Жарнама
Құқық

Тура биде туған болмайды

*Судья және сот қызметкерлерінің күніне орай

«Тура биде туған жоқ» демекші, сот төрелігінің әділдігі – қоғам кемелденуінің кепілі. Иә, мемлекеттің құқықтық жүйесі жаңашылдыққа бет бұрып, судьялар корпусы қайта жасақталды. Сондай-ақ заңдарға заманға сай толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Мұның бәрі сот саласы жұмысының алға ілгерілегенін көрсетеді. Саланың цифрландырылуы судьялардың жүктемесін айтарлықтай азайтып отыр.
«Сот кабинетінің» қайта жасақталуы, сотқа дейінгі татуластыру шаралары осының дәлелі болса керек. Атырау облысының соты да жаңашылдықтардан қалыс қалмай, уақыт көшімен бірге өрістеп келеді. Өйткені, әділ төрелікті айнымас қағидаға айналдырған сот саласының жауапкершілік жүгі салмақты. Жуырда облыстық соттың төрағасы Мұхтар ПАРМЕНОВПЕН сұхбаттасып, осы және өзге мәселелер турасында сұхбаттасқан едік.


Әділ төрелік – айнымас қағида
– Мұхтар Абайұлы, сот қызметі – туралық пен төреліктің ордасы. Сөзімізді осы жүйедегі атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағытынан бастасақ…

– Сот – мемлекеттегі әділдіктің, қауіпсіздіктің, азаматтар құқығы мен бостандығын мінсіз қорғаудың кепілі. Мемлекет басшысы сот төрелігі әділ болуы үшін судьялар корпусын жаңарту, судьялар қатарына білікті мамандарды іріктеу қажеттілігі туралы бірқатар тапсырма берген болатын. Оны орындау мақсатында Жоғарғы сот көптеген іс-шараларды жүзеге асырды. «Судья боламын» деген үміткерлерге қойылатын талаптар да өзгертілді.
Атап айтқанда, аудандық соттың судьясы болып 30 жасқа толған, жоғары заң бiлiмi және моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар, біліктілік емтиханын тапсырған, «Қазақстан Республикасының Жоғары сот кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген жағдайларда полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
Ал, судьяларды іріктеуді дербес мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Жоғарғы сот кеңесі жүзеге асырады. Бұл органның төрағасы мен мүшелерін Президент тағайындайды. Кеңестің мүшелері қатарында судьялар, адвокаттар, заңгерлер бар. Айта кетейін, Жоғарғы соттың төрағасы, Бас прокурор, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тиісінше тұрақты комитеттерінің төрағалары лауазымы бойынша кеңес мүшелері болып табылады.
Ал, біліктілік емтиханы кезінде психологиялық тестілеу, заңнаманы білуін компьютерлік тестілеу, жазбаша эссе, сот практикасынан жағдайларды модельдейтін есептерді шешу (кейстегі есептерді шешу) негізінде үміткердің меңгерген білімін практикада қолдану қабілетін тексеру, комиссия мүшелерімен әңгімелесу болады.
Осындай іріктеуден өткен үміткерлердің саны азайды, себебі оларға қойылатын талаптар өте жоғары. Мұндай шаралар судьялар корпусына білікті, жоғары моральдық-адамгершілік қасиетке ие беделді азаматтардың келуіне мүмкіндік беріп отыр.
Сот беделі — судья беделі
– Судьялық қызмет үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Осы орайда «қара қылды қақ жаратын» сала мамандарының біліктілігі қандай деңгейде?

