
Тасжолда артық жүк тиеген жүргізушілерге айыппұл салынуда
«Атырау-Индер» бағытындағы тасжолда артық жүк тиеген жүргізушілерге айыппұл салынып жатыр. Жылжымалы бекеттің көмегімен бір күнде артық салмақты 6 КамАЗ анықталды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

–Көліктерге 25 тоннаға дейін жүк тасымалдауға рұқсат етілген. Егер артында қосымша прицеп болса 40 тонна тиесілі. Ал біздің нысанаға іліккен көліктерден 6-30 тонна аралығында артық салмақ анықталды. Олардың заңды иелерін анықтап, тиісті заңдылыққа сәйкес хаттамалар толтырылады, — деді облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Батырбек Нұрбайұлы.
Тасжолдың сапасына алаңдаған аудан әкімдігі карьер маңындағы кәсіпкерлерге де талапты күшейтпек.

–Кәсіпкерлердің өздерінде салмақ өлшеуіш құралдары болуы қажет және сол арқылы артық инертті материалдар тиелмеуге тиісті. Осы мәселе бойынша кәсіпкерлермен де түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Бірақ, олар бұл талапты тиісті деңгейде орындамай отыр. Сондықтанда рейдттік іс-шараны күшейтеміз, — деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Шапағат Ғаббасов.


Айта кетейік, рейдтік іс-шара 5 қыркүйекке дейін жалғасады.