
Тарифтік сметаны орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды
Тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсетуші табиғи монополия субъектілері тарапынан бекітілген тарифтік сметаның орындалмауы салдарынан осы саладағы заннама талаптарының бұзылуына жол беріледі. Өткен жылдың қорытындысымен мұндай кемшіліктер облыс орталығындағы «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нде орын алды. Мұндай дерек құзырлы құрылымның жүргізген тексеруінің нәтижесінде анықталды.
Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің сөзінше, 2023 жылға бекітілген тарифтік сметалардың орындалуы туралы есептеріне жасалған талдау қорытындысында аталған кәсіпорында тарифтік сметада амортизациялық аударымдарға бағытталған қаражаттың мақсатты пайдаланылмай, бекітілген тарифтік смета шығындарының көзделген мөлшерден айтарлықтай кем, нақтысын айтқанда, 5 %-дан астамы орындалмаған.
Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 26-бабының 2 тармағының 15-тармақшасына сәйкес, табиғи монополия субъектісі бекітілген тарифтік сметаны орындауға міндетті. Алайда «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің реттеліп көрсетілетін қызметінде серіктестіктің қамтуындағы «Нұрсая» шағынауданы бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерге қатысты жоғарыда баяндалғандай жайлар орын алып отырғанына көз жеткізілді. Серіктестік басшылығының салғырттыққа салынып, жауапсыздық танытуынан заңнама талаптарының өрескел бұзылуына жол беріліп отыр. Осылайша негізсіз есепке алынған кірістің жалпы сомасы 29 млн. 266 мың теңгені құрады.
–Ал Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің есебімен алғанда бұл сома 33 млн. 729 мың теңгеге жеткен. Осыған ұқсас кемшілік cондай-ақ, «Жұлдыз» шағынауданы бойынша да орын алды. Мұнда да тарифтік смета шығындары баптарының бекітілген тарифтік сметада көзделген мөлшердің 5 %-дан астамы орындалмаған. Сөйтіп негізсіз алынған кірістің сомасы 134,7 млн. теңгені, ал Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесін ескершен жағдайда жалпы 155,3 млн. теңгеге тұрақтады, — деді департамент басшысы.
Осы олқылықтардың орнын толтырып, ахуалды қалыпқа келтіру мақсатында департамент 2025 жылдың 1 наурызы және 2026 жылдың 28 ақпаны аралығындағы мерзімде «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің қамтуындағы «Нұрсая» шағынауданы бойынша реттеліп көрсетілетін жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметіне уақытша өтемдік тарифті 2 мың 142 теңге /Гкал (ҚҚС-нсыз) көлемінде бекітті. Бұған дейінгі қолданыстағы тариф 3 мың 500 теңге /Гкал ( ҚҚС-нсыз) мөлшерінде болған. Соның есебінен алдағы бір жыл мерзімге арналған тариф 38,61%-ға төмендетілді. Сондай-ақ Жұлдыз шағынауданы бойынша тариф қолданыстағы 3372 теңгеден есепке 3296,5 теңгеге немесе 2,24%-ға төмендетілді.
Осындай деректерді алға тартқан табиғи монополияларды реттеу дерартаменті басшысының айтуынша, сонымен қатар, «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-не тарифтік сметаны орындау жөнінде жіберген кемшіліктері бұзушылықтары үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 164-бабының 4-бөлігімен жалпы сомасы 2 млн. 202 мың теңге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сөйтіп екі әкімшілік іс бойынша салынған айыппұлдың 50%-ы заң талабына сай жеті тәулік ішінде мемлекет пайдасына өндірілді.
Дәулетқали АРУЕВ