– Әлихан Бөкейхан «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдайға қою шарт» деген екен. Демек, әрбір судьяның тікелей міндеті – ол заңды және әділ шешім қабылдау. Судья қабылдаған заңды және негізді сот актісі адамдардың заң үстемдігіне деген сенімін арттырады.
Атырау өңірінің судьялары өздеріне жүктелген міндеттерін тиісті деңгейде атқарып келеді. Мысалы, осы жылдың 5 айында 502 адамға қатысты үкім шыққан болса, тек 4 адамға ғана қатысты үкімдер апелляциялық және кассациялық тәртіпте күші жойылған. Бұл барлық шығарылған үкімдердің 0,8% құрайды.
Соттарға түскен үкімдердің және шешімдердің орындалуына байланысты жадығаттардың саны артып отыр. Мұның барлығы соттардың жүктемесінің ұлғаюына және істерді қарау сапасына кері әсерін тигізуде. Өйткені, бүгінде Атырау өңірі бойынша 19 судьяның лауазымы бос тұр, бұл барлық судьялардың 86 штаттық бірліктің 22%-ы. Мысалы, Атырау қалалық сотында штат бойынша 13 судья болса, тек 7-уі, №2 сотында 9 судьяның 6-уы, Жылыой аудандық сотында 6 судьяның 2-уі ғана қызмет атқарып келеді.
Осындай қиыншылықтарға қарамастан судьяларымыз сот төрелігін жоғары деңгейде атқаруға барлық күш-жігерін салуда. Жоғарыда көрсетілген цифрларға көз жүгіртсек, сот актілерінің 99%-ға жуығы заңды шығарылғанын айтуға болады. Тоқтала кетері, 2023 жылы тәуелсіз агенттік республика аумағында «соттарға сенім» көрсеткіші бойынша сауалнама жүргізген еді. Оның қорытындысына сәйкес біздің өңірдің 82% респонденттері соттарға сенетіндігін көрсеткен. Бұл біздің жұмысымызға берілген жоғары баға деп білеміз.

