Жарнама
Құқық

Үлескер болудың заңдылығы бар

«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы атыраулық үлескерлермен кездесті. Ол тұрғындарды мемлекет тарапынан кепілдеме мен рұқсат алған тұрғын үй кешендеріне ғана қаражат салуға шақырды. Өйткені, қыркүйек айында жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, өңірде салынып жатқан 24 тұрғын үй кешенінің (6100 пәтер) 17-сінде (4000 пәтер), яғни 71 пайызында заңды түрде үлескерден қаражат тартуға қажетті кепілдемесі жоқ болып шыққан. Қалған жетеуі әкімдіктің рұқсаттамасын алыпты.

Жалпы, құрылысы тұралап қалған «Нұрсая» шағынауданындағы «Elorda residence» тұрғын үй кешенінде «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы жұмыс қайта жандана бастағанын бұдан бұрын газетімізде жазған болатынбыз. Бизнес санатындағы тұрғын үй кешеніне үлескерлер бірнеше миллиондаған қаражатын салып үлгерген еді. Енді жақында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның несиелік қаржысы арқылы құрылыс жұмыстары жалғасып, 120 үлескер көптен күткен баспасына қол жеткізді. Ол үшін акционерлік қоғам 2,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлген. Негізі, «Elorda residence»-тің төрт үйінде 150 пәтер бар.

– 2021 жылы «Атырау Ж.Б.И.» компаниясы бізбен кепілдікке келісім-шартқа отырып, үлескерлердің қаржысын тартуға рұқсат алған болатын. Алайда, кейбір себептерге байланысты бұл компанияның тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға мүмкіндігі болмады. Біз осы кепілдікке сәйкес несие қаражаты арқылы құрылысты толықтай аяқтадық. Осылайша, 120 үлескер тараптардың арасындағы келісім-шарт аясында баспаналарына уақытылы қол жеткізді. Жұртшылыққа үй сатып алмас бұрын оның заңды екеніне көз жеткізіңіздер деп айтқымыз келеді.

Жақында біз тұрғындар сан соғып қалмауы үшін кепілдеме мен рұқсат алған тұрғын үй кешендерінің тізімі енгізілген homeportal.kz онлайн-платформасын жасақтадық. Екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы тұрғын үй кешенін салушы компанияның үлескерлер тартуға заңды түрде рұқсаты бар екенін анықтайтын мүмкіндіктер қарастырдық. Біздің мақсатымыз – қазақстандықтарды қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету, — дейді «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев.

Акционерлік қоғамның құрылыс компаниясымен жасаған келісіміне сәйкес, акционер ретінде жаңа тұрғын үй кешенінің 1% үлесін алады. Акционерлік қоғам көктемдегі су тасқынына қарамастан, аталған нысандағы барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын толықтай аяқтап отыр.

«Elorda residence» тұрғын үй кешенінен пәтер алғандардың қатарында Ауған соғысының ардагері Толыбай Шәкіров те бар. «Мен құқық қорғау саласында ұзақ жылдар қызмет еттім. Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарынан салынып жатқан тұрғын үй кешеніне үлескер болып, қаржы салып, кейін баспанасын ала алмай жүргендердің жиілеп кеткенін байқадым. Сондықтан, балаларыма баспана алар сәтте құрылыс компаниясын толық зерттеп барып сенім білдіру керектігін үнемі айтып отырамын. Әрине, күмән де болды. Алайда, бір жылдың ішінде пәтер кілтін алып, салтанатты жағдайда баспанамызды алдық. Сапасы да көңілімізден шықты» дейді Толыбай Шәкіров.

Айбөпе САБЫРОВА

Сурет: gov.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button