаты болады!..

Ғылым жолы – ауыр жол Əрине, Сəкең үшін мансап жолы ешқашан да басты бағыт болып есептелген жоқ. Дегенмен, ол кісінің мықты ұйымдастырушылық қабілеті мен көпшілікті ізіне ерте білер таланты басым. Осыны байқаған Қаныш Сəтпаевтың Сəкеңе деген ықыласы ерекше артып, жас ғалымды басшылық қызметтерге тарта бастайды. Ұлттық Ғылым Академиясы құқық секторының аға ғылыми қызметкері болып бастаған Салық Зиманұлы кейін осы сектордың меңгерушісі (1950-1952 ж.ж.), Алматы заң институтының директоры (1952- 1955 ж.ж.), С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы (1955-1958 ж.ж.), Ұлттық Ғылым Академиясы философия жəне заң институтының директоры (1958-1969 ж.ж.) қызметтерін абыроймен атқарады. Ал, қырық жасында Мəскеуде «заң ғылымдарының докторы» ғылыми дəрежесін алу үшін диссертация қорғап, 46 жасында «Ұлттық Ғылым Академиясының академигі» болып сайланады. Білімді де білікті ағамыз осы ж ы л д а р і ш і н д е з а ң г е р – ғ а л ы м ретінде қалыптаса бастайды. Оның еңбектері ре спублика мен Одақ құқықтанушылары тарапынан жақсы бағаланып, е сімі таныла түседі. С.Зимановтың осы уақыт аралығында жазған көптеген еңбегі арасынан 3 монографиясын бөле-жара атауға болады. Олар – «Общественный строй казахов первой половины XIX века» (1958), «Политический с т р о й Ка з а хс т а н а ко н ц а X V I I I и первой половины XIX веков» (1960), В.Атишевпен бірігіп жазған «Политиче ские взгляды Чокана Валиханова» (1965) монографиясы. Бұл еңбектер өзіндік құндылығын жыл өткен сайын еселей түспесе, кеміген емес. Шынында, бұлар – қазақ заң ғылымындағы ерекше орынға ие ғылыми ізденістер.

Салық Зиманұлы 1970 жылдан табаны күректей 20 жыл бойы мансап пен лауазымнан бойын аулақ салып, таза ғылыми еңбекпен айналысты. Тек 1976- 1977 жылдары ғана республика Ғылым Академиясының ғылыми хатшысы болып істеген. Осы жылдары Сəкең заң ғылымының күрделі де қиын теориялық жəне тарихи мəселелерін арнайы қойып, тереңірек зерттеуге мүмкіндік алады. Əрине, бұл мəселелердің тоғысатын тұсы мен басты бағыты, мақсаты біреуақ еді. Ол – қазақ ұлттық мемлекеті мен құқығының кешегісі, бүгінгісі жəне болашағының теориясы мен тарихы. Сондықтан да болар, академик Зимановтың партиялық идеология мен таптық дүниетаным толық əмірін жүргізіп тұрған кездегі еңбектері бүгінге дейін танымдық тартымдылығы мен ғылыми құндылығын сақтамаса, жойған жоқ. Ол еңбектердің ішінен «Ленин и национальная государственность в Казахстане» (1970), «Казахский отдел Народного комиссариата по делам национальности РСФСР» (1975), «От освободительных идей к советской государственности в Бухаре и Хиве» (1976), «Казахский революционный комитет» (1981), «Россия и Букеевское ханство» (1982), К.З.Идирисовпен бірге жазған «Общественно-политические взгляды М.Сералина» (1989) атты еңбектерді атап көрсеткен лəзім.

Жаңаша ойдың адамы Кеңе с өкіметі құлап, еліміз егемендікке бет бұрған 90-шы жылдары Салық Зиманұлы өзін жаңаша ойлау мен жаңаша іс-əрекеттерге дайын мемлекет қайраткері ретінде анық көрсетті. Сөйтіп, ол республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына екі дүркін сайланды. 1990-1993 жылдары Ғылым Академиясының атынан халық депутаты болып сайланса, 1994-1995 жылдары Атырау облысынан ұсынылған үш кандидаттың ішінен оза шығып, басым дауыспен жеңіске жетті. Мемлекетіміз бен құқықтық жүйеміз аяғына жаңа тұрып, тəй-тəй басып келе жатқан сол бір ұрымтал кезеңде олардың ішкі мəні мен мазмұны, бағыт-бағдары мен құндылықтары қандай болу керек деген сұрақтар төңірегіндегі шиеленіскен дау-дамай бұқара арасында да, Жоғарғы Кеңес ішінде де қызу талас-тартыспен шешіліп жатты. Осы тұста Салық Зиманұлының білімі мен біліктілігі, көрегендігі мен өткірлігі, екі тілді еркін меңгерген шешендігі ұлттың мемлекеттік тұрғыдағы мүддесін мүдірмей қорғап, заң жүзінде берік бекітуге қызмет етті. Мемлекеттік егемендік, мемлекеттік тəуелсіздік, мемлекеттік тіл, мемлекеттік қауіпсіздік, қандастар тағдыры, əлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттің ең жоғары билік органдарының мəртебесі – осылардың барлығы Сəкеңнің өзі бас болып араласып, оң шешімін табуға септігін тигізген мəселелері.