Сот жүйесіндегі соны серпіліс
Сот жүйесіндегі IT-сервистердің тиімділігі жөнінде оң пікірлер жиі айтылып жүр. Пайдаланушылар үшін өте ыңғайлы «Сот кабинеті» жұмыс істейді. Осы бағытта тағы қандай жаңашылдық жүзеге асады?
– Қазақстанның сот жүйесінде қолданыстағы ІТ-сервистері бүгінде көпті таң қалдыруда. Оны дамыған батыс елдерінен келген сарапшылар мен мамандар да мойындап отыр. Арыздарды қабылдаған кезден бастап, сот шешімі шыққанға дейін барлық әрекет автоматтандырылған. Бүгінде азаматтарға сотқа келіп, арыздарын, құжаттарын жазбаша түрде ұсынудың қажеттілігі болмай қалды.
Қазіргі таңда «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы құжаттар электрондық тәртіпте тапсырылады. Тұрғындардың қажетті құжаттар мен мәліметтерді аталған жүйеден алуына мүмкіндігі бар. Қазіргі кезде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер электрондық түрде рәсімделіп, қаралып жатыр. Мұның тиімділігін іске қатысушылар көріп жүр.
Иә, 2019 жылы дүниежүзінде COVID-19 пандемиясы өршіп тұрған кезде көптеген мемлекетте сот жұмысы тоқтаған болатын. Ал, біздің сот жүйесіндегі ақпараттық технологиялар соттарға тез арада істерді қашықтан (онлайн) қарауға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде сотқа жүгінген адамдарға құқықтарын қорғауда ешқандай кедергі келтірген жоқ. Істерге онлайн қатысудың ыңғайлы болғандығы сонша, қазір де азаматтар процеске қашықтан қатысуда.
Бүгінде ақпараттық жүйеге «жасанды интеллект» енгізіліп жатыр. Ол көп жылдар бойы шығарылған сот актілерін жинақтап, жүйелеуге мүмкіндік береді. Мұндай бағдарламаны енгізу – соттарға түсетін даулардың санын азайту және даукестікті төмендету, дауларды сотқа дейін татуласу рәсімдері арқылы шешуді көздейді.
Жемқорлыққа жол жоқ!
Салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-қимылдар жүргізіліп жатыр?
– Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық көптеген салада, оның ішінде сот жүйесіне де енген дерт. Оны тек қоғам болып қарсы тұрып ғана жеңуге болады. Сот жүйесінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға және алдын алуға бағытталған көптеген іс-шаралар атқарылып келеді.
Сотқа түсетін істер мен арыздар «Төрелік» ақпараттық жүйесіне тіркелген соң автоматты түрде кездейсоқ тәртіппен судьяға бөлінеді, бұл әрекетке ешбір адам қатыса алмайды. Яғни, істің немесе арыздың «өзіне керек» судьяға бөлінуін ешкім бақылай алмайды. Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап азаматтық процестік кодексінде көзделген «эксаумақтық соттылық» жүзеге асырылып келеді. Тараптар өзара келісімі бойынша даудың соттылығын өзгерте алады, яғни іс бойынша дайындық барысында ондай арыздар түскен жағдайда іс автоматты түрде өзге өңірдің сотының қарауына жолданады. Оны автоматты жүйе соттардың жүктемесіне қарап таңдайды.
Мұндай тәртіппен түскен істер біздің өңірдің соттарында да қаралуда. Бұл шаралар судьялардың бейтараптылығын және тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады.
«Қайдан келесің? Соттан келемін…»
Халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттыратын жобалар жүзеге асып жатыр ма? Жалпы, халық көбіне сотқа қандай талап арызбен жүгінеді?
– Халықтың құқықтық сауаты жоғары деуге әлі ертерек. Құқықтық сауатты көтеру мәселесі тек сот жүйесінің міндеті деу де қате пікір. Бұл – барлық мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, заңгерлер қауымдастықтарының және жеке заңгерлердің міндеті.
Құқықтық санасы мен мәдениеті қалыптасқан қоғамда қылмыс мен даудың саны аз болады. Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері соның бір мысалындай. Сингапур немесе Малайзияда көшеде темекі шегіп, оның қалдығын кез-келген жерге тастай салатын жағдайларды көрмейсіз. Өйткені, олардың заңдары қатал, ал халқы заңды қатаң сақтайды. Мұндай тәртіп біздің қоғамда да болуы тиіс.
Азаматтардың құқықтық сауатын көтеру мақсатында судьялармен жүйелі түрде басылым беттерінде, телевидение мен радиода сұхбаттар беріліп тұрады, заңдар түсіндіріледі, кеңестер айтылады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл жұмысты жоғарыда айтқанымдай, барлық мүдделі жақтар атқаруы тиіс, сонда ғана біз оң нәтижеге қол жеткіземіз. Ел ішіндегі татулықтың тінін үзбей ұстап тұру қай кезде де жауапкершілікті талап етеді.
