
Темір жолдағы қауіпсіздік — басты назарда
Республикада кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлікоқиғалары ерекше алаңдаушылық туғызуда. Ағымдағы жылдың 7 айында жол-көлік оқиғаларында 176 жасөспірім қаза тауып, тағы 7 мыңға жуық бала жарақат алды. Өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда жараланған балалар мен жасөспірімдер саны 65%-ға, қаза тапқандар саны да 7%-ға өскен, осыған байланысты Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызмет ету аумағында ағымдағы жылдың 25 тамыздан 10 қыркүйек аралығында республикалық «Абайлаңыз – балалар!» акциясы өткізілуде.
Мақсаты – балалардың теміржолдағы қауіпсіздігін еске түсіру.
Полиция қызметкерлері профилактикалық әңгімелер жүргізіп, темір жол маңына жақын орналасқан мектеп оқушыларына көп жүретін орындарда бақылауды күшейтеді.
Темір жол – қауіпті аймақ!
Темір жол – ел экономикасының күретамыры. Пойыздар күн сайын мыңдаған жолаушы мен жүктi қауіпсіз әрі жылдам жеткізеді. Алайда темір жол маңы – аса қауіпті аймақ екенін көпшілік ескере бермейді. Статистикаға сүйенсек, адамдардың темір жол бойындағы жарақат алуының басты себебі – белгіленбеген жерден өту, құлаққап киіп немесе ұялы телефонға алаңдап жүру, сондай-ақ балалардың бақылаусыз қалуы.
Қауіп-қатер қайдан туады?
Пойыздың тежегіші 400–800 метрге дейінгі аралықта ғана толық тоқтайды. Яғни машинист жаяу жүргіншіні көрген сәтте бірден тоқтатуға үлгере алмайды. Осыған байланысты, рельстен өтерде арнайы өткелдер мен көпірлерді пайдалану – басты қауіпсіздік талабы.
Тағы бір маңызды жайт – балаларды қараусыз қалдыру. Жыл сайын осындай салғырттық салдарынан темір жолда қайғылы оқиғалар тіркеліп жатады.
Балаларға түсіндіру – ортақ міндет
Мектептерде, балабақшаларда және ата-аналар тарапынан темір жол маңындағы тәртіпті үнемі түсіндіру қажет. «Вагонның үстіне шығуға болмайды», «құлаққап тағып темір жолдан өтпеу керек», «тек қана белгіленген өткелден өту» сияқты қарапайым ережелер балалардың өмірін сақтайды.
Заңдық жауапкершілік
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде темір жолдағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған. Бұл тәртіп бұзушылық тек жеке адамның ғана емес, пойыз қозғалысының жалпы қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Темір жол – адамдардың өміріне қауіпті аймақ. Сондықтан әрбір азамат өзінің және өзгелердің қауіпсіздігі үшін қарапайым ережелерді сақтауы тиіс.
Ата-аналардан мұқият болуды және балаларымыздың қауіпсіздігін қадағалауды сұраймыз! Қауіпсіздік – жауапкершіліктен басталады.
Атырау ст.ЖПб әкімшілік полиция бөлімшесі