Салық Зиманұлы бұдан кейінгі жылдары да өзінің азаматтық белсенділігінен айныған жоқ. Соның айшықты дəлелі – ғалымның 1995 жылы мемлекеттік емес Қазақ Академиялық университетін ашуы. Өмірден озғанға дейін Сəкең осы университет негізінде «Парасат» атты ғылымизерттеу институтының директоры болып, ғылыми жұмысын жалғастырды. Одан кейін өзінің Парламентте депутат болып істеген кезінде көріпбілгені мен ойға түйгендерін жинақтап, «Конституция и Парламент Республики Казахстан» (1996) атты еңбегін жариялады. Ал, «Теория и практика автономизации в СССР» (1998) деген кітабы қалың жұртшылық тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ғалымның үлкен ғылыми жетістігі сол, дəстүрлі қазақ құқығын зерттеуге бағытталған қазақша, орысша, ағылшынша жазылған «Қазақтың ата заңдары» атты 10 томдық еңбегі. Бұл еңбектің жүйелі түрде жазылып, баспадан шығуына он жылдан астам уақыт кетті. Қазір бұл серияның 10 томдығы толық жарық көрді. Салық Зиманұлының бұл еңбегі – ұлттық қана емес, əлемдік құқықтаным мен заң ғылымындағы биік жетістік. Еңбектің əлем халықтарының құқықтық мəдениетін зерттеу ісіндегі аса ірі табысы болғаны қазірдің өзінде мойындалып отыр. Қайсарлық кешірімнен тұрады Ағамыздың айналып өтуге болмайтын жəне зиялы қауым түгел мойындаған тағы бір қыры – майталман шешендігі. Сонымен қатар, ол кісінің бір басына жетерлік батырлығы, өжеттігі бар еді…

Ал, адамгершілік қасиеттері туралы аңызға бергісіз оқиғалар да аз емес. Соның бірі, əрине, Сəкеңнің 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде Мəскеу өкілі, Орталық Комитеттің хатшысы Михаил Соломенцевке, Қазақстанның жаңа басшысы Геннадий Колбинге қарсы бұлтартпас айғақтармен сөйлеуі болатын. «Партиялық билеттен айырылып қаласың, қарсы шығып сөйлеме!» деп үгіттегендердің тілін алмаған айбарлы академик Желтоқсан оқиғасын «жалаң ұлтшылдық» деп айыптаушыларға қарсы шығып, өз сөздері мен мақалаларында бұл оқиғаның сыры мен сипатының тереңде жатқанын, қазақ халқының ұлттық мемлекеттік мүддеден бастау алатынын жəне соған қызмет ететінін меңзеді. Əрине, Колбин де, сол кездегі кеңсешіл шенеуніктер де Сəкеңнен кек қайтаруға тырысты. «Қалада екі үйі бар» деген желеумен ағамыздың тау бөктерінде салынған саяжайын сатуға мəжбүрледі. Көп жұрт біле бермейтін мына бір оқиғаны да айта кетсем деймін. 2003 жылы болуы керек. Сəкеңнің үйіне жəне оның көршілеріне ұры түсті. «Ғалым – аңғал» деген рас екен, ағамыз ұрының ұсталғанын, онымен өзі сөйлескенін айтып келді. – Өзі рецидивист ұры екен. Түрмеден шыққанына 4-5 ай болыпты. Ешкім жұмысқа алмапты. Үйленейін деп жүрген.