Соттарға көбінесе банкілер мен басқа қаржы ұйымдарынан несиелерді өндіруге, сондай-ақ жер даулары, келісім шарттарынан туындайтын келеңсіздіктерге байланысты арыз-шағымдар түседі. Кейбір санаттағы даулардың сотқа дейін шешу тәртібі заңмен көзделгеніне қарамастан, талап қоюшылар бірден сотқа жүгінеді, оны өзінің құқығы деп есептейді. Әрине, мұндай жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу тәртібі сақталмауына байланысты соттар кері қайтарады. Алайда, мұндай даулардың саны төмендемеуде.
Осы тұста сотқа, заңға байланысты ақпараттардың ашықтығы, қолжетімділігі қандай деңгейде екенін білсек деп едік…
– Әлеуметтік және ақпараттық желілер дамыған заманда соттар да одан тыс қалып отырған жоқ. Жоғарғы соттан бастап, облыстық соттардың жеке сайттары, әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Онда заңдағы өзгерістер мен жаңашылдықтардан басқа соттарда қаралған істер бойынша ақпараттар, азаматтарға қажетті мәліметтер, сұрақ-жауаптар жарияланып отырады. Сондай-ақ, бекітілген кестеге сәйкес әр апта сайын облыстық сот төрағасы, сот алқаларының төрағалары мен аудандық соттың төрағалары азаматтарды жеке қабылдайды
Бұл жерде бір мәселеге тоқтала кеткім келеді. Жеке қабылдауыма жазылған кейбір тұрғындар нақты істер бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтіндігін көрсетіп, олар бойынша менен түсіндірме беруді сұрайды. Мұндай мәселемен арызданған адамдарға мен заң бойынша сот актілеріне баға бере алмайтынымды және сот актісімен келіспеген жағдайда процестік заңдармен көзделген тәртіпте шағымдануға құқығы бар екендігін түсіндіріп, жазбаша жауап беріп келемін. Алайда, кейбір өзін «блогермін» деп таныстырып жүрген адамдар мұны түсінгісі келмей, «сот төрағасы азаматтарды қабылдаудан бас тартады» деген бағытта елге теріс ақпарат беріп жүргенін де көремін. Өзі түсінбей, өзгелерді де қателестіріп жүргені өкінішті-ақ.
Оқу орындарында, мектептерде судьялардың қатысуымен кездесулер жиі өткізіледі. Сот тәжірибесінде туындаған мәселелерді талқылау мақсатында мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен дөңгелек үстелдер мен кездесулер де қажеттілігіне байланысты ұйымдастырылып тұрады. Мұның барлығы қоғаммен кері байланыстың орнатылғандығының айғағы деп білемін.
Адам құқығы – негізгі құндылық
Облыстық соттың бүгінгі нәтижелері қандай? Көрсеткіштер көңілден шығып отыр ма?
– «Жау мен дау егіз», «Дау қуған бәлеге жолығады» деген ата-баба сөзі бар. Кейде дау қуып жүріп жақынынан ғана емес, абыройынан да айырылатын сәттер жетерлік.
Облыстық соттың апелляциялық сот сатысы екендігі баршаға мәлім. Бұл сатыдағы сотта заңды күшіне енбеген сот актілері сотталғандардың, жәбірленушілердің, құқық бұзушылардың немесе тараптардың апелляциялық шағымдары, жеке шағымдары, прокурордың келтірген өтінішхаттары негізінде қаралады. Яғни, апелляциялық сот сатысы негізгі фильтр деуге болады, себебі барлық істер осы сатыдан өтеді және шағымдардың уәждеріне баға беріліп, сот актілерінің заңдылығы мен негізділігі тексеріледі.
Бүгінде облыстық сотта тәжірибесі мол, жоғары білікті судьялар қызмет атқарады. Жыл басынан бері кассациялық сот сатысымен облыстық соттың қылмыстық алқасының 1 қаулысы, азаматтық алқасының 2 қаулысы, әкімшілік алқасының 3 қаулысының күші жойылып, бұл істер қайта қарауға облыстық сотқа жолданған. Сот актілерінің күшін жоюға істердің мән-жайларының дұрыс анықталмауы және қосымша дәлелдемелерді тексеру қажеттілігі негіз болған.
Ал, күші жойылған қаулылардың санына назар аударсақ оларды көп деп айтуға келмейді. Бірақ апелляциялық сот сатысына мұндай қателіктерге жол берілмеу керек, кемшіліктерді болдырмау үшін шаралар қабылдануда. Жалпы облыстық соттың алқаларының жұмысына оң баға бере аламын.
Облыстық «Атырау» газеті арқылы өзімнің әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, бойларыңызға қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық пен құт-береке тілеймін! Әділдіктің туы әрқашанда биікте болсын!
Уақыттың тығыздығына қарамай, сұхбаттасқаныңызға рақмет. Мереке құтты болсын, әділ төрелікпен халықтың құрметіне бөлене беріңіздер!
Сұхбаттасқан
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button