
Ұлттық ұланның үздік жауынгерлері анықталды
Атырау қаласындағы Тасқала спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен қоян-қолтық ұрыстан біріншілік өтті.

Ұлттық ұланның “Батыс” өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі күнге созылған тартысты додаға Орал, Ақтөбе, Ақтау, Жаңаөзен және Атырау қалаларындағы әскери бөлімдерден келген 50-ге жуық сарбаз қатысты.

Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар әскери даярлық пен жауынгерлік рухтың жоғарылығын көрсетті. Жекпе-жектер кезінде спортшылар тактикалық икемділік пен шеберліктің үлгісін паш етті.
Алты команда арасында өткен бәсекеде әр салмақ дәрежесі бойынша үздіктер анықталып, жүлделі орындар иелерін тапты.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған спортшылар ҚР Ұлттық ұланы аясында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алып, “Батыс” өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын болады.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