Стоп граффити!
Халықаралық Жастар күніне орай облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Жаңа уақыт» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Atyrau Jastar Fest — 2024» он күндік аясында «Стоп граффити» акциясы өтті.
«Жаңа уақыт» қоғамдық қор бірлестігінің еріктілері, облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қалада синтетикалық есірткі сататын дүкендердің интернет-сілтемелерінің және мекенжайлары жазылған жазуларды бояды.
– Атаулы күн аясында өткен есірткі жарнамасын жою шарасына қатыстық, өйткені бұл жазулар зұлымдықты жарнамалайды. Әрбір адам осындай маңызды шараларда төбе көрсетіп, белсенді болғаны абзал, — деді мектеп оқушысы Адия Жалғас.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, рейдтік іс-шаралар нәтижесінде есірткі сайттарын жарнамалайтын 30-дан астам граффити жойылды. Биыл заңсыз есірткі заттарының жарнамасы бойынша үш факт тіркелген. Осыған орай ҮЕҰ-мен бірлесіп 44 рейд жүргізілді, оған 355 ерікті қатысқан.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Сурет pricom.kz