Содан амалсыздан ұрлыққа барған… – деді. Бұған қоса: – Жұмысқа алғанда, ұрлық жасамас па еді?! Енді сотқа қатысып, оны қорғап қалуым керек! – дейді. Кейін білгенімдей, Сəкең ұрыдан жапа шеккен көршілерінен (ылғи академиктер) «ұрыны кешірдік, оған қояр талабымыз жоқ» деген хатты ұйымдастырып, сотқа беріпті. Бұған қоса Алматы қалалық сотының төрағасына аяқтай барып, ұрыны босатуын сұрапты. – Сəкең өзі келген соң, ұры қанша жерден рецидивист (қылмысын қайталаушы) болса да, заң шеңберінде мүмкін болған бар жеңілдікті жасадық, – дейді сол кездегі қалалық сот төрағасы Мұсабек Əлімбеков осы оқиға туралы сұрағанымда. Жаза басқан осы азаматқа ғалым ағамыз кейін де өзінің қолұшын беріп, оның жұмысқа тұруына жəрдемдесті. Ғалымның хаты өлмес…

Салық Зиманұлы туралы сөз қозғағанда, ол кісінің жұбайы – химия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, марқұм Шəрбану Батталқызын еске алмау мүмкін емес. Ол – Сəкеңмен жарты ғасырдан астам уақыт отасып, өмірге Гүлжамал, Мұхтар, Меруерт есімді ұл-қыздарын əкелген абзал ана. Оларға тəлімді тəрбие беріп, ұядан ұшырған, немерелерін көріп, сүйіп өткен Шəрбану апай да сөзге бай, ойы ұшқыр, сөзге шешен жан болатын. Жерді жекеменшікке беруге жаны қас, тіліміздің мемлекеттік тұғырдан берік орын алуына аянбай атсалысқан ақылгөй апамыз абзал ағаның өмірлік серігі ғана емес, жанашыр адал досы да бола білді. Мұны ширек ғасырға жуық Салық ағаның қасында жүріп, тəлім-тəрбиесін көргенде анық аңғардым.

Академик С.Зиманов жауынгерлік наградалардан бөлек, «Халықтар д о с т ы ғ ы » , « О т а н » , « П а р а с ат » ордендерімен марапатталған. Сондайақ ғалым – республика Мемлекеттік жəне Президенттің бейбітшілік пен рухани келісім сыйлықтарының лауреаты. Дана ағамыздың ең соңғы кітабы – «Парламент Казахстана в трудные годы провозглашения независимости» өзі өмірден озардан он күн бұрын (2011) баспадан шықты. Жақсы көрген адамдарына кітаптарының арнайы сөз жазып таратуды ұнататын академик бұл кітаптың тек үш-төрт данасына ғана өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді… Қ а з а қ ұ л т ы н ы ң м е м л е ке т т і к тарих қалтарысында қалып қоймай, қайта жаңғырып əлемдік аренаға егемен ел деңгейінде көтерілгенін өз көзімен көріп, ой елегінен тағы бір өткізген Сəкең бұл кітабында, əдетте ашық айта бермейтін бір ойына орын беріпті. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылдағаннан кейін кешкісін 20-30 депутат – қазақ зиялылары кабинетте жиналып, өзара шəй ішеді. Шəй үстінде іштеріндегі ой-толғауларын ортаға салып, əңгіме көрігі қызады. Мұны академик соңғы кітабының 5-ші бетінде келтіреді: «Казахи должны благодарить вначале Бога… за провозглашение автономии, а сегодня суверенной Казахской Республики». Кеңестік дəуірде өз ойын ашық айта алмаған Сəкең ел Тəуелсіздігіне қол жеткізуіміздің өзі Аллаға деген кəміл сенімнен, берік иманнан, шексіз шүкірліктен жүзеге асқанын өзінің соңғы кітабында жеткізіп кетті. Қайран, заңғар аға!..

Ғизатолла ХАЛИДУЛЛИН,

тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ҰПУ профессоры, Алматы қаласы (арнайы «Атырау» газеті үшін)

  • ОЛ КІСІНІҢ БІР БАСЫНА ЖЕТЕРЛІК БАТЫРЛЫҒЫ, ӨЖЕТТІГІ БАР ЕДІ… АЛ, АДАМГЕРШІЛІК ҚАСИЕТТЕРІ ТУРАЛЫ АҢЫЗҒА БЕРГІСІЗ ОҚИҒАЛАР ДА АЗ ЕМЕС. СОНЫҢ БІРІ, ӘРИНЕ, СӘКЕҢНІҢ 1986 ЖЫЛЫ ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ КЕЗІНДЕ МӘСКЕУ ӨКІЛІ, ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТТІҢ ХАТШЫСЫ МИХАИЛ СОЛОМЕНЦЕВКЕ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА БАСШЫСЫ ГЕННАДИЙ КОЛБИНГЕ ҚАРСЫ БҰЛТАРТПАС АЙҒАҚТАРМЕН СӨЙЛЕУІ БОЛАТЫН.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз