
Ұландықтар тыйым салынған заттарды анықтады
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының әскери қызметшілері мен Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №28 мекемесі қызметкерлерінің қырағылығы мен жедел әрекеттерінің нәтижесінде күзетілетін аумаққа тыйым салынған заттарды өткізу әрекетінің жолы кесілді.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоспарлы тексеріс кезінде рентген құрылғысының көмегімен әскери қызметшілер тыйым салынған заттардың жасырылғанын анықтады. Аталған заңбұзушылықты 5517 әскери бөлімінің бақылаушы маманы сержант Жаннат Халилова байқады.
–Тексеру барысында кір жуғыш ұнтақ салынған қаптаманың ішінен 11 ұялы телефон, 7 жұп сымсыз құлаққап, 30 дана сымды құлаққап, 1 дана смарт-сағат, 1 дана флеш-картаға арналған адаптер, 3 дана флеш-карта, қызыл түсті ерекше иісі бар сұйықтық құйылған бір құты (сараптама тағайындалды), 13 USB шнуры, 4 дана қуаттағыш құрылғы табылды. Құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілері мен түзеу мекемесі қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби іс-әрекеттерінің арқасында тыйым салынған заттарды мекеме аумағына өткізу әрекетінің жолы дер кезінде кесілді. Қазір бұл дерек бойынша тексеру жүргізілуде, — делінген баспасөз хабарламасында.