«Трамадол»: Қалай қолжетімді есірткіге айналды?

tramadol Құқық

Жыл басынан бері облыста психобелсенді заттарды қолдану салдарынан мінез-құлқында бұзылушылығы бар 2580 адам тіркелген. Оның 2050-і алкаголь тұтынатындар болса, ал 528-і – ­нашақорлар. Есепке алынған нашақорлардың ішінде есірткінің «бағасы арзан» баламасы саналатын трамадол қолданатындардың саны – 79. Бұл туралы жуырда «Психиатрия мен наркологиядағы инновациялық аспектілер: диагностика, емдеу, оңалту және көмек ұйымдастыру» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференцияда белгілі болды.

Адамзатты азғындыққа жетелейтін «жау» көп болса, солардың ең қауіптісі – есірткі. Сондықтан, дүние жүзіндегі аса ауқымды заңсыз бизнеске ешбір шара тосқауыл бола алмай келеді. Өкініштісі, есірткі бизнесі елімізде әсіресе, жастар арасында кеңінен белең алып барады. Дегенмен, аталған шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев қазір есірткі мен түрлі психотроптық және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға қатысты заң жобасы қаралып жатқанын хабардар етті.

– Нашақорлықпен күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында синтетикалық есірткі қолданушылардың көбеюі ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Соңғы үш жылда айналымдағы «синтетика» көлемі елде он есеге өскен. Мұндай препараттар жыл сайын арзандап барады. Олар әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы кедергісіз сатылады, тіпті үйге жеткізіледі. Өте қауіпті осы әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткінің өндірісі мен таралуына қарсы күрес жалпыұлттық сипатта болуы керек деп санаймын. Бүгінгі таңда біздің балаларымыз, жасөспірімдер психобелсенді заттардың әсеріне ұшырап отыр, оның салдары да аса қауіпті. Өйткені, бұл бірінші кезекте миға әсер етеді. Сондықтан, ата-аналар балаларын бақылауға алып, мінез-құлқы мен іс-әрекетінен күмәнданған жағдайда дереу әрекет етіп, тиісті мамандар көмегіне жүгінуі керек, – деді Қайсар Қайратұлы.

Сонымен қатар ол, психиатриялық және наркологиялық көмек көрсету саласындағы инновациялардың заманауи ұйымдық-құқықтық аспектілерін қарастыру мәселесіне тоқталды. «Әртүрлі жас кезеңінде психиатриялық және наркологиялық көмек көрсетудің көптеген өзекті мәселелері бар. Сондықтан, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар, оның ішінде психобелсенді заттарды қолданумен байланысты адамдарды емдеу және оңалту кезінде дербестендірілген медицинаның принциптері мен әдістерін жүргізуді атап өту маңызды», – деді ол.

Басқарма басшысы психиатриялық көмектің алғашқы медициналық-санитариялық көмек желісіне интеграциялануын және психиатрия мен наркология саласындағы кадрлар мен кәсіптік білім беруді дамыту перспективаларын да атап өтті.

Облыстық психикалық денсаулық орталығының мәліметтері бойынша, амбулаторлық деңгейдегі медициналық-әлеуметтік көмекті 7 аудан орталығындағы психикалық денсаулық кабинеттер мен Атырау қаласындағы №1, 2, 3, 4, 7 емхана жанындағы бастапқы психикалық денсаулық орталықтарынан алуға болады.

– Облыс бойынша психобелсенді заттарды қолдану негізінде мінез-құлқы бұзылғандар есебінде 2580 адам тұр. Алкоголь мен есірткіні қолданатын ер адамдар саны азайып, керісінше әйелдер саны көбейіп барады. Трамадолға тәуелді науқастардың да саны күрт өсті, қазір олардың 79-ы ресми түрде есепке алынды, ал былтыр небәрі 52 адам болған еді. Оны тұтынатын әйелдер саны шамамен 50 пайызға өсіп отыр, – деді  орталық директоры Елдос Қыдырсиқов.

Орталық басшысының айтуынша, бұл тек есепте тұрғандардың саны екен. Ал, ешқандай есепке алынбаған, бірақ есірткіні белсенді қолданатындар қатары бұдан да көп болуы мүмкін.

Облыстық психикалық денсаулық орталығында нашақорларға арналған 85 төсек болса, оның 45-і наркологиялық бөлімшеде, ал 40-ы мәжбүрлеп емдеуге арналған. Өкінішке қарай, облыстағы теріс әдетке әуес, есірткінің құрбанына айналғандарға көмек көрсетуге тиіс орталықтың өзі бүгінде жедел көмекке зәру, мекеме ғимаратының да тозығы жеткен.

– Орталықта инъекциялық есірткі қолданатын адамдарға арналған опиоидты агонистерді қолдау бағдарламасы жұмыс істейді. Қазір бағдарлама бойынша 9 адам, оның ішінде АИТВ-инфекциясы бар бір науқас емделуде. Анальгетик ретінде қолданылатын опиоидтар тобынан метадонның синтетикалық дәрілік препаратын қабылдау процесінде, сондай-ақ есірткіге тәуелділікті емдеуде науқастардың әлеуметтік деңгейінің, оның ішінде жұмысқа орналасу, отбасын қалпына келтіру және отбасылық ахуалының жақсаруы байқалады. Ата-аналармен және жақын туыстарымен қарым-қатынасы да жақсарды. Есірткілік заттарды қолданудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар адамдарды әлеуметтік оңалту мақсатында әлеуметтік-құқықтық көмек те көрсетіледі. Мәселен, алты пациенттің жеке куәлігін қалпына келтіруіне қол ұшын создық. Әлеуметтік жұмыс қызметтерін көрсету мақсатында бір науқасқа жұмысқа қабылдау туралы өтініш жолданып, ол жұмысқа орналасты, – деді Елдос Ерсайынұлы.

Есірткіге тәуелділіктің де ауру секілді алдын алған тиімді. Ал, ол етке әбден сіңіп кетсе, ертеңгі күніңіздің не болары беймәлім. Сондықтан, конференция спикерлері нашақорлықты емдегеннен гөрі оны болдырмаудың жолын іздеуді, әр ата-ананың өз баласына аса мұқият болуын қадап айтты. Нашақорлықты жүйелі алдын алуды ұйымдастыру тетігінің болмауы, қазіргідей қоғамда жасөспірімдер үшін қауіп туғызатынын тілге тиек етіп, көпшілікті сақтық шараларын күшейтуге шақырды.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз