
Тәртіпті ту еткен отбасы
Мамандық таңдау – тағдыр таңдауы. Әсіресе адам өмірі мен қоғам тыныштығына тікелей жауапты салаларда қызмет ету екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейді. Бір отбасындағы үш адамның бірдей осындай күрделі де жауапты жолды таңдап, құқық қорғау саласында еңбек етіп жүргені еріксіз елең еткізеді. қалалық полиция басқармасы №1 қалалық полиция бөлімі ювеналды полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Ардақ Тасболатова бүгінде інісі және ұлымен бірге осы салада еңбек етіп жүр.

– Ардақ, полицей болу туралы шешімді қалай қабылдадыңыз? Оған не түрткі болды?
– Әр адамның бала кезінен жүрегінде жатталып қалатын сәттері болады. Нағашыларымның нысанды киіммен үйге келіп жүретіні менің есімнен кетпейді. Олардың әскери тәртіппен киініп, сымдай тартылып тұрған кейпіне балалық іңкәрлігім оянғанын жасырмаймын. Содан бастап сондай қызмет атқарып, елге қызмет етуді армандай бастадым.
Кейін осы қызығушылық санаға әбден орнығып, шынайы мақсатқа айналды. Мектепті аяқтаған соң құқық қорғау саласына бет бұруым да бала күнгі армандардың жалғасы еді. Полицей болу – мен үшін жай ғана жұмыс емес, бұл – тәртіп пен тыныштықты күзету, адамның амандығы үшін жауапкершілік жүктеу. Бүгінде осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, қоғамға пайдалы қызмет атқарып жүргеніме қуаныштымын.
– Сіздің отбасыңызда үш адамның бір мезгілде осы салада қызмет етіп жүруі ерекше жағдай. Бұл сіздерге қалай әсер етеді?
– Әрине, мұндайға адамның жаны сүйсініп, мерейі өседі ғой. Біріншіден, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Кезекшілік, қызметтегі жауапкершілік, оқыс жағдайлар – мұның бәрін сырттай түсіну қиын. Ал біз үшін ортақ құндылықтар мен қызметтік тәртіп үйдің күнделікті әңгімесіне айналған. Қандай қиындық болса да, қолдау көрсетіп, бір-бірімізге демеу боламыз. Бұл отбасымызда сенім мен түсіністікті нығайтады. Сонымен қатар, бұл салада еңбек етіп жүргенде артыңда өз ісіңнің жайын білетін, сені шын түсіне алатын отбасыңның бары – үлкен күш. Сол себепті, біздің отбасымыздағы бір салаға деген адалдық пен ортақ көзқарас өзімізге де, қоғамға да пайдасын тигізіп отыр деп ойлаймын.
– Кәсіби қызмет пен отбасылық өмірді қалай үйлестіресіздер?
– Бұл салада қызмет ету зор жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Жұмыстың тұрақты уақыты жоқ, кезекшілікке шығамыз, төтенше жағдай бола қалса дереу әрекет ету қажет.
Соған қарамастан, отбасы мен қызметтің ара қатынасын реттеуге тырысамын. Әрқайсысының өз орны бар. Уақытты дұрыс жоспарлап, отбасыма көңіл бөлуге, балаларымның тәрбиесін назардан тыс қалдырмауды үнемі естен шығармаймын. Өйткені, жақындарымның қолдауы мен үшін ең үлкен мотивация. Ал қызметтік міндетімді адал атқару – азаматтық парызым. Қиындығы көп сала болғанымен, екеуіне де үлгеруге болады, тек ниет пен тәртіп қажет болуы тиіс.

Полиция майоры Жанболат Тасболат
– Бір-біріңізге жұмыста кеңес беретін кездер бола ма?
– Әрине, ондай сәттер жиі болады. Қызмет барысында бір-бірімізден үйренетініміз көп. Кейде бір мәселені інім Жанболат пен ұлым Ерлан өзге қырынан көріп, жаңа көзқарас ұсынады. Тәжірибе алмасып, білмеген тұстарымызды бір-бірімізге түсіндіріп, көмектесіп отырамыз.
Мұндай қолдау – біздің жұмыстың бір бөлігі. Бір салада жүрген соң, өзара сенім мен ашық әңгіме өте маңызды. Біз де сол қағиданы берік ұстануға тырысамыз.
– Кәсіби тұрғыда бір-біріңізден үйренген нәрселеріңіз бар ма?
– Қызмет барысында бір-бірімізден үйренгеніміз өте көп. Олардың да тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі – мен үшін үнемі үлкен мектеп. Мысалы, біріміздің адамдармен қарым-қатынас жасаудағы икемділігіміз, енді біріміздің қиын сәтте жылдам шешім қабылдай білу қабілетіміз тәжірибеге де әсер етеді. Кейде қатардағы жай бір әрекетіңнің өзі әрқайсымызға үлгі болуы мүмкін. Сондықтан бұл қызметте әр күн жаңа бір сабақ, әр жағдайдан өзіңе қажет машық-дағды жинайсың. Бастысы – бір-бірімізге ашық болып, қолдау көрсетіп отыру. Осындай ортада кәсіби жағынан ғана емес, адам ретінде де өсе түсесің.

Полиция аға лейтенанты Ерлан Нұрлан
– Ініңіз бен ұлыңыздың осы мамандықты таңдауын қалай қабылдадыңыз?
– Інім мен ұлымның полиция қызметін таңдағанына қуандым. Оңай емес, жауапкершілігі де, тәуекелі де көп сала екеніне қарамастан, олар өз таңдауын жасап, қоғамға пайдасын тигізгісі келетінін көрсетті. Мен бұл шешімдеріне құрметпен қарап, қолдау білдірдім. Әрине, ана ретінде уайымдаймын, бірақ олардың қызметіне деген сенімі мені де жігерлендіреді. Ең бастысы – адал, әділ жолда жүрсе екен деймін.
– Әйел-ана ретінде бұл салада қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?
– Жасыратын не бар, түнгі уақытта жұмыс істеу қиын. Отбасым, балам бар дегенмен, кейде оларды тастап, кезекшілікке шығуға тура келеді. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – күрделі әрі жауапты іс. Мәселен, бірде түнгі рейд кезінде жасөспірімдердің топтасып төбелесіп жатқанын анықтаған соң жедел түрде әрекет етіп, оларды бөлімшеге жеткіземіз. Ата-аналарын шақырып, түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Мұндай сәтте тәртіп сақшысы ғана емес, ана ретінде де әрекет етуге тура келеді. Кейде баламен ашық сөйлесіп, дұрыс жолға бағыттау үшін аналық мейірім де қажет. Бұл қызметтің салмағы ауыр, бірақ жастардың болашағы үшін еңбек етудің маңызы зор екенін түсінемін.
– Қауырт қызметіңізге қарамай, сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге бек рақмет!
Полицей болу тек қызмет емес, бұл – өмір салты. Ардақ Тасболатованың таңдаған жолы – тәртіп пен әділдікке, қоғам игілігіне адалдықтың үлгісі. Қоғам тыныштығы үшін тынбай еңбек етіп жүрген осындай мамандар шын мәнінде құрметке лайық.